Жаңалықтар

Би кім, шешен кім?

«Би атану үшін – халық алдында әлденеше рет шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған», – деп жазды Шоқан Уәлиханов.
30.06.2014 03:53 23966

«Би атану үшін – халық алдында әлденеше рет шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған», – деп жазды Шоқан Уәлиханов. Сонымен қатар бұл қызметке лайық болу үшін тек қана шешен емес, елдің мұң-мұқтажын терең түсініп, ежелден келе жатқан әдет нормаларды білуі шарт. Осындай сапалық қасиетке ие болған кісі халықтың қалауымен би атанады. Би дәрежесіне, көбінесе көпті көрген, ақсақал дәрежесіне жеткен сыйлы, беделді адамдарды сайлаған. Ауыл ішіндегі жер дауы, жесір дауы сынды тұрмыстық мәселелерді билер шешіп отырған. Мәселенің күрделігіне байланысты яғни ру-тайпалық деңгейіндегі, этнос деңгейіндегі, халықаралық маңызды саяси мәселелерге байланысты билер институтының ішкі құрылымына, олардың дәрежесіне байланысты өзара түрлері бар. Қазақ даласында билер институты Тәуке ханның заманында ең жоғары сатыға көтерілді. Енді билердің дәрежесіне, атқаратын қызметіне байланысты түрлеріне тоқталып өтейік.

Би кім, шешен кім?

Қазақ тілінің дәстүрлі ұғымдар энциклопедиясында:

Төбе би – бір хандықтың, елдің, ұлыстың, аймақтың құзырында билігін жүргізуші әр деңгейдегі билердің үстінен билік айтып, шешімін мақұлдайтын немесе ең соңғы өз шешімін қабылдайтын ең беделді де, білікті би.

Екінші – ара би. Дауласушы екі жаққа басу айтып отырушы, төбе бидің шешім шығаруына ықпал етуші би.

Сөз ұстаған би – үлкен дауда өз руы немесе тайпасының атынан түскен би, ол жақтаушы немесе айыптаушы, сонымен қатар тергеуші міндетін де атқара береді.

Алқа би – ел ішіндегі үлкен, әбден шиеленіскен дау-дамайды шешу үшін дауласушы жақтардың басын қосып өткізілетін билердің алқалы мәжілісін басқарушы, мәнсабы жоғары би.

Орда биі – би атағының ең биік деңгейі. Жалпы халықтық мәселелерді шешетін, бөтен елмен қарым-қатынас ісіне тікелей кірісе алатын, елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал ете алатын, ханға ақыл-кеңес беретін, тіпті жауапқа да тартуға хақылы лауазым иесі. Хандық билік осал болған тұста орда билер ел татулығын, бірлігін ұстап тұруды бақылап, қолға ала алады. Осындай аса жауапты міндеттерді атқару үшін билер бойында бірнеше қасиет болуы шарт еді – әскербасылық, әкімшілік-соттық, әрине дала ақсүйектерінің қасиеттері болуы тиіс деген мәліметте бидің бес түрі көрсетілген.

Билер кеңесі хан кеңесінен де биік тұрған. Иісі қазаққа есімі белгілі төбе билер Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, сонымен қоса сөз атасы атанған Майқы би, Досбол би, Бала би сынды әр өңірден шыққан датқа-билердің ел аузындағы түрлі дау-жанжалдарға бітім айтып, әділін айтқан шешендік әңгімелер кең таралған.

Осындай бір ауыз сөзге тоқтаған халықты дана демей көріңіз. Билер өз заманында айыптаушы, жақтаушы, сонымен қоса тергеушінің де міндетін атқарған. Қазақ жерінде Ресей әкімшілік жүйесінің орнауына байланысты аталған құрылымның формасы мен мән-мағынасы түбегейлі өзгерді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға