Жаңалықтар

Қазақ хандығының 550 жылдығын Көкшетау жастары белсенді атап өтуде

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесін ұлықтау, тарихымызды, салт дәсрүрімізді дәріптеу Ақмола облысы жастары арасында өте үлкен көлемде ұйымдастырылып жатыр. Көкше жастары бір күнде екі шара өткізді.
02.03.2015 09:03 4844

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесін ұлықтау, тарихымызды, салт дәсрүрімізді дәріптеу Ақмола облысы жастары арасында өте үлкен көлемде ұйымдастырылып жатыр. Көкше жастары бір күнде екі шара өткізді. Біріншісі,  жолаушылар автобусында, екіншісі «Достар» мәдениет сарайында болды.

Қазақ хандығының 550 жылдығын Көкшетау жастары белсенді атап өтуде

«Тарих тағылымы – автобуста» насихатталды

Таңертеңгі жұмысқа асыққан көкшеліктер іші әсем безендіріліп, қазақ елінің тарихын паш еткен суреттер ілінген, көк түсті арнаулы үлгіде киініп,  жайдары жүзбен, саңқылдап сөйлеп жүрген жастарды көріп,  автобусқа алғаш кіргендер таңданып, өзге автобусқа тап болдым ба деп қайта шықпақ болғандар да болды. Бірақ, ибамен иіліп сәлеп беріп, төрлетіңіз деп, тұрғандарын көріп, еріксіз езу тартып, не болады дегендей қызыққа құлақ түре бастады. Салондағы жастардың  бірі, кіріп келгендерге жөн сілтесе, екіншісі елімізде тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи мерекенің, мән жайын түсіндіріп, қысқа сұрақ беріп, нұсқа жауап бергендерге, сыйлық жасап жатты. Қазақша сұраққа қиналғандар да, атаулы мерекелерді білмейтіндер де кезігіп жатты. Бұл Көкшетауда бұрын-соңды болмаған оқиға.  Таңданбасқа шара жоқ.  Тосын жағдай... Автобуста лекция оқу бұрын болғанын естімеппіз, көрмеппіз.  Бірақ, жастарымыз жігерлі, бастамашыл болса, талай қызыққа қарық боламыз әлі...

Бұл таңданарлық игі шараны облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих факултетінің  студентері «Тарих тағылымы автобуста» атты акция аясында жүзеге асырды.  Жобаға «Көкшетау автобус паркі» мекемесі  демеуші болды. Акция жүргіншілері көп қалалық автобустардың № 1,10, 16 бағытында  ұйымдастырды.  Тосын жағдайда тарихи оқиғаға байланысты сұрақтарға дәл жауап берген жолаушылар тосын сыйға ие болды. Сыйлық –  көк байрақтың шағын үлгісі, көк жалауша.  Жалаушаны алғандар алақандай шүберек демей,  бірін-бірі құттықтап, арқа-жарқа болып жатқаны, ер-қазақтың көңілі неткен жомарт екеніне қуаныштан көзіңе жас үйріледі екен.  Сыйлыққа жалауша алғандар автобустан түсе сала жалаушаны желбіретіп, құтты бір жекпе-жекте жау түсіріп байрақ алғандай көк туды кеудесіне басып, алға қарай ширақ адымдап бара  жатты. Осыны көргенде,  ата-бабаларымызға  артына осындай  ұлы мемлекет қалдырып, қазақты егеменді ел етіп, соны тойлауға жеткізген Аллаһқа мың шүкір айттық. Қазақтың санын 2 – 3  орайтын саны бар, қаншама ұлттың мемлекеті жоқ, дүниенің әр бұрышында аласұрып жүр.  Бұл Аллаһтың шексіз нығметі. Осыны түсіндіруге ат салысып жүрген жастарға, түсінген халқыңа қалай риза болмайсың.  Сыйлыққа Қазақ хандығының 550 жылдығына орай  «550 жалауша» сыйға үлестірілді. Бұл  550  жалауша Көкшеліктердің төрінде құрметпен ілулі тұрары сөзсіз. 

Қазақ хандығының 550 жылдығын Көкшетау жастары белсенді атап өтуде

Қазақ хандығының тарихы  сахнада

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында мектеп оқушылары «Қазақ хандығының құрылуы, қазақ салт-дәстүрі» атты сахналанған жеке-жеке қойылымдар тамашалатты. Сахналық көріністі мектеп оқушылар өздері басқарып, өздері жариялап,  шараны  үлкендерше жыр айтып, түсіндірме, кіріспесіз бастап кетті.  Басында жұрт кіріспе сөз жоқ, бұл не деп қалса да,  үстерінде әсем шапандар киіп жастар шыққанда түсінгендей болды. Қойылым Керей мен Жәнібектің жеке хандық құрудағы мәмілесі, ел ағаларымен ақылдасқандарын  жастар тартымды шығарды. Келесі көріністерінде қазақ хандығының өркен жаюы, елдің тұтастығын ойлаған, ата бабаларының,  іс қимылдарынан  шолу жасады. Соңында, қазақ халқының  салт-дәстүрін, әншілік, жыршылық өнерінен тамашалатты.  Дәстүрлі әндер шырқады, мың бұралып қазақ биін биледі. Көрген жұрт қазақтың қаршадай жастарының  ұлттық санаға, осындай таңғаларлық серпіліс әкелгендеріне, кей орта және одан жоғарғы буын өкілдері сенбей, таңданысты. Оларға да сөгіс жоқ. Екі күннің бірінде туған күн тойлап, ертесінде бас жазып, өзгеше ән салып, өзгенің асын ардақтап  келді. Бірақ, заман қиын болса да, қазақтың бағы жанып, дербес ел болды. Сонау, 550 жыл бұрын алған дербестіктен 300 жылдай бұрын айырылып, ширек ғасыр бұрын қайта қауышып, бүгін сол, ата заманғы дербестікті ұлықтау, кімнің түсіне кірді дейсің. Бұл Аллаһтың рахымы. Қазақтың маңдайындағы бағы. Осы бақты баянды ететін елінің,   жерінің тарихын автобуста насихаттап, сарайда сахналап жүрген бүгінгі жастар. 

Шара соңында осы игі істі ұйымдастырған Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық қорының төрағасы М. Қиықов ағамыз өнерлі жастарға ақ жол тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті. Мейрамбек ағамызбен Зере апайымыз жастары біразға барсада, қимылдары ширақ, көңілдері кең, еліме, жұртыма не істесек болады деп, жүгіріп жүретін жандар. Қандай игі іс-шара болса да, соның басы қасында жүреді. Өздері де іс-шара ұйымдастыруға шебер. Осындай жігерлі ағалар мен  жалындаған жастар көп болса, еліміздің  болашағы  жарқын болары даусыз. 


Дахан Шөкширұлы Жәмші

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға