Жаңалықтар

Қазақстан мен Қатар басшылары қандай келісімдер жасады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни арасындағы бүгінгі жүздесу де келешекке кемелді келісім, бұғаналы бетбұрыс болса керек.
Қазақстан мен Қатар басшылары қандай келісімдер жасады?
Фото: Ақорда 12.10.2022 18:15 3328

ХХІ ғасырдың даму қарқыны күшті. Демек, заманның өзі жаңа бір бетбұрыстарды талап етіп отыр. Одан тартынсаң табысың аз, экономикаң екпінсіз. Яғни, бәсекелестікке қауқарсыз елдің ортақ құдықтан тартар қауғасы қашанда орта.

Демек, бізге дамыған елдермен келісім керек. Мақсат біреу, еліміздің еншісіндегі несібені еселеу. Рас, Қазақстан тәуелсіздік жылдары талай соқтықпалы соқпақсыз жерден өтті. Кері кеткен жоқ, керісінше өсті, өрледі. Келешегі зор жаңа жобаларды жүзеге асырды. Салиқалы саясаттың арқасында көп мемлекеттен озды, озбағанына қолын созды. Бірақ, оған мастануға болмайды.     

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни арасындағы бүгінгі жүздесу де келешекке кемелді келісім, бұғаналы бетбұрыс болса керек. Президент баспасөзінің хабарлауынша, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа барынша назар аударды. Орынды. Дәуірдің діттегенін тап басып, экономикалық дамудың жаңа бағыттарын іздеген ел ғана ұтады.  Қазақстан мен Қатар арасындағы келісім ел экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Өйткені Қатар елі әлемдік қаржы-экономикалық жүйеге әбден бейімделген, жаһандық бәсекелестікке қабілеті күшті мемлекет. Қазіргі күні Қазақстанның әлеуеті көп елден көш ілгері десек те, Қатардың әлеуметтік жағдайымен санасу қажет. Халықтың әл-ахуалы ауқатты елдің экономикасы да еңселі болмақ. Біздің басты мақсатымыз Қазақстанның кемелді келешегін қалау. Адам құқығын құрметтеу емес пе. Ендеше экономикалық ықпалдастықтан қашпауымыз керек.

Мемлекет және қоғам қайраткері Аманжол Сейітжановтың айтуынша, экономикалық қарым-қатынас қай заманда болмасын мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне аса қажетті шарттардың бірі.

«Ешбір экономика тұйықталып, өзінен-өзі дами алмайды. Оған кеңістік керек, оған қарым-қатынас керек. Дамудың жаңаша бір сатысына көтерілу үшін жаңаша бірігу керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде Қазақстан мен Қатар арасындағы ықпалдастық өте маңызды. Бұл келісім халқымыздың әл-аухатын, еліміздің экономикасының қуатын бекітуге күш салатын жолдардың бірі деп санаймын», - дейді Аманжол Сейітжанов.

Әлемдегі интеграциялық үдерістер ешқашанда бір тұлғаның мүддесін көздеген емес. Бұл екі елдің өзара келісімі, бірін-бірі қолдауы. Мақсат, ықпалдаса отырып ырысын молайту. Яғни, елдің жан-жақты дамуындағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктерді кеңейту.

Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сағынтай Елубаевта осыны айтты.

«Біздің экономикамыздың өзі өзгеріп келе жатыр. Кеңес заманында өндіріс орындарының монополиялық және жетекшілік түрлері басым болса, қазір шағын бизнестер басымдылық алып отыр. Осы тұрғыдан келгенде шағын бизнеске бұл келісім көрік берері анық. Екіншіден, Қазақстан негізінен шикізат шығаратын ел. Біздің мұнай-газымыз, энергетика көздері, металлургия, тау-кен қазбалары. Осымен айналысатын ірі компанияларға экономикалық жағынан тиімді», - деді Елубаев.

Шығыны аз ел өндірісін дамытуда шарасыздық танытпайды. Ол үшін әрине өзге мемлекеттермен мықты қарым-қатынас керек. Өйткені, қандай ғылыми әлеуетке ие болғанымен бірде-бір ел жалғыз шауып әлемдік техникалық прогреске ілесе алмайды. Сондықтан да екі ел арасындағы келісім екі мемлекеттің де интеграциялық өрісін кеңейтері сөзсіз. Жаһандық сын-қатердің алдын орап, даму көшінің несібесін еселейтін ықпалдастық экономикалық дамудың жаңа бір белестеріне қол жеткізері анық.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға