Жаңалықтар

Нұрбибі Сәрсенова: Суицид - қоғамдық мәселе

Нұрбибі Сәрсенова: Суицид - қоғамдық мәселе
Фото: © Freepik.com 29.11.2024 13:12 1045

Суицид жыл сайын 726 000 адамның өмірін жалмайды. Бұл - құрғақ сөз, жалаң статистика емес. Өз-өзіне қол жұмсау дерегі - отбасылардың, қауымдастықтардың және тұтас елдердің өміріне әсер ететін трагедия. Суицид жас талғамайды. 2021 жылы әлем бойынша 15–29 жас аралығындағы адамдардың өмірмен қоштасуына өз-өзіне қол жұмсау себеп болғаны анықталды.

Өз-өзіне қол жұмсау жоғары табысы бар елдерде ғана болмайды. Бұл –жаһандық құбылыс. 2021 жылғы деректерге сенсек, әлемдегі суицидтің үштен екісінен астамы (73%) табысы төмен және орташа елдерде болады-мыс.

Суицид – халықтың денсаулығына әсер етіп, қоғамдық денсаулық сақтау тарапынан жауапты шараларды талап ететін маңызды мәселе. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы Нұрбибі Сәрсеновамен тілдесіп, қоғамдағы суицид деректерінің көбеюіне қатысты сұрап, біліп қайтты.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! Қоғамда суицидтің көбейіп кетуіне қандай факторлар әсер етеді деп ойлайсыз?

Нұрбибі Сәрсенова: Қазақстанда суицид пен буллинг мәселелері өзекті әлеуметтік проблемалар болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі суицид деңгейі бойынша алдыңғы орында. 2023 жылы елдегі суицид деңгейі Қазақстанды осы көрсеткіш бойынша ең жоғары көрсеткіштері бар 20 елдің қатарына қосты. Жасөспірімдер арасындағы көрсеткіштің жоғары болуының негізгі себептерінің бірі - құндылықтардың жетіспеушілігі, әлеуметтік мінез-құлық стандарттарының төмендеуі. Жасөспірімдердің арасындағы суицид себебі көбіне ата-анамен жанжалдасу, оқу орнындағы буллингтік оқиғалар, өтпелі кезеңдегі жауапсыз махаббат болуы да мүмкін. Егер адамның менталды саулығы, психологиялық күйі жоғары деңгейде болса, оның сыртқы ортадағы әртүрлі қиындыққа төтеп беруіне көмектеседі. Психологтардың пікірінше, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау ықтималдығын арттыратын маңызды әлеуметтік және экологиялық факторлардың ішінде ауыр стресстік жағдайлардың әсері (жақын адамынан айырылу, отбасының бұзылуы, физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық, пайда болған физикалық кемістіктер) бар.  Отбасылық күйзеліс факторлары (ата-анасының болмауы) және бұқаралық ақпарат құралдары да әсер етеді.

El.kz: Суицидтік ойларға бейім адамның мінез-құлқындағы қандай белгілерге назар аудару керек?

Нұрбибі Сәрсенова: Суицидтік ойларға бейім адамның мінез-құлқындағы белгілерді ерте байқап, дер кезінде көмек көрсету өте маңызды. Мұндай адамдар көбінесе тікелей көмек сұрамаса да, олардың іс-әрекеттері мен сөздері жанама түрде суицидтік ойлардың бар екенін көрсетеді. Мәселен,

Оқшаулану: Достарынан, отбасынан алыстап, көп уақытын жалғыз өткізеді.

Қоғамдық белсенділіктің төмендеуі: Бұрын қызыққан істерінен, хоббиінен бас тартуы.

Коммуникацияның азаюы: Үнемі көңілсіздік, мұңды күй. Депрессия белгілері байқалады.

Көңіл-күйдің күрт өзгеруі, үмітсіздік сезімі: Болашаққа деген сенімсіздік, өмірдің мағынасыздығы туралы айту. Өлім туралы жиі айту, өзін қажетсіз сезіну, қауіпті әрекеттерге бару, өз мүлкін тарату, ұйқы режимінің бұзылуы, көп ұйықтау немесе керісінше, ұйқысыздық.

Тамақтану әдеттерінің өзгеруі: Көп тамақ ішу немесе тамақтан бас тарту.

Созылмалы шаршау: Энергияның төмендігі, әрдайым шаршап жүру, оқудағы жетістіктердің төмендеуі.

Тұрақсыз отбасылық жағдай:  Ата-ананың ажырасуы, жанжалдар, жұмыс істемейтін отбасылар.

Әлеуметтік ортаның күрт өзгеруі: тұрғылықты жерін өзгерту, басқа мектепке ауысуы.

Суицидтік ойларға бейім адамның мінез-құлқындағы басты белгілер – осы.

El.kz: Өз-өзіне қол жұмсау ойларына ұшыраған адамға жақындары қалай көмектесе алады? Мұндай жағдайда кәсіби көмекке жүгінудің маңыздылығы қандай?

Нұрбибі Сәрсенова: Суицидтік ойларға ұшыраған адамға әрине бірінші кезекте жақындары көмектесе алады. Мұндай жағдайда кәсіби көмекке жүгінудің маңызы өте зор. Ашық әрі қолдауды сезіне алатындай  әңгіме жүргізу қажет. Сондай-ақ сынға алмай, бағаламаған жөн. Қолдау көрсету және сенім берудің де маңызы айтарлықтай зор.  Күйзелісте жүрген адамды жалғыз қалдырмау керек. Әсіресе, жағдайы ушығып тұрған кезде адамды өз өзімен қалдырмаған абзал. Ең маңыздысы - күнделікті іс-әрекеттерге тарту. Мәселен, серуендеуге, спортпен айналысуға немесе сүйікті істерімен айналысуға шақырсаңыз, сауапты іс жасайсыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақпарат беру, психологиялық көмек туралы ақпарат беру де өте маңызды дүние дер едім.

Бұл орайда, кәсіби көмектің маңыздылығын да айтып өткен дұрыс. Мәселен, дұрыс диагностика жасап, емдеу әдістерін тағайындау қажет. Сонымен қатар қауіпсіздік жоспары адамға қауіпті жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйрететінін ескерген жөн. Ал, ұзақ мерзімді қолдау, яғни психолог немесе терапевтпен тұрақты кездесулер адамның жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Суицидтік ойларға ұшыраған адамға қолдау көрсету — күрделі әрі жауапты міндет. Жақындарының қолдауы маңызды болғанымен, кәсіби көмекке жүгіну адамның өмірін сақтап қалудың және жағдайын жақсартудың негізгі жолы болып табылады. Сол себепті осы тәріздес белгілер байқалса, кешіктірмей маман көмегіне жүгіну керек.

El.kz: Психологтар қандай әдістерді немесе тәсілдерді қолданады?

Нұрбибі Сәрсенова: Психологтар суицидтік ойларға немесе ауыр эмоционалдық күйзелістерге ұшыраған адамдармен жұмыс істегенде адамның жеке жағдайына, мәселесінің күрделілігіне және психикалық денсаулығының ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі ғылыми негізделген әдістер мен тәсілдерді қолдану арқылы көмектесе алады.

El.kz: Бұл мәселенің алдын алуға бағытталған қандай бағдарламалар немесе ресурстар бар?

Нұрбибі Сәрсенова: Қазақстандық балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан сақтау, суицидтің алдын алу - мемлекеттік саясаттың басым бағыттары. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен отбасыларының психологиялық әл-ауқатын нығайту және сақтау үшін жеткілікті деңгейде психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру мақсатында еліміздің барлық өңірінде педагогтерге, ата-аналар мен  балаларға уақытылы және білікті көмек көрсететін психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Сондай-ақ оқушылар үшін қауіпсіз, қолайлы орта құруға бағытталған «Дос болайық» буллингке қарсы бағдарламаны апробациялау жүргізілуде. Балалардың құқықтарын қорғауға және балаларға қатысты жобаларды тиімді басқаруға, мектеп оқушыларының қолайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Менің бауырым» еріктілер жобасының да маңызы жоғары.

El.kz: Білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау қызметтерін дамыту қаншалықты маңызды?

Нұрбибі Сәрсенова: Психологиялық қолдау қызметін дамыту – қазіргі қоғамда өте өзекті қажеттілік. Білім алушылардың эмоционалдық және психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету, білім алушылардың  жан дүниесіндегі қиындықтарды дер кезінде анықтап, көмек көрсетіп, жеңуге көмектеседі. Сондай-ақ қауіпті белгілерді анықтайды, кәсіби көмекке бағыттайды, қолдау көрсететін орта қалыптастырады.

El.kz: Отбасындағы қарым-қатынас бұл мәселеге қаншалықты әсер етеді?

Нұрбибі Сәрсенова: Отбасы – жеке тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды орта. Сол себепті отбасыдағы атмосфера адамның эмоционалдық жағдайына тікелей әсер етеді.

Отбасылық қарым-қатынаста эмоционалдық қолдаудың  жетіспеушілігі, қабылдамау, конфликттер және агрессия, зорлық-зомбылық – бала немесе жасөспірім үшін психологиялық жарақат көзі. Ата-ана арасындағы қақтығыстар салдарынан немесе ажырасу жағдайында балалар эмоционалдық тұрақсыздыққа жиі ұшырайды. Шектен тыс талаптар мен коммуникацияның болмауы суицидтік ойларға әкелуі әбден мүмкін.

Отбасындағы позитивті  қарым-қатынас суицидтің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Жақсы, қолдаушы орта жасөспірімнің қиындықтарды жеңуіне көмектеседі. Ал керісінше, жанжалға толы немесе қолдау көрсетілмейтін орта суицидтік ойларға итермелеуі мүмкін. Сондықтан ата-аналарға балаларымен сенімді, жылы қарым-қатынас орнату өте керек деп сеніммен айта аламын.

El.kz: Қазақстанда суицид бойынша жағдай қандай?

Нұрбибі Сәрсенова: Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, 2023 жылы суицид жағдайы бойынша Қазақстан әлем бойынша 19-орынға жеткен. Соның ішінде жасөспірімдер арасында 155 суицид жағдайы тіркеліп отыр. Жыл басынан бері қарай кәмелетке толмағандар суицид жасауға 253 әрекет жасады (2023 ж. - 233 жағдай, 8,6% - ға өсті) және аяқталған суицидтің 128 фактісі (2023 ж. - 139 жағдай, 7,9% - ға төмендеді) тіркелді. Оқу жылының басынан бері аяқталған суицидтің 15 фактісі орын алды.

El.kz: Қоғамда суицид мәселесіне көзқарасты қалай өзгертуге болады?

Нұрбибі Сәрсенова: Суицид мәселесіне көзқарасты өзгерту – күрделі, маңызды процесс. Бұл «тыйым салынған» тақырып ретінде емес, қоғамдық мәселе ретінде талқылану керек. Тақырыпқа деген қоғамның түсінігін жетілдіру үшін ағарту және ақпараттандыру жұмыстарын жетілдіру, психологиялық сауаттылықты арттыру қажеттігін алға тартады. Тұлғалық даму бағытында жүйеленген жұмыстарды күшейту, психологиялық көмектің  қол жетімділігін арттыру да маңызды. Медиа және әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы ықпал етуге болады. 

El.kz:Сұқбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға