Жаңалықтар

Ақтөбеде жылқы тұқымын асылдандыру мәселесі талқыланды

Ақтөбеде жылқы тұқымын асылдандыру мәселесі талқыланды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 29.11.2024 21:46 376

Ақтөбеде Қазақстандағы жылқы шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жылқы шаруашылығы институтын құру туралы тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы жылқының сапасы мен санын арттыру тапсырмасы аясында Ақтөбе облысындағы Тәжірибе станциясының негізінде Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты құрылды. Бұл институтты қаржыландыру және дамытуға жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Енді жылқы шаруашылығын дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу қажет, - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жылқы шаруашылығы еліміз үшін дәстүрлі әрі ұлттық мал шаруашылығы саласының бірі екенін атап өтті. Табиғат жағдайлар, кең байтақ дала мен ата-баба тәжірибесі, сондай-ақ заманауи ғылыми әзірлемелер жылқы шаруашылығын одан әрі дамытуға қолайлы жағдай туғызары анық.

Бүгінде еліміздегі жылқының жалпы саны — 4,1 млн, бұл саланы дамытуға мүмкіндік те көп.  Бұл ретте асыл тұқымды жылқы саны 46 мың бас немесе жалпы жалқы санының бір пайызынан астамын ғана құрайды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, асылтұқымды жылқыларды іріктеу мен өсіруге баса назар аударып, сол арқылы асылтұқымды мал басының үлесін арттыру қажет. Жалпы, соңғы бес жылда саланы субсидиялауға 4,9 млрд теңге бөлінген. Биыл салт атты және шабандоз жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және көбейту туралы арнайы заң қабылданды. Үкімет заңды орындауға кірісіп те кетті. Осылайша, қазіргі мемлекеттік қолдау ережелеріне Қостанай жылқы тұқымының популяциясын жаңғырту және қалпына келтірудің жаңа бағыттары енгізілді. Оларды жүзеге асыру бұл тұқымның санын 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді, - деді Аманғали Бердалин.

 Асылтұқымды жылқы басын көбейту — Қазақстандағы жылқы шаруашылығы саласының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі және мұны сапалы және кең ғылыми қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл бағыттағы маңызды қадам Адай жылқысының дербес тұқым ретінде танылуы болды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын жүзеге асыру нәтижесінде 2023 жылдың желтоқсан айында Адай жылқысы ресми түрде танылып, еліміздің селекциялық жетістіктер тізіміне енгізілген еді.

Сондай-ақ іс-шара барысында 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Адай және Қостанай жылқыларын жақсарту, сондай-ақ, Жабы, Көшім және Мұғалжар жылқыларының санын көбейтуге бағытталған екі ғылыми-зерттеу бағдарламасы қолға алынғаны айтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға