Жаңалықтар

Өмірден өткен Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында не айтты?

Өмірден өткен Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында не айтты?
Фото: видеодан алынған кадр 22.11.2024 11:50 41359

Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова былтыр көлемді сұхбат беріп, жолдасының өмірі, таныстығы,. бірге өткізген жылдары туралы айтқан еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

- Заманбек Нұрқаділовпен қашан үйлендіңіздер?

- Нұрбике Нұрқаділова: Зәкеңмен студент кезімізде үйлендік. 27 жыл бірге тұрдық. Құдайға шүкір, екі баламыз бар. Қайрат 4-ші курста оқып жүргенімде дүниеге келді, одан кейін Құралай өмірге келді. Екеуіне де жақсы тәрбие бердік. Кейін түрлі жағдай болып, екеуіміз ажырасып кеттік. 1965 жылы үйленіп, 1995 жылы ажырастық. «Балаларың үшін, халқың үшін аман жүр» деп шығарып салдым.

- Ұлдарыңыздың атының өз тарихы бар екен...

- Мен ЖенПИ-де физика-математика факультетінде оқыдым. Физика, математика деген жеңіл пән емес қой. Мүмкін, мінезім де ауыр болған шығар. 27 жыл бірге тұрдық. Қолымда енем болды. Екі бала өмірге келді. Қайратты төртінші курста өмірге әкелдім. Студенттердің баласы болды. Атын Қайрат деп қойған да жолдастарымыз. Сол кезде бәріміз «Қайраттың» ойынын көретін едік. Тимур Сегізбаев сияқты болсып деп қойды атын. Құралай келді өмірге.

- Заманбек аға қанша қалың мал төледі?

- Ол кезде Зәкеңнің маған беретін қалың малы да жоқ болатын. Заман сондай болды ғой. Екеуміз де студентпіз. Бізде махаббат пен кедейлік болды. Ал қазір барлығы есеппен үйленетін болып кетті ғой. Жалдамалы үйде тұрдық, Нарынқолдан туыстарымыз картоп беріп жіберетін. Студенттік степендияға өмір сүріп жүрдік.

- Заманбек Нұрқаділов Нұрсұлтан Назарбаевпен қандай қарым-қатынаста болды?

- Нұрекеңмен де, Сара апаймен де шай ішіп жүрдік. Жақсы араласатынбыз. Парадтан көреміз. Содан кейін Медеу жақтағы стадионда жарыстар болады. Сол жерге барады. Наурыз кездерінде шай ішкен суреттеріміз бар. Сөйтіп араласып жүрдік. Нұрекең Зәкеңді өте сыйлайтын. Біз де ол кісілерді қатты сыйладық. Ауруханаға барамыз. Сонда бір кабинетке Сара апа, мен барамын. Зухра апалар барады. Бізді дәрігерлер шақырып, "ауруы жоқ па" деп өткізіп тұратын. Сол жерде де амандасып жүретінбіз. Сәлеміміз дұрыс болды. Сара апамен Астанаға көшкенше араластық. Ол кісіге баға бере алмаймын. Барлығы - бұйрық. Қыздары бар, балалары бар. "Президенттің әйеліне жарамайды" деуге болмайды ғой. Ол - маған өте күнә. Жақсы жақтарын ғана айта аламын. Басқа мінез-құлықтарын көрген жоқпын. Медеу жақта басымызға су құйдық. Шынығып жүрдік. Төбемізден мұздай су құйып жүрдік. Оны Сара Назарбаева бастаған. Ол кісілер Астанаға кеткенше араластық. ...Олар біздің үйге келмеді. Наурызда кездескен кезде бір жерден шай ішіп жүрдік. Сосын ол кісі Президенттікке сайланған кезде тау жақтағы Резиденциясына бардық. Министрлер келді, депутаттар отырды. Шай іштік. Президент болмай тұрғанда онша қатынасқан жоқпыз. Президент болғаннан кейін қатынасқан. Зәкең әкім болғаннан кейін қатынастық.

- Зәкеңнің ажалы туралы көп айтыла бермейді...

- Ажалы өзінен емес. Қайратта халыққа айтып жатыр ажалы өзінен емес, өзін-өзі үш рет ататын адам емес. Ол қоянды да, торғайды да атып көрген адам емес. Мен тау жақтан шыққан адаммын деп жүретін.

- Заманбек аға неден қорқатын еді?

- Ештеңеден қорықпайтын, батыл болатын. Тік айтып, тік сөйлейтін. Колбиннің заманында облысқа келген бір бастық болды. Ол Заманбекті партияға салды, қызметінен кетіретіндей жағдайда болды. 1986 жылы студенттердің алаңға шыққан кезі. Сонда алаңда болған оқиғаны Заманбекке теледидарға шығып айту тапсырылыпты. “Қазақтың жастарын жаманда. Олар жаман нәрсеге әуес, арақ ішеді, нашар адамдар” деп айт деген көрінеді. Сөйтіп Зәкең маған келіп секретарьдің тапсырмасын айтып тұр. Мен үзілді-кесілді қарсы болдым. “Ұлың мен қызың өсіп келе жатыр. Қазақтың балалары ондай емес. Олардың тек үкімет басына қазақ басшы келгенін қалайды. Жастар бұл жағдайдың ушығып кететінін білген жоқ. Сен қожалықтың, шаруаның адамысың. Бар да, көтеріліс кезінде алаңда сынған дүниелерді қалпына келтір. “Қызметтен босатады” деп еді, қызметіңді алса алып алсын. Ертең ұл-қызың өссе ұят болмай ма?” деген едім, сол сөзіме тоқтапты. Бірақ теледидарға шығуына қарсы болдым.

- Өмірінің соңғы күндері қызына барыпты...

- Иә, Құралай қызым, мен енді жақсы әке болдым ба, жаман әке болдым ба... Кешір», - депті. Құралайдан кешірім сұрады.«Денсаулығым жоқ, денсаулығым нашар», - деген. Ол кезде қызметтен түсіп қалды ғой.«Папа, не менімен тұр, не Қайратқа қайт», - депті Құралай. «Қайтам ғой, қайтам ғой, - деген екен. Сол кезде Құралайдың офисінде түскен суреттері бар. Бұл қыркүйек айы болатын. Қарашада кетіп қалды.

Еске салайық, бүгін Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға