Жаңалықтар

Әйел мен екі баласын өртеп жіберген ер адам өмір бойына сотталды

Әйел мен екі баласын өртеп жіберген ер адам өмір бойына сотталды
Фото: iStock 29.11.2024 12:20 597

Атырау облысында ер адам бөтеннің үйіне қасақана өрт қойған. Соның салдарынан ұйықтап жатқан 2 бала оқиға орнында, ал, анасы ауруханада көз жұмды. Сот 3 адамның өліміне кінәліні өмір бойына соттады,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабының 2-бөлігімен, 202-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6,15-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6,15-тармақтарымен (Тұрғынжайға заңсыз басып кiру, бөтеннің мүлкiн қасақана бүлдіру (өрт қою тәсілімен), ірі көлемде залал келтіру, басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, аса қатігездікпен үш адамды қасақана өлтіру (оның ішінде екі жас бала), адамды өлтіруге оқталғаны үшін) айып тағылған.  «Сотталушы жәбірленушімен кездесіп жүріп, кейін араларында келіспеушілік туындаған. Жәбірленуші соның салдарынан қарым-қатынасты тоқтатуды шешкен. Алайда, сотталушы жәбірленушінің пәтеріне екінші қабаттағы жатын бөлменің терезе арқылы кірген. Жәбірленуші кездесуін жалғастырмаса, бензин шашып өртейтінін, пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан. Өз өмірі үшін қауіптенген жәбірленуші сотталушыға балаларының (бірінші некеден) ұйықтап жатқанын, өзінің дөнер жегісі келіп тұрғанын айтып, сотталушыны пәтерден алдап шығарып жіберіп, танысын көмекке шақырған. Ол сотталушыға қыз баланы мазаламауын айтқан. Жәбірленуші сотталушының қайтып келетінін біліп, танысына өзінің және балаларының қасында қалуын сұраған», — деп хабарлады соттан.

Сотталушы жәбірленушінің танысымен бірге пәтерге кіріп кеткенін көріп, ашуға бой алдырған. Қызғаныштан 5 литрлік бөтелкемен бензин, оттық пен қағаз алып, қайтадан пәтерге терезе арқылы кірген. Пәтерде жәбірленушінің екі баласы мен танысы ұйықтап жатқанын біле тұра, бензин шашып, үйді өртеген. Сөйтіп, оқиға орнынан қашып кеткен.  Жәбірленуші өрттен қатты күйік алған. Балаларын құтқаруға жете алмай, танысы екеуі терезе әйнегін сындырып, далаға секірген. Өрт салдарынан жәбірленушінің 10 жасар ұлы мен 7 жасар қызы пәтерде қаза болды.

Денесінің 90 пайызын күйік шалған жәбірленуші ауруханада көз жұмған. Ал, оның танысы тірі қалған. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелденген. Сараптамаға сәйкес, сотталушы аффект жағдайында болмаған, психикалық дені сау болған.  Прокурор мен жәбірленушілер сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ, сотталушы кінәсін мойындамай, өзінің аффект жағдайында болғанын айтып, өзін ақтауды сұрады. Қорғау тарапы сотталушыны ақтауды сұрады. «Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмады. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабының 2-бөлігімен, 202-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігі — 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жәбірленушілердің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға