Жаңалықтар

Жамбыл облысында жел электр станциясының құрал-жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы басталды

Жамбыл облысында жел электр станциясының құрал-жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы басталды
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі 30.11.2024 05:33 467

Жамбыл облысында жел электр станциясына қажетті құрал-жабдықтар өндіретін зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Инвестициялық жобаны Sany Renewable Energy компаниясы мен отандық «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-і бірлесіп жүзеге асыруда. Жалпы жоба құны - 53,6 млрд. теңгені құрайды. Жаңа өндіріс ошағы Шу ауданы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағында орналасады.

Зауыт 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде. 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Жылына 2 ГВт жел электр станциясына қажетті құрал-жабдықтар құрастырылады.

Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықты ғана емес, экспорттық әлеуетті де қамтамасыз етеді. Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 3,3 трлн. теңгенің 80 жобасы бар. Ол 6 362 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,6 трлн. теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Онда 4 500 жұмыс орны ашылады.

Ағымдағы жылы 1 453 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 214 млрд. теңгеге 35 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 146,7 млрд. теңгеге 20 жоба іске қосылып, 674 жұмыс орны ашылды.

Еске салайық, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту бойынша көш бастап тұр.

Өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт-ты құрайтын 22 ЖЭК нысаны, оның ішінде 6 су электр станциясы (24,4 МВт), 10 жел электр станциясы (275,6 МВт), 6 күн электр станциясы (251,25 МВт) бар. 2024 жылдың 10 айында 588,4 млн. кВт/сағ. электр қуаты өндірілді.

Алдағы жылдары шетелдік әлеуетті компаниялармен бірлесіп, Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында ірі жел электр станциясын салу көзделіп отыр.

Бұл күні облыс әкімі «Jibek Joly» АЭА-ның жұмысын зерделеп, аралап көрді. Атап айтқанда, «Taraz Gelatin» (желатин, сабын, коллаген өндірісі мен тері өңдеу), «JVictorNewEnergy» (кремний өндірісі), «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» (сутегі асқын тотығы өндірісі) сынды өндіріс ошақтарының құрылыс қарқынын тексерді.

Жалпы АЭА-да 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде 3 өндіріс іске қосылып, жеті жобаның құрылысы жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға