Жаңалықтар

Қос бұрым

Өткен ғасырда болған оқиға. Бұл ғасырда да болуы бек мүмкін.
03.03.2015 10:15 5664

Өткен ғасырда болған оқиға. Бұл ғасырда да болуы бек мүмкін. Ол жанжарын іздеп жүріпті-мыс. Жігітағасы. Жасы жиырманың екеуінде. Мінген жарау аты шалдығып, «далаға қонғанша, молаға қон» деген өсиет бойынша қарасы мол қорымға түнеген. Түнде түс көріпті. Түсінде аян беріліп, Бәленшекенің бесігіндегі сәбиімен некелесетінін біліпті. Бәленшекенің үйіне барса, әйелі қыз босанған екен. Түнде сол үйге құдайы қонақ болыпты. Жиырма екідегі тепсе темір үзер соқталдай жігіт, бұл қызды күте алмайтынын біліпті. Солайша, Жаратқанның жазуына қарсы келіп, бесіктегі сәбидің жүрегіне пышақ ұрып қашып кетіпті. Одан соң, одан соңғы әңгімені кейін айтайын. 
Автобус іші... Қапырық. Ән. Әуен. Сапырылысқан халық. Алматы. 
Тағы да сол бір саз. Өмір әні. Сол қала. Сол ағыс. Сол тіршілік. Жұмыс. Үй. Үй жұмыс. Телофон шырылы. Қалам мен қағаз. Қол қою. Келісу. Келіспеу. Айлықты күту. Жұмыстан кешіккендерге сөгіс жариялау. Тоғыз бен алтының арасында бір топ адамды жинап алып, қамап отыру. Неге екені белгісіз әйтеуір бір үміт шырағы алдан қол бұлғайтын сияқты. Әйтпесе... 
Автобус іші... Соңғы кездері сол үміт шіркінге күдік ұласқан. Адамы көп қалада өзінің жалғыз екенін сезінген. Жалғыз. Тек өзі. Басы ауырса, сүйейтін, сүйенетін ешкімі жоқ. Достар ма? Достары көп оның. Сенбі, жексенбіде бастары қосылады. Гуілдетеді. Қыздар. Асыр салып билейді келіп... Содан... Содан аздап сыралатып алады. Ондай сәттерде тым батыл. Бір ұзынетектіге кенеше жабысады. Олар да бұның көкірегінен итерген емес. 
Автобус іші... Аялдама. Қоғамдық көлік күткен жалдамалылар. Жолақыға күні қараған ауылдың қара домалақтары. Шаршап шалдығып келеді. Тағы да жалғыз. Іші бірсұмдық күйге енеді. Біреуді құшақтағысы келеді. Біреуді аялағысы. Біреуді қуантқысы. Кімді? 
Автобус іші. Бүгін газеттің ақырғы бетіне қол қойып басуға жіберді. Үһ, ертең арқасы кеңіп қалатын болды. Ол үйге қайтып келе жатып гүл сатып алды. Гүл. Қауызы үлпілдеп тұр. Кімге сатып алды? Неге? Өзі де білмейді. Күнделікті ыңылдап айтып жүретін өмір атты әніне әуез қосқысы келген. Әуез. 
Автобус іші. Кешегі гүлін кімге сыйларын білмей, ақыры болконнан лақтыра салған. Ертең достарымен бас қосады. Тағы да жалғыз барады. Олар құрбы қыздарын, құрбы қыздардың құрбыларын ала келеді. Тағы біреуімен танысады. Тағы... 
Автобус іші. Бейқам отырған. Ту сыртынан біреулер күлді. Күбір-күбір. 
— Емтиханда оған көмектесудің орнына неге келемеждедің? 
— Қойшы оны. Қияли ма бірдеңе. 
Дәл жон арқасында екі қыз тұр. Бұрылып қарауға именді. 
— Білесің бе? Өткенде ол маған хат жазыпты. 
— Хат... 
Екі қыз ішек-сілесі қатқанша күлді. Жазуын микроскоппен қарасаң оқи алмайсың. Жыртып-жыртып тастай салдым. 
— Айбарша, ол сені шынымен-ақ жақсы көріп қалған сияқты. 
Түсетін аялдамасына келіп қалыпты. Орнынан тұра беріп, қыздар жаққа көз қиығын тастады. Олар қарайтын емес. 
Айбарша. Ол қызды хат жазғыш жігіттен қызғанды. Қызық. Неге? Не үшін? Қыздардың күлкісі тиылар емес. 
Алматының жүргіншілер жолы қара жерге арқасын беріп шалқалап жатыр. Бұл жол Оны жетелеп сол бір достарының үйіне алып келді. Думан қыза бастапты. Анау ұзын шашты бояқшы жігіт өзінің бояғы жайлы әңгімелеп жатыр. Оның адам психологиясына ететін әсері... Қыруар. Өткенде де осы әңгімені айтып отырған. Бұған қарады. Өткен жолы да сөйткен... 
— Біздің журналист келді. Танысып қойыңдар! 
Тағы да сол кекесінмен айтты. 
— Байқаңдар таң атқанша өлең оқып мазаларыңды алмасын. 
— Жанара 
— Балнұра 
— Жанна 
Бұл әдеттегінше өзіне ұнаған қызына (бұл жолы Жаннаға) қарап тұрып есімін айтты. 
— Сонда қалай Жанара, Балнұра сіздердің аттарыңыз әу баста Жанар, Балнұр болған ғой. 
Екі қыз сасып қалды. 
— Ал, сіздің аттыңыз Жанн ба? 
Қыздар бұның көңілі үшін күлген болды. Думан жалғасты. Бұл сол баяғы кейіпте. Көңілді. Аздап сыралатқан. Жанна да бұған жанаса түседі. Қызды далаға серуендеп қайтуға шақырды. Шықты. Жаттанды сөздерін боратты. Ол бұны, бұл оны ұнатып қалыпты. Екеуі бірігіп темекі шекті. Одан соң, бұл ақырын ғана қыздың қолын ұстады. Өзіне тартты. Қарсылықсыз. 
Өзі талай роман тауысқан еді. Сол шығармалардың бәрінде әйтеуір сүйгеніне жете алмағандар жүруші еді. Өзі де сол шығарманың кейіпкері болғысы келетін. Тек осындай сәттерде ғана тосыннан тулаған сезімін ноқталай алмай қалатын. Тағы да сөйтті. Ештеме болмаған сияқты. Бұл өмірде Жанна атты қыздың барлығы, оған бұл жігіттің бір сәтке құлай берілгені... Бәрі-бәрі өтірік. 
Автобус іші. Мұң. Ауыр мұң арқалап алды. Жалғыз. Тек өзі. Күлкі естілді. Тағы да кешегі екі қыз. 
— Кеше қолында гүлі бар, анауың кетіп бара жатыр еді ғой. 
— Иә, келіпті. Жатақханада жоқ едім. 
Сыңғыр-сыңғыр. Жанна екеуінің стақан соғыстырғаны есіне түсіп кетті. 
— Ыдысымыз соғылысқанмен, басымыз соғыспасын! 
Сыңғыр-сыңғыр. Екі қыздың күлкісі екен. Жұмыстың аялдамасына келіп қалыпты. Басы әлі ауырып тұр. Бір бөтелке сыра болар ма еді? 
Автобус іші. Екі қарт әжей кетіп бара жатыр. Бұл солардың маңына барып тұрған. 
— Біздің кезімізде Алматы қандай еді? 
Аңсары ауғандық байқалады. Әжімінің үстіне бояқ жағып алыпты. Кешегі екі қызды іздеді. Жоқ. Айбарша жоқ. Бірсұмдық. Сағынған сияқты. Кімді. Екі рет автобуста кездескен қызды ма? Кездеспегеніне өкінді. 
Содан соң... Өткен ғасыр. Көшіп қонған жұрт. Әлгі жігіт әлі үйленбеген. Арада он бес жыл өтіпті. Он бес жыл. Бір күні ел аралап келе жатса, тезек терген біртоп аруға жолығыпты. Бір қара бұлт үйріліп келіп, нөсерді төпелетіп жіберіпті. Қыздар ауылға қарай қаша жөнеліпті. Тек қос бұрымы бөксесіне жететін біреуі ғана тезегінің үстіне шапанын жауып, өзі астына кіріп қалып кетіпті. Тезегі де, өзі де су болмапты. Жігітағасы қыздың ақылдығына тәнті болып, үйінің қай жақта екенін сұрапты. «Қырық найзалы үй біздікі» депті қыз. 
Алматы. Автобус іші... Ән. Әуен. Сапырылысқан халық. 
Өмір. Сол қала. Сол ағыс. Сол тіршілік. Сабақ үй. Үй сабақ. Ауылды сағынған. Ауылда бәрі өзгеше еді. Талай жігітті ғашық қылыпты. Талайы зар жылап артынан жүгірді. Ешқайсысына да қараған емес. Оқуды бітірген соң, өз Төлегенімді табармын деп ойлаған. Үміт шіркіні сол оқуының бітуіне қарап тұр. Бірақ, сезім мүшелері оқуының бітуін күте алмайды екен. Күн санап толысып барады. Күн санап өзінің үлбіреп пісіп бара жатқанын аңғарады. Күнде төсегінде аунақшып шығады. Біреуді ойлағысы келеді. Кімді? Біреу бұған анау қырдың ар жағында қол бұлғап тұрған сияқты болады. Түнімен терезесінің сыртында өзі сүйетін жігіт мұны бағып қарап жүрген секілді. Батып келе алмайды. Алыстап кете алмайды. Жақында. 
Автобус іші... Соңғы кездері сол ойындағы жігітті ойламауға тырысып жүр. Әйтпесе қияли болып кететін түрі бар. Адамы көп қалада өзіні жалғыз ғана екенін сезінгісі келген. Жалғыз. Тек өзі. Басы ауырса, сүйейтін, сүйенетін ешкімі жоқ. 
Автобус іші. Құрбысы. Оның айта беретіні әнебір қияли жігіті. Тағы да сол әңгімені айтып отыр. Анау бір орында әр кез бір жігіт отырады. Ұрлықшы сияқты. Ұрланып қарайды. Бұл байқамаған болады. Ол бірсұмдық. Суық. Жанар мұңды секілді. Шашы желбіреп мойнына түседі. Бойы аласа. Бірақ, толық. Онысы өзіне жарасады. 
Автобус іші. Бұл бүгін жалғыз келе жатыр. Қос бұрымын күндегідей әдемілеп өріп алған. Әнеу жерде отыратын жігітті көрді. Терезеге телміре қалыпты. Көзіне қара көзілдірік тағыпты. Мұңлы жанарын көргісі келген. Көре алмады. Жақынырақ барып тұрғысы келді. Бірақ, ыңғайсыз. 
Автобус іші. Ауылы есіне түсті. Шашын әжесі өріп беретін. Әжесі. Шынашақтай ғана қара кемпір. Сарқыт. Әулеті үшін өткен ғасырдан қалып кеткен жәдігер, тірі жәдігер сол кісі еді. Ол кісі шашын қос иығынан төгілдіріп, өрген кезде қазіргі «шаш жөндегіштер» шаң қауып қалатын. Қоғамдық көлікке мінгендердің ең алдымен осының шашына көздері түседі. Оған қуанады, әрине... 
Автобус іші. Бүгін әлгі жігіт бұған орын берді. Атын айтты. Салқын. Бірақ, ыстық. Көңілі алабұртып сала берді. Сазды әуен естілетін секілді. 
— Бұрымыңыз әдемі екен, — деді. 
— Қыздардың жүрегін жаулауды үйренген қу екенсің, — деді бұл іштей. 
— Сіздің мекенжайыңызды білсем бола ма? — деген жігіт. 
— Тауып алыңыз... 
Өткен ғасыр. Жігіт қырық найзалы үйді іздеп жүріп, қырық жамау үйді тапты. 
Осы ғасыр. Жігіт қыздың артынан аңдып жүріп, жатақханасын тапты. 
Өткен ғасыр. Қызды айттырды. 
Осы ғасыр. Түнгі клубқа шақырды. 
Өткен ғасыр. Үйленді. 
Осы ғасыр. ... 
Түнгі клуб. Жалтылдаған жарықтар жанып өшеді. Өбіскен жастар. Бұлар да сол дырдудың ішіне қойып кеткен. Қос бұрымды қыз шашын жайып жіберіпті. Бұрын соңды кимеген қысқа көйлегі көз тартады. Бетіндегі бояқ та әдемілігіне әр қоса түскендей. Аздап сыра ішіп көрді. Одан кейін... Айтылмайтын әңгіме. 
Өткен ғасыр. Жігітағасы айттырған қалыңдығының қасына жатуға тағатсызданыпты. Ал, қыз асықпапты. Ақыры таң ата күйеуінің жанына жантайыпты. Жарының көзі ең алдымен қыздың жүрегіне түсіпті. Білеудей дақ. Дереу сұрап білсе, қыздың сәби күнінде әлдебір қонақ жүрегіне пышақ ұрған екен. 
Автобус іші. Өркениеттің исі аңқып тұр. Айбаршаның жанарында ауыр мұң бар. Ауыр мұң. Әжесі есіне түсті. «Қосағыңды тапқанша қос бұрымыңды тарқатып жүруші болма» — деуші еді. «Байы өлген әйел ғана қара жамылып, шашын тарқатады» — дейтінін де бүгін есіне алды. 
Өткен ғасыр — Жаратқанның жазуын пышақ кесе алмаған. 
Осы ғасыр — аппақ қауыздың бетінде қанжардың ізі қалды. 
Соңғы аялдама. Қолында гүлі бар жігіт қызды тосып тұр. Автобустың ішінде Айбарша жоқ. Себебі, ол түнде аласұрып жүріп, қара жамылған. Қара... Бірақ, қос бұрымын біріктіріп өрген Айбарша кейіптегі ару келеді. Автобус іші... 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға