Жаңалықтар

Ұлттық интеллигенциядағы Ырғыз өңірінің рөлі

Қазақстан Республикасының президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты кезекті жолдауында ұлттық интеллигенцияның рөлі туралы айтылған болатын.
03.03.2014 04:19 8398

Қазақстан Республикасының президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты кезекті жолдауында ұлттық интеллигенцияның рөлі туралы айтылған болатын. Осы орайда ұлт интеллигенциясының қалыптасуына септігін тигізген ел зиялыларының еңбегі ойға оралады. Ұлттық интеллигенцияның жай-күйі турасында біраз айтылып, жазылған болатын. Қалыптасу негізіне де ел ағалары барлау жасап, бағамдап бергенді.

Интеллигенция латынша зерделі, ұғымды деген мәнде айтылады. Ал қазақы болмыста, интеллигенцияны «зиялылар» немесе «зиялы қауымдар» деп айтылып жүр. Жалпылама қазақ сахарасындағы зиялылық турасында сөз қозғамас бұрын, көз көріп, құлақ естіген туған өлкедегі ұлттық интеллигенция жайына тоқталмаққа бекіндім. Болмысыма жақын, кіндік қаным тамған топырағымның зиялы қауым қалыптастырудағы рөлі қанша деген сұраққа жауап іздеу барысында, өңірдегі ұлт интеллигенциясын сөз еткенді жөн көрдім. 1968 жылы Ақтөбе облысына келген бір сапарында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сол кездегі Ырғыз аупарткомының бірінші хатшысы Сәндіғали Құсайыновқа: «Ырғыз тарихи жер, егер Орталық комитет Ырғыздың экономикасы мен мәдениетін дамыту жайлы қаулы алса, қалай болар еді», - деп шуақты лебізін білдірген еді. Сол ықыласты ниеттің арқасы өңірдің өркендеуіне өз септігін тигізді. Тарихи жердің оқу-ағарту ісі мен интеллигент қалыптастырудағы орнын айқындау ұрпақ парызы болар деп білдім.

«Біз әуелі елді түзетуді – бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» - деген болатын алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов. Оқу ағарту ісінің туған өңірдегі, Ы.Алтынсарин негізін қалап білім шырағын жаққан Ырғыз жеріндегі білім беру ісінің жолға қойылып, қарқындай бастауы сол кезеңдегі ұлт интеллигенттерінің ерен еңбегі болатын. Ақтөбе өңірінде алғашқы болып 1864 жылы 25 қазанда бастауыш қазақ мектебі ашылады. Бұл мектептің мұғалімі болып Орынбор шекаралық комиссиясының мектебін Ы.Алтынсаринмен бірге бітірген Шахмұрат Құлыбеков қызмет істейді. Осыдан кейін өлкеде үкіметтің саясатын, ғылым, білім, мәдениетін нақтылы оқыту қажеттілігінен Ы.Алтынсариннің ықпалымен Ресей Халық ағарту Министрінің 14 сәуірдегі №4146 жарлығымен Ырғызда 1879 жылы арнайы штат беріліп, екі кластық орыс – қырғыз училищесі ашылады. Мұнда қазақ, орыс балалары бірігіп оқитын болып, училищеге алғаш рет 26 қазақ, 28 орыс, 2 еврей балалары қабылданады. Халық ағарту министрлігінен 460 сом, Ырғыз қалалық қоғамынан 800 сом, жыл сайынғы жиналатын салық есебінен төленетін болып 1400 сом, жалпы соммасы 2620 сомды құрайтын қаражат училищені қаржыландыру барысында бөлінеді. Ырғызда мектеп үйін сатып алу үшін 4000 сом бөлінеді, ал заман талабына сай мектеп салу үшін 20 мыңнан 40 мың сомға дейінгі қаржы керек болады. Уақыт тығыздығына байланысты уақытша деп мектеп үйі үшін 4000 сомға әзір тұрған үй сатып алынып, пайдалануға беріледі. Қазақтардың жеке берген қаражаты мен қауым қаржысы және Ы.Алтынсариннің ізденіп елден жинаған ақшасымен мектеп үйіне парта, стол тағы басқа жабдықтар, оқу құралдары алынады. Мектепке Қазан оқушылар семинариясын бітіргендер мұғалім етіп алынады.

1887 жылы 15 қыркүйекте Ырғыз қалалық бір кластық қыздар училищесі ашылып, онда 17 қыз қабылданады. Бір жылдан кейін осы мектеп жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат үйі ашылады. Интернаттағы оқып жатырған қазақ қыздарына сол кездегі Ырғыз қаласының зиялылары ерекше қамқорлықпен қарайды. Әсіресе Сұлтан Әлмұхамбет Сердалин мен уез бастығының әйелі Гайжевская қазақ қыздарының тілді меңгеруіне, сабақ үлгеріміне, киім-кешегіне, өзге ұлттармен етене жақын араласуына көп көмек еткен. Бұл ел қамқоршыларының ұлт санасын оятып, ұлт интеллигентін қалыптастыру барысындағы игі істерінің бір парасы ғана.

Шалғайда жатқан Ырғыз қаласында осы оқу орындарын ашуға тұңғыш педагог – ағартушысы Ыбырай Алтынсарин белсенді араласты. Ы. Алтынсарин секілді ұлт зиялысы болмағанда елдің ертеңі не боларын кім білсін, қазірде дәл сондай сананың улануына жол бермейтін, көш ілгері жылжуға ықпал етер ұлт интеллигенттерінің керегі айқын. Себебі, патша үкіметі елді оқыту, сауаттандыру мақсатында емес, халық тілін меңгерту барысында ғана оқытуды қолдаған болатын. Жанашыр зиялылардың арқасында қырағы көз қазақ жұртшылығы ілгерілеу жолында болып, өзіндік бағдар ұстанды. Қазірде ғаламдану заманы деп, ұлттық болмысты жоғалтып алмай ұлттық интеллигенцияны сақтап қалу ел жастарының еншісінде.

Дәл осы оқу орындарынан халыққа адал қызмет еткен Ырғыз өңірінің бірнеше саналы азаматтары тәрбиеленіп шығады. Бөлебай Сарбатыров, Мұхамед-Рахым Сәтбаев, Медіресін Тереков, Жәнет Сүгірбаев, Мұса Дайрабаев, Алман Әзірмәмбетов, Ахмет Тұңғашин, Әбіш Тойбазаров, Төлепберген Хасанов, Таран Беркінбаев, Сержан Шонанов, Төлепберген Серғалиев, Нұркен Оразымбетов, Ахметжан Кәдіров, Ұзақбай Құлымбетов, Бәймен Алманов, Теңізбай Баймурзин, Әли Сарсенбин т.б. зиялылар кейін Ресейдің және шет елдердің жоғарғы оқу орындарын бітіріп, халық шаруашылығының түрлі салаларында абройлы еңбек етті.

Тарихтың тәліміне жүгінсек, жер мен елдің аты мен даңқын шет жұртқа жаятын халқы таныған тұлғалары. Бұл өлкенің де жұлдызы биіктен көрініп, заманының толқынына ілескен, жарқырап туған перзенттері болған. «СССР оқу ісінің үздігі атағын Сақыш Нұрманов, Лида Қожабаева, Сейілхан Оразымбетов иеленсе, аудан бойынша жүздеген ұстаз «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» атағын алған. Мектептің атын да, елдің атын да талантты тұлғалар шығарады. «Ердің атын – ел шығарады, елдің атын ері шығарады» - деп тегін айтылмаған.

Ырғыздың ғылым жолына өмірін арнаған көл перзенттерінің бірі 1946-47 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитеті жанындағы насихатшылар ректоры, қазақ ұлтынан алғашқылардың бірі болып экономика ғылымдарының докторы атағын алған профессор Серғали Толыбеков, қазақтың тұңғыш кинооператоры Файзолла Әбсәлемов, биология ғылымының докторы Әбдіқадыр Сәрсенов, техника ғылымының докторы Мырзағали Төлегенов, медицина ғылымының докторы Асылбек Төлеуов, педагогика ғылымдарының докторы Аймағанбетова Қазына, Қуандық Ералин тағы басқа ғылым докторлары мен көптеген ғылым кандидаттары Ырғыз жерінің топырағына аунап, суына шомылып, білім бұлағына сусынданғандар. Қазірде Ы.Алтынсарин негізін қалаған заман талабына сай жабдықталған мектепте мыңға жуық оқушы тәлім алуда. Жыл сайын ҰБТ бойынша жоғарғы жетістіктерге жетіп, алтын белгі иегерлері де тәрбиеленіп шығуда.

1883 жылы күзде Ырғызда Ы.Алтынсарин 300-400 дана кітабы бар кітапхана ашқан. Ол қазақ даласындағы алғашқы халықтық кітапхана болған. 1900 жылы Ырғыз қаласында қалалық қоғамдық кітапхана, қазыналық әскери кітапхана халыққа қызмет еткен. Кейін 1905 жылы Ырғыз қалалық кітапханасы ашылады. Сонымен қатар 1992 жылы өткен дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында Ырғыз ауданы арнайы киіз үй тігіп, қонақ қабылдап, елдігін танытқан. Бұл да ұлылықты ұстанған, ел зиялыларының бір жетістігі деп білеміз.

Еңбегімен ел құрметіне бөленген Ырғыз өңірінің ұлт интеллигенттерінің қатарын тағы бір толықтыруды жөн санап, елден шыққан жазушы ағамыз Өтебей Қанахин, Қуандық Шаңғытбаев пен сықақшы жазушы, журналист Үмбетай Уәйдаұлынан бастап ерен еңбек иегерлеріне тоқталмақшымын.

Қазақ КСР-і мемлекеттік сыйлығының лауреаты: Садықов Бақберген, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі»: Дүкенбаева Қаным, Жарылғапов Алдан, Төшеков Мейірхан, Дайрабаев Орда, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері»: Құлыбеков Сақтаған, Құрмаева Гауһар, Сарина Рәзия; «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері»: Қарабалина Орынша; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері»: Қозиев Қазбек,Сүлейменов Әбілқайыр, Сыдықов Смағұл, Ілиясова Рысжан; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген еңбек қайраткері»: Әбсаламов Файзолла; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі»: Лидия Кәденова; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мал дәрігері Кәдірбаев Сәлетбай, Қалтаев Сәрсеналы, Қойлыбаев Әліби; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері»: Құрманалин Төлебай; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген экономисі». Шүленбаев Рашид; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кеншісі»: Дәрменбайұлы Әлсәбір; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы»: Дүзбаев Балғазы; «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі»: Тоқбаев Қолғанат. Бұл тізімді тізе салуды мақсат еткем жоқ, ұрпақ сабақтастығын аңғартқым келген. Өткен ғасыр мен ағымдағы ғасыр арасындағы рухани байланыс пен ұлттық сабақтастықтың бары байқалады. Елден шыққан зиялылар ұлт интеллигенциясының қалыптасуына өз септігін тигізбей қоймасы анық. Алғашқы ұлттық дербес құрылымдардың жасаушысы болған ұлт зиялылары жайында ой ағымына барлау жасап, сана саңылауын сараладық.

1999 жылдың тамызында елбасы Н.Ә. Назарбаев Ақтөбе өңіріне келген сапарында телебайланысқа Ырғыз ауданының әкімімен тілдесуді өзі қалап, ел жағдайынан хабардар болыпты. Көшбасшымыз ауыл жағдайына көңіл бөлу қажеттігін аудан әкіміне ескерте отырып, жол түссе Ырғызға келетінінде айтып өткен. Әрине, реті келуі де қиын іс, дегенмен ХҮІІІ ғасырда ұлы хан, қолбасшы Әбілхайыр ордасын тіккен киелі, қасиетті жерге бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының табаны тиіп, халықпен жүздесіп жатса, ғасырдан ғасырға жалғасқан дәстүр тағы бір жаңғырғандай болмас па еді?

Ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, даму негізі – ұрпақ сабақтастығында, тәрбие тереңінде, тамыры берік руханилықта деп білемін. Кешегі Ыбырай атамыз бастаған білім жолы, қазірде кемелдену үстінде. Дамыған мемлекеттер қатарына осы білімдік, біліктілік қаруымен қадам баса алатынымыз айғақ. Ұлт санасын оятуда ұлттық интеллигенцияның алар орны орасан. Ұлттық идеяны асқақтатар ұрпақтарымыз көп болып, елдігіміз бен ерлігімізді сақтап, ынтымақ, бірлікте болуға жазсын.

Динара Көбентаева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға