Жаңалықтар

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

8 наурыз қарсаңында оқырмандарымызды әр салада үздік нәтижеге жетіп жүрген қазақтың нәзік жанды қыздарымен таныстырамыз
06.03.2015 06:40 10594

8 наурыз қарсаңында оқырмандарымызды әр салада үздік нәтижеге жетіп жүрген қазақтың нәзік жанды қыздарымен таныстырамыз. Бүгінгі мақаламызда "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты, АҚШ-ғы Қазақстан студенттері Альянсының белсенді мүшесі, Лос-Анджелестегі Оңтүстік Калифорния университетінің студенті Талшын ТОҚЫЖАНОВА туралы айтатын боламыз.

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

Сәлем, Талшын. Қысқаша өзіңіз жайлы айтып кете аласыз ба?

- Сәлем! Өзімді тәуелсіз Қазақстан Республикасымен түйдей құрдас, ойын да, жанын да еркін ұстауға тырысатын жаңа буынның қатарынанмын деп санаймын. Әзірге өзім жайлы мағлұматым да қысқа, өзімнің көп құрдастарымдай өмірім жалпы “шаблон” бойынша өтіп жатқандай. 2009 жылы орта мектепті “Алтын белгіге” аяқтағаннан кейін, Қазақстан­-Британ техникалық университетінің бұрынғы Қаржы ­экономикалық факультеті, қазіргі Бизнес мектебіне түстім. 2013 жылы университеті ойдағыдай аяқтап, “ағымдағы жылдың түлегі” категориясы бойынша Болашақ халықаралық стипендиясының иегері атандым. Ағылшын курстарын АҚШ-­тағы Пенсильвания университетінде (University of Pennsylvania) өтіп, қазіргі күні “Экономикалық дамуды бағдарламалау” мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын Оңтүстік Калифорния университетінде (University of Southern California) жалғастыру үстіндемін. Осылай, менің өмірім жайлы “досье” осы жерден тәмамдалады, әзірше… Бірақ осы жол бойында менімен бірге тамаша ата-­ана, тамаша отбасы, тамаша ұстаздар және тамаша достар болғанына, кезіккеніне шексіз ризамын.

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

Бакалаврды Қазақстанда оқыпсыз. Студенттік жылдарыңыз қалай өтті? Сүйіп шұғылданған ісіңіз болды ма?

- Орта мектептен кейін, әр нәрсенің оңы мен солын ажырата қоймаған, Қазақстанның экономикасы мен жалпы бет­бейнесі жайлы ешқандай хабары болмаған маған университет жылдары көп көмегін тигізді. Сондықтан да бакалавр дәрежесін өз елімізде алғаныма өте қуаныштымын. Өзімді және өз ортамды көбірек зерттеуге, жанымдағылардың немен тыныстайтынын ұғынуға, қарапайым ұғымдарды еліміздің мысалында түсінуге жол салды. ҚБТУ маған идеялас, армандарымыз ұқсас, білімдері мен қабілеттерін күн сайын арттырып, машықтандыра түсетін, жанындағылардың “керегіне жарағысы келетін” тамаша достар сыйлады. Олардың прогресстері мен күнделікті дағдыларына қарап, дамуға және оң жаққа қарай өзгерудің еш лимиті жоқ екенін түсіндім. Қиялыңа қиял, арманыңа арман қосқан жандар болғанда, қанатың да талмасы анық. Әсіресе, университеттегі Интелектуалды дебат клубының (IDC) бір бөлімі ­ қазақ лигасының менің жүрегімде алар орны ерекше. “Әділдік. Бірлік. Нәтиже.” деген сөздер бізге жалын берген ұранымыз болатын. “Әркім өз саласының ең мықты маманы болуы тиіс” деп серт те берген едік. Қазіргі күні олардың көпшілігі ­ еліміздің әр түкіпірінде өзі уәде еткен салаларында жұмыстарын бастап жатқан жас мамандар. Олардың тілеулестері болып, ғаламтор арқылы алыстан “жылы­жылы” хат жолдағанды жақсы көремін.

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

 - Сол кездерден есіңізге түсетін тағы қандай жетістіктеріңіз бар?

- Маған біраз пікірсайыс жарыстарының үздік спикері және екі республикалық турнирдің бірінші орын иегері болу бақыты бұйырыпты. Сонымен бірге, қазақстандық жоғары оқу орындарының экономика мамандықтары бойынша 3­4 курс студенттерінің арасында өткізілген "Жас сарапшы­2012" республикалық байқауының екінші орын иегері болған кез де есімде бар. Ең қызығы, сол жылы алғашқы үш орынды ең жақын үш досымыз өзара бөліскен едік, біз оны “достықтың магиясы” деп әзіл етеміз. 2013 жылы Германияда жыл сайын өтетін World Business Dialogue атты бизнес мамандықтарында оқитын студенттердің ең ірі конференциясына әлемнен таңдалған отыз студенттің бірі болып, “shared economy” саласында арнайы жоба жасауға қатыстым. Одан бөлек Жаңа Зеландияда ұйымдастырылатын Global Enterprise Experience атты кәсіпкерлікке байланысты әлемдік сайыста өзге елдердің студенттерінен құралған топтастарыммен бірігіп, алғашқы бестікке ендік; сол жолы “Highly commended global team award” номинациясын иемденгенбіз.  

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

- «Болашақ» бағдарламасының емтихандарын тапсыру кезіндегі тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Әр емтиханның ерекшелігін және қалай дайындалғаныңыз туралы айтсаңыз.

-  Кез келген Болашақтық студент ретінде сынақтың барлық кезеңдерінен өттім. Меніңше, мен үшін ең маңызды болған кезең ­ Болашаққа дейін құжат дайындау кезеңі болар. Себебі, егер стипендия иегері атанып жатсам, ағымдағы жылдың түлегі ретінде студент­ университет ­Болашақ арасындағы үш жақты келісімшартқа отыру керек болдым. Бұл өзім бітірген ҚБТУ­ға шетелдегі магистратура бағдарламасын аяқтағаннан кейін, жұмысқа орналасуым керектігін және университтетің мені жұмысқа алатындығына кепілдік беру деген сөз. Кафедра отырысы, одан кейін ғылыми кеңестің сараптауынан кейін ғана университет өз келісімін берді. Одан кейін, барлығы Болашақ халықаралық стипендиясының ресми сайтындa көрсетілген пункттер бойынша жүрді. Менің ағылшын тілінен алынатын сынақ ­ IELTS­ тан сертификатым болғандықтан, ағылшын тілі тестінен босатылдым. Одан кейін қазақ тілі, психологиялық тест және соңғы жеке интервью бөлімі болды. Ал кейін, АҚШ­қа ағылшын тілі курсына келіп, магистратураға өтініш тапсыру кезеңім ­ ол бөлек оқиға. Экономика мамандығына түсу үшін ағылшын тілінен TOEFL және академиялық дайындықты тексеретін GRE тесттерін тапсырдым. Ағылшын тілінен IELTS тапсырсаңыз да болады; университеттердің көпшілігі қабылдайды. Маған америкалық ағылшын тілі жақын болғандықтан, таңдауым TOEFL­ге түсті. Алайда тесттерден жақсы ұпай жинау ­ жұмыстың тек жартысы ғана. Әрбір университетке арнайы Statement of Purpose, яғни неге осы университетке түсуді қалайтыныңызды және неге сізді таңдау керектігін негіздеп, дәлелдеп беруіңіз керек. Әрбір университет өзінің арнайы ережесін, қалай жазылу керектігін талап ретінде көрсетеді, соны мұқият зерделеу керек. Маған бұл процестің ең ұнаған жері ­ университеттерге құжат тапсыру кезінде әр бағдарламаны толық зерттеп, профессорлардың қандай салада зерттеу жасап жатқанын және т.с.с барлығын біліп, хабардар боласыз. Бұл мағлұмат саналы таңдау жасауға, ең бастысы өз қажетіңізге қарай таңдау жасауға үлкен мүмкіндік береді.

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

- Университетте қандай студенттік ұйымдарда мүшесіз? Қызықты оқиғаларыңызды айтып берсеңіз. Оқу барысының қай тұстары ұнады?

- "Болашақ" стипендиаты ретінде Оңтүістік Калифорния университетінде магистратура бағдарламасын бастағаныма аса көп уақыт бола қойған жоқ; оқу процесінің алғашқы баспалдақтарында жүрмін десем де болады. Оқу бағдарламасын әрбір студенттің қажетіне қарай ыңғайлап, өзіңе керекті білімді алу концепциясы маған өте ұнады. Мен білім алатын кафедра экономиканың әр саласын қамтитын таңдау пәндерінінің үлкен жиынын ұсынады; онан бөлек университеттің өзге бөлімдерінен де сабақ алуға болады. Мәселен, қазіргі күндері мен өз мектебімнен бөлек, USC Sol Price School of Public Policy­ден “Экономикалық әсерді талдау” (Economic Impact Analysis) пәнін таңдап алып, оқып жатырмын. Осы күндері сабақтан бос уақыт кезімде алып ұшып жүгіретін жұмысым тағы бар. Университетім өзі орналасқан аудандағы бірнеше орта мектептерге көмегін тиізуге, қол ұшын беруге тырысады. Сондай жобаның бір бөлігі ретінде бастауыш мектеп оқушыларына математика пәнінен қосымша мұғалім ретінде қызмет етемін. Алғашқы күні уақытты дәл есептей алмай қалып, мектепке қарай жүгіргенім бар­ды. Ентігіп, “Натали қайда” деп оқушымды іздеп жүрсем, сыныптағы бір оқушы “Сіз қорқып тұрсыз ғой!” демесі бар ма?! Қандай сезімталдық! Сол секундтан бастап оқушылардың менің әр қимылымды тұп­тура көшіретінін ескеріп, өзімді ересек адам сияқты аса сенімді ұстай білу керек екендігін түсіндім. Сәл бір қателік жасауға болмайтынын ұқтым. Әзірше мен үшін бұл тамаша мүмкіндік болып тұр; оларға сабақ беру арқасында американың мектептегі білім беру жүйесін, жергілікті жердің мәдениетін біле түсуге, өзімді ары қарай күнделікті шыңдауға үлкен жол ашылғандай. Мектеп кезінде барлық сыныптастарымның беске оқуын армандаған маған, өзімнің “кішкентай ­ арманымды” іске айналдырар жаңа күн туғандай. (Күліп)​Сонымен бірге университтегі магистратура және докторантура студенттері үкіметінің (Graduate Student Government) мүшесімін, Швейцарияда сәуірде өтетін бизнес, кәсіпкерлікке байланысты стартап саммитінің (START Summit 2015) кампустағы өкілімін, тұрақты жарнамалаушысымын. Егер сізге қызық болса, сайттарын тексеріп көріңіз; сұрағыңызға жауап таппасаңыз мен әрқашан көмекке даярмын.

Калифорния университетіндегі қазақ қызы

Менің ұққаным, ешқашан ешкімге асыл армандарыңызды “ұрлатпаңыз”. Егер жүрегіңіздің түбінде жатқан асыл армандарыңыз болса, сырттағылар сенбеді екен деп жоғалтып алмаңыз.

- Мектеп түлектеріне, білім іздеген жастарға қандай кеңес бере аласыңыз? (мамандық таңдауда, оқу барысында қиындыққа жолықса)

- Менің ұққаным, ешқашан ешкімге асыл армандарыңызды “ұрлатпаңыз”. Егер жүрегіңіздің түбінде жатқан асыл армандарыңыз болса, сырттағылар сенбеді екен деп жоғалтып алмаңыз. Джон Кеннеди айтатындай "Бізге ешқашан өмірде болмаған нәрсені армандайтын адамдар керек". Арманыңыздан адаспаңыз, ол сізге тұманды күндері жол көрсетер белгі болсын, қараңғы түндері жарық беретін шырақ болып жансын. Ол ойыңызда сан мыңдаған күмән болғанда, өз ойыңызбен алысып, дұрыс жауап таппағанда оң мен солды ажыратып, салмақтайтын таразыға айналсын. Өз ерекшелігіңізді табыңыз, бүгін кешегіден қарағанда мықтырақ, жақсырақ, мейірімді болыңыз. Өзіңіздің ғана емес, шамаңыз келсе жаныңыздағылардың жұлдыздары жарқын болуына жалын беріңіз. Мен де солай болуға тырысып бағамын…


Сұхбаттасқан Айрис КИМ

Өңдеген Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға