Жаңалықтар

Бала тәрбиесін әйелдің мойнына іліп қойғанбыз – Мақсұтбек Айтмағанбет

Бала тәрбиесін әйелдің мойнына іліп қойғанбыз – Мақсұтбек Айтмағанбет
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 29.11.2024 18:11 463

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тәрбиесіне баса мән беру мәселесін жиі көтеріп, әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатқан жас ұрпаққа дұрыс бағдар беріп, жол көрсетіп отырмау қауіпті үрдіс екенін ескерткен еді. Сондай-ақ жастардың бойында қандайда бір жаман әдет қалыптасса, ол ең әуелі үлкендердің кінәсі екендігін де айтқан болатын. Осы орайда бүгінгі ұрпаққа аға буын өкілдері қандай бағыт-бағдар беруі керек? Бұл туралы елдегі әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбетпен сұхбаттасқан едік.

El.kz:  Мақсұтбек аға, президент ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керектігін жиі айтады. Сіздің ойыңызша, бүгінгі жастардың тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгеніміз жөн және оларға қандай тәрбие беріп жатырмыз?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Президент көтеріп отырған мәселе өте дұрыс. Шынымен де, біз өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлуіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда, мектептерде болып жатқан соңғы оқиғалар тәрбие жағынан олқылық бар екенін көрсетіп отыр. Соған барлығымыз отбасы болып, қоғам болып атсалысып, өз үлесімізді қосуымыз керек. Себебі, тәрбие деңгейі әлі де жеткіліксіз. Сондықтан осы бойынша әжептәуір жұмыс жасауымыз керек.

El.kz:  Ұлттың жаңа болмысы да осы жастар. Сол жастар бүгінгі таңда ұлт сапасын жақсарта алды ма?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Қазір жастардың барлығын жақсы немесе жаман деп бөлу өте қиын. Неге десеңіз, біз қанша дегенмен қалыптасып келе жатқан қоғамбыз ғой. Өзіміздің тарихымызды қарап отырсақ та, соңғы 70 жылдың ішінде болған жағдай, одан кейін 30 жыл тәуелсіздік бар деген сияқты. Бұл жерде жастарды ғана емес, орта буын, аға буын өкілдерін де тәрбиелеп, олардың атқаратын тапсырмаларын түсіндіру керек сияқты. Сондықтан тек қана жастар деп қарастыра бермегеніміз жөн деп білемін.

El.kz:  Дінге бет бұрған жастар саны артқан секілді. Бұл туралы ойыңыз қандай? Жастардың дін жолына түсуі қаншалықты дұрыс?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Дін мәселесіне келетін болсақ, әрине, арасында өкінішті сәттері де бар. Себебі дін жолында әртүрлі ағымға түсіп кетіп жатқандары да кездеседі. Бізге тән емес жолды таңдаған, әрине, дұрыс емес. Біздің болмысымыз, құндылықтарымыз, әдет-ғұрпымыз бар. Соған осы теріс ағымдар балта шауып жатқан сияқты. Сондықтан біз ең бірінші осыған көңіл бөлуіміз керек. Дін деген ол басқа ұлттарға еліктеушілік емес. Ал жастардың арасындағы басқа бағытқа кетіп қалу мәселесі оларға дұрыс жол көрсетілмеуінің нәтижесі. Қазіргі бет жабу, шолақтылар дегеннің бәрі бізге тән емес. Сондықтан бұның алдын алмаса ертең үлкен мәселеге әкелетіні анық.

El.kz:  Дінді дәстүрімізбен сабақтастыруымыз керек дейсіз ғой?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Иә, міндетті түрде. Өзіміздің әдет-ғұрпымыз, салтымыз, ұстанған ұстанымымыз бар. Бұның барлығын діннен алшақтатып немесе алып тастауға болмайды. Дін әрқашан ұлттың мәдениетімен сабақтасып келген. Сондықтан бұл жерде дінтанушылар мен әлеуметтанушылар жастармен жұмыс істеп, түсіндіре білуі керек.

El.kz: Қазір технология заманы ғой. Әлеуметтік желілер де жақсы дамыған. Жастардың тәрбиесіне, жалпы жастардың психологиясына осы ғаламтор қалай әсер етуде? Біздің жастар осы әлеуметтік желілер арқылы тәрбиеленіп жатқан жоқ па?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Қазір ғаламтордың беріп жатқан пайдасы да мол. Ол тек жастарға ғана емес, бүкіл қоғамға қатысты. Әр нәрсенің екі жағы болатыны сияқты ғаламтордың да позитивті және негативті жақтары бар. Біз оның негативті жағын көріп, позитивін ұмытпауымыз керек. Осы тұрғыда әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана білген жөн. Өкінішке қарай, бұны жастар түгілі үлкендер де қолдана алмайды. Соның нәтижесінде әртүрлі бұрыс бағдарларға тап келудеміз. Сондықтан жастарға, әсіресе балаларға цифрлы қоғамның қыр-сырын үйретуіміз керек. Бұл бірінші мәселе. Ал ата-ананың өзі бұны дұрыс білмегеннен кейін, баласына дұрыс жеткізе алмағаннан кейін осындай мәселелер туыпдап отыр. Әрине, мұнда әке-шешесі білмеді деп қарап отыруға болмайды. Балаларға медиасауаттылықты мектеп болып, қоғам болып, мемлекет болып үйретуіміз керек. Әйтпесе, ата-анасының айтпағанын бала интернеттен алып, өз пайымына салады. Ал ол қауіпті болуы мүмкін.

El.kz: Президент бір сөзінде «Кемел адам» кітабын оқығанын және бұндай кітаптар жастар тәрбиесіне аса керектігін атап өткен еді. Бұл туралы ойыңыз қандай? Қазіргі жастар кітап оқуға қаншалықты құмар? Әлде ондай жастардың қатары сиреп кетті ме?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Әрине, қазір жастар арасында кітап оқу үрдісі азайып кетті. Бұны статистика да растап отыр. Сондықтан балаға жастайынан кітап оқуды үйрете білу маңызды. Бірақ тағы сол тек балалар емес, ата-аналар да оқып, өз баласына үлгі көрсетуі керек. Бұл жерде айтып кететін жайт, бала деген отбасының айнасы. Егер үйінде кітапхана болатын болса, отбасында кітап оқу мәдениеті қалыптасатын болса, онда бала да кітапты оқиды, содан білім алады. Ал егер де өзіңіз кітап оқымайтын, қандай жаңа кітаптар шығып жатқанынан бейхабар болсаңыз, онда балаңыз да кітапқа деген қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан осы кітап оқу мәдениетін қазақы шаңырақтың бір дәстүріне дейін келтіруіміз керек. Қазір мұны әртүрлі баспалар да насихаттап жатыр. Мәселен, «Мазмұндама», «Қасым» кітапханасы, «Amal books» баспасы соңғы жылдары балаларға арналған керемет кітаптарды шығарды. Осы жерде оның шығып жатқаны бір бөлек, оқылып жатыр ма деген сұрақ туады. Сондықтан ата-ана болып, қоғам болып оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Осыған байланысты мемлекеттің де қосып жатқан үлесі көп. Өздеріңіз білетіндей, елімізде кітап күні пайда болды. Бірер жыл бұрын балалар әдебиеті жылы да болды. Сондықтан қоғам болып осы кітапты қазақы құндылыққа айналдыруымыз керек.

El.kz: Қазіргі жастардың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Бұл жерде менің көңілім жастардың емес, олардың ата-аналарының тәрбиесіне толмайды. Өкінішке қарай, ата-аналар балаларына көңіл бөліп, тәрбиелеп жатырмыз деп ойлайды. Бірақ шынтуайтына келгенде, балаға бөлетін уақыттары тым аз сияқты. Оның үстіне бала тәрбиесін әйелдің мойнына іліп қойғанбыз. Одан қалса мектепке жүктеп қоямыз. Одан кейін бағана айтқандай, интернет тәрбиесі де бар. Бүгінде ата-ананың бала тәрбиесіне қатысы тым аз, жеткіліксіз. Соның кесірінен балалардың арасындағы қатігездік, неше түрлі буллингтер, бірін-бірі сабау, ұру, балағаттау, суицидке апарып жатқан оқиғалар жиілеп кетті. Соның барлығы бала тәрбиесінде жіберген олқылықтардың нәтижесі деп ойлаймын.

El.kz: Сонда бала психологиясының әлсіз болуы да ата-ананың тәрбиесінің әлсіздігі дейсіз ғой?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Бұл деген ата‑ананың берген тәрбиесі емес, бермегенінің көрінісі болуы мүмкін немесе баланың жан-дүниесін түсінбеуінің көрінісі. Көпшілік баласына телефонды беріп қойып, өзімен-өзі отыр, жағдайы жақсы ғой деп жүріп көп нәрсені аңғармай қалады. Бірақ баламен сөйлеспесе, оның ішінде не болып жатқанын, мақсаты, арманы қандай, оның қандай қиындықтары бар деген сияқты мәселелерді біле алмай жатамыз. Сондықтан баламен қоян-қолтық жұмыс істеу керек. Біздің істеп жатқан жұмыс та осыны айту, осыны насихаттау. Мектептердегі әкелер кеңесінің құрылуы да сол. Жоқ дегенде сол әкелер мектепке келіп, бала тәрбиесіне қатысса екен, мұғалімдермен жақсы қарым-қатынас орнатса, олармен бірлесіп бала тәрбиесін қолға алса деген мақсат. Бірақ бұның бәрі жеткіліксіз болып тұр. Өйткені қазіргі қоғамда тәрбиені әке анаға, ана мектепке, мектеп қайтадан үйіне деп бір-біріне сілтейтіндер көп. Осы тұста тағы бір айта кететіні, оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы. Бұны өте жақсы бағдарлама деп айтар едім. Біртұтас дегенінен-ақ ұғатынымыз баланы ата-ана ғана емес, қоғам да, мектеп те, ұстаз да тәрбиелейді. Сондықтан әр адам ұлттың ұрпағын тәрбиелеп жатырмыз деген ұстанымды ұстануы керек. Бүгінгі жас ертеңгі азамат, қоғамның бөлшегі. Сондықтан жан-жақты қарауымыз керек. Ұлы ақын Абайбың да қазақты ғана емес бүкіл адамзатты сүю керек деген сөзі бар ғой. Сондықтан тек бала деп қарамай ертеңгі азамат, тұлға деп қарауымыз керек. Сол баланың кіші кезінен бастап өсуіне, өнуіне, қоғамның бір кірпіші болып қалануына жол салуымыз міндет.

El.kz: Елдегі әкелер одағын басқарып келесіз. Сол одақтағы ата-аналардың, әкелердің белсенділігі қандай?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Біздің одақтағы әкелер өте белсенді. Негізгі мәселе одаққа келетін әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті түсіну уақыты болып тұр. Одаққа келетін әкелердің басым бөлігі баласымен арақатынасы ушыққан кезде, баласын түсіне алмай бара жатқанда барып бізге хабарласады. Олар сонда ғана балам бар екен‑ау, тәрбиесін қолға мықтап алу керек екен деп ойлана бастайды. Ал біз сол мәселемен ерте бастан айналысуға міндеттіміз. Соңғы бес жылмен салыстырғанда қазіргі жағдай жақсы деп айтуға болады. Бірақ әлі де жеткіліксіз. Неге десеңіз, қазір ата-анасының балаға бөлетін уақыты әрі кетсе сол он бес минуттың айналасында ғана. Сол он бес минут қаншалықты нәтиже беріп жатыр? Оның сапасы қандай? Баламен арадағы әңігме қал сұрасумен ғана қалып кетіп жатқан жоқ па деген сұрақ туады? Олай болса оның түкке де пайдасы жоқ. Баламен ахуал сұрасып қана тоқтап қалмай, онымен бірге отырып сөйлесіп, әр түрлі шараларға бірге қатысып, баламен ортақ бір хобби табуымыз керек. Мысалы, балаңызбен бірге қыдырыңыз, спортпен айналысыңыз, онымен бірге шахмат ойнаңыз. Ал егер ондай ортақ ісіңіз болмаса, онда бала мен әке-шешесінің арасындағы қатынас сұрақ-жауаптан ары аспайды. Бұл отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы көршісі, немесе алыс танысының қатынасымен бірдей деген сөз. Сондықтан әр ата-ана баласының психологиясын, ойы мен қызығушылығын білуге міндетті.

El.kz: Президент жастардың бойында жаман әдет қалыптасса ол аға буынның кемшілігі деген еді. Жастардың дұрыс тәрбие алуына аға буын өкілдері қандай бағыт-бағдар беруі керек?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Бұл өте дұрыс көтерілген мәселе. Бүгінгі жағдайға тек жастарды кінәлай беруіміз үлкен қателік. Бұл жерде орта буын мен үлкен ағаларымыздың тәрбие мәселесінде жіберген қателіктерін айтуымыз керек. Қателіктен қорқудың еш қажеті жоқ. Мәселені шешілмей қалды дегеннен көрі оны шешуге талпынған жөн. Оған қазірдің өзі де кеш емес. Білгенін айтып, жастарға ақыл беріп отыру әр аға буынның міндеті. Бірақ сол ағаларымыздың әңгімесін тыңдап отырсаң, біздің кезімізде мектеп тәрбие беріп еді, совет үкіметі кезінде партия тәрбиелеп еді дегенге келтіреді. Әрине ол заманда тәрбиеге қатысты саяси машина болды. Өзім де сол заманды көргенмін. Сол заманда пионер боласың, одан комсомол боласың деген сияқтылар еді. Солай тәрбиені 70-80 пайызға дейін мемлекет атқаратын. Қазір ондай жоқ. Сондықтан бір-бірімізге сілтей беруден арылып, қоғам болып жұдырықтай жұмылуымыз керек. 

El.kz: Жаһандану заманының қатерлі ықпалынан жастарды қалай қорғауымыз керек?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Жаһандану қалай өзгеру керектігін не жаңалық әкелетінін бізден сұрамайды. Ал оған төтеп беру үшін өзіміздің іргетасымызды мықтап, ұлттық тамырымыздан нәр алуымыз керек. Бұл жердегі айтайын дегенім ең бірінші тіл мен діл, одан кейін дінімізді, әдет-ғұрпымызды, тарихымызды насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Сонда ғана қандай жағдай болмасын жаһанданудан келетін қатерге төтеп бере аламыз. Қай мемлекетті, қай ұлтты қарасаңыз да осы мәселені қолға алған. Мысалы, Италияны алайықшы. Дүниежүзінде « Starbucks» деген кофехана бар. Ашылмаған жері жоқ. Бірақ Италиялықтар оны қолдамай, біздің елдегі кофеден артық кофе жоқ деп, өздерінің кәсіпкерлерін қолдаған. Одан кейін сол өздерінің пиццаларын қолдайды. Сондықтан елдің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі деген нәрселерге аса көңіл бөлуіміз керек. Түркияны алып қараңыз. Әлем өзгеріп жатса да, тілін, дінін, тамырын жоғалтпаған мемлекет. Қазір әлемді бургер жауласа, олар донер жейді. Бұл өздерінің құндылықтарын, өздерінің тарихын білуінің арқасы. Сондықтан біз де түп тамырымызды мықты ұстай білуіміз керек деп ойлаймын. Сонда ғана жаһанданудың көлеңкесінде қалып, жоғалып кетпейміз. Ал қазіргі күні жоғалып кетіп жатқан ұлттар, олар өздерінің осы түп тамырын қорғай алмағандар, сақтай алмағандар.

El.kz: Түп тамыр деп айтып кеттіңіз ғой, бүгінде жастар арасында ұлттық құндылықтарымыз ұмыт қалып бара жатқан жоқ па?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Сөздің шынына келгенде «мың өліп, мың тірілген» қазақпыз ғой. Кезінде ұлтымыздың қаймақтарын да жоғалтып алдық. Тілімізді, дінімізді, болмысымызды жоғалтып ала жаздадық. Мысалы, қарасаңыз, қазір орыс есімдері қойылған қаншама қаракөз азаматтарымыз жүр. Тегімізді, атымызды орысшалатты ғой. Бұл болмысымыздың жоғалғаны емес пе? Қазақтың тарихында көп нәрселер болды. Бірақ оның бәрінен өттік, сақталып қалдық. Енді сол жоғалтқанымыздың барлығын түсініп, бәрін қайта қайтаратын уақыт жетті. Сондықтан алдымыздағы жауапкершілік жүгі үлкен. Бұны тек өзіміз ғана түсініп қоймай, бала-шағамызға да жеткізуіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда тағы бір мәселе пайда болды. Қазақ аттарын қайтарамыз деп жүргенде елдер баласына араб аттарын, тағы басқа да емісдерді қоя бастады. Әрине, бұл әркімнің өз таңдауы. Десе де, өзіміздің қазақи дәстүрді, қазақи есімдерді жаңғыру дұрыс деп есептеймін.

El.kz: Сіз басқарып отырған «Әкелер одағы» тәрбие бойынша нақты қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?

Мақсұтбек Айтмағанбет: Бізде ең бірінші тәрбие мәселесі алда тұрады. Сондықтан он жыл бойы мектептерде әкелер кеңесін құрып, министрлікпен бірлескен жолбаларды іске асырып, бала тәрбиесіне баса назар аударудамыз. Біріншіден бұл жерде «Саналы әке» бағдарламасы. Әке қандай болуы керек, балаға не үйретуі керек, әкенің рөлі қандай деген сұрақтар бойынша жұмыстар жүргіземіз. Тәрбие ғана емес, білім беру жағы да қолға алынған. Мысалы әр әке әр саланың маманы. Біреуі педагог, біреуі журналист болуы мүмкін. Сондықтан, олар бір-бірімен тәжірибе алмасып, үйренуі үшін әр түрлі іс-шараларды ұйымдастырамыз. Сонымен қатар спорт мәселесі, денсаулық мәселесі де назардан тыс қалмаған. Біздің ұсынысымыз бойынша Қазақстанда әкелер күні де пайда болды. Бұны да үлкен бір жеңіс деуге болады. «Әкелер одағының» атқарып жатқан жұмыстары көп. Ең бастысы мақсатымыз әкелердің отбасы алдындағы, бала-шағасының алдындағы жауапкершілік жүгін түсіндіріп, бала үшін әке тәрбиесінің маңыздылығын ұғындыру.

El.kz: Мақсұтбек аға, арнайы уақытыңызды бөліп, осындай мағыналы, тағылымды сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға