Жаңалықтар

Ислам Қабышұлы: "Қазақ тіліндегі еңбектерді моңғол тіліне аудардым"

Моңғолиядағы қазақ диаспорасының «Алтын орда» мәдени орталығының бас директоры Ислам Қабышұлымен тілдесудің сәті түскен еді.
12.06.2015 03:56 3350

15 мамырда Ұлан-Батырда өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы Қазақстан-Моңғол тарихының көкейкесті мәселелері» атты дөңгелек үстелге Моңғолияның зиялы қауым өкілдері үлкен қызығушылық танытты. Осы шараға қатысқан Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы, публицист, драматург, Халықаралық түркі-моңғол зерттеу орталығының президенті, Моңғолиядағы қазақ диаспорасының «Алтын орда» мәдени орталығының бас директоры Ислам Қабышұлымен тілдесудің сәті түскен еді.

Ислам Қабышұлы: "Қазақ тіліндегі еңбектерді моңғол тіліне аудардым"

– Ислам аға, Қазақ хандығының 550 жылдығы, сондай-ақ осы тақырыпқа арналған Сіздің еңбегіңіз туралы не айта аласыз?

 Моңғол мен қазақтардың тарихы сабақтас. Қазақ хандығының 550 жылдығын айтпас бұрын біз Түркі қағанатын еске алуымыз керек. Әлкей Марғұлан қазақтың 3 мың жылдық тарихы бар деп айтудан жаңылмаған ғой. Бірақ Кеңес Одағының кезінде ол бұл үшін қудаланды. Ермұхан Бекмаханов Қазақ хандығы туралы жазып, қудалауға ұшырады. Мен 1962 жылдан бастап моңғол мен қазақ тарихын салыстыра зерттеген адаммын. Тек түркі шежіресімен ғана шектелетін болсақ, біздің көшпенділеріміздің тарихы толық ашылмайды. Сондықтан моңғол тарихының орны бөлек. Осы тарихтың дәуірлеуі Шыңғыс ханның көшпенділер империясын құрған 1206 жылдан басталады. Сол империяның құрамында болған ұлт пен ұлыстардың біреуі - қазақ елі, соның ішінде қыпшақ, керей, найман, жалайыр, қоңырат деп келеді. Бұның барлығы «Құпия шежіре» (қытайша - «Юань Шао-биши» кітабында 1240 жылы жазылған. Осы кітапты «Моңғолдың құпия шежіресі» деп қазақшаға аударып, оны 50 жылдай түркі шежірелерімен салыстыра зерттедім. Бүгінгі таңда әлемде түркі тектес 28 ұлт пен ұлыс, 7 тәуелсіз республика бар, соның біреуі - Моңғол елі. Кеңес дәуірінде, де бертінде де түркі-моңғол халықтарының тарихы деп оқытатын. Түркілер мен моңғолды бөлетіндігінің бір себебі - бұл будда дініне қарайтын ел. Осы қазіргі Моңғолия жерінде 3 мың жылдан бері (сақ және ғұн дәуірінен бастап) өмір сүрген халықтың ең біріншісі - қазақ халқы болып есептеледі.

Моңғолдар ғұн дәуірінің 2226 жылдығын бекітеміз деп отыр, бірақ біздің ғалымдар бір кезде осы тайпаның негізін Орта Азия халықтары, әсіресе көшпенділердің өзегі болған қазақ халқы құрады деп айтатын. Дегенмен, 2226 жыл бұрын Мүдде Сайын (қазақ тарихында да бар) мемлекет құрды. Одан кейін Көктүріктің Күлтегін мен Білгенің орнатқаны Қар-Қорымда тұр. Одан бұрын Қар-Қорым жері - Найман мемлекетінің астанасы болған. Ұлан-Батырдан 28 шақырым жерде, Налайх қаласының ар жағында, Тоныкөктің ескерткіші тұр, оның бер жағында Керей мемлекетінің астанасы болған.

«Құпия шежірені» зерттеп, 1206 жылы көшпелілер империясы құрылғанда Найман мемлекетінің хатшысы Тататұнқа ұлы орданың іс-қағазын басқарып, Шыңғыстың туған інісі Хасырға хат танытып, ұстаз болғанына көз жеткіздім. Сондай-ақ бұл шежіреде моңғолдардың күні бүгінге дейін мұғалімді - «багш» дейтінін, бұл қазақтың «бақсы» деген сөзінен туындағанын білдім. Шыңғыс хан және оның кейінгі әулеті көне түркі тілінде сөйлеген. Мәселен, Темүжин деген аттың өзі кейінде «Жеңіс хан» деген сөзден өрбігенін, оның төрт сардарын «төрт төбет» деп жазғанын, моңғол зерттеушілері ерте заманда түркілер еркек итті «төбет» дегенін, мен күні бүгінге дейін қазақтар солай атайтынын жарияладым. «Құпия шежіренің» алғашқы нұсқасының қырық пайызы көне түркі тілі болғанын, оның төркіні бүгінгі қазақ тілі екенін ғылыми тұрғыда айналымға енгіздім. Сол дәуірде найман шежірешісі Тататұнқа мен керей шежірешісі Шынағай Чинсан екеуі бірлесіп, «Құпия шежірені» жазуы мүмкін дегенді де айттым. Оған ғылыми дәлелдер де келтірдім.

– Сонда, ежелгі түркінің нағыз бел баласы қазақ деп түсінуге бола ма?

 Иә. Өйткені түркітектес халықтың ана жұрты - қазақ, ата жұрты - түрік деп есептеймін. Мұны Еуропа тарихшылары түркология ғылымы аясында зерттеп зерделеген. Түркологияны білген адам моңғолтануды білмеген. Моңғолдар алтай тілімен сөйлеген киіз туырлықты, ағаш уықты ел болған. Негізінен 8 түрлі көшпенділер болса, соның классикалық үлгідегісіне қазақ, моңғол, қырғыз кіреді.

Мұның бәрінен бұрын сақ деген ел болған. Бәріміз осыдан тараймыз. Қазақ деген сөз меніңше осы сақ деген сөзден шыққан. Қазақ сөзі «қассақ» - «нағыз сақ» - дегеннен шықты дегенге мен дәлел айтамын. Кеңестік дәуірде Қазақстанда бұған қосылатын Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Мұсатай Ахынжанов сынды 2-3-ақ адам болған.

Менің екі үлкен ұстазым болды. Біреуі - «Құпия шежіресін» моңғолшаға аударған академик Цэндийн Дамдинсурэн, екіншісі - академик Ринчэн Бимбаев. Олар түркі моңғол бірлігі турасында өз еңбектерінде: «Біз түбіміз бір, киіз туырлықты, ағаш уықты, тегіміз бір халықпыз», - деген.

Университетте студент кезімде Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заң кодексін жазған адамдар негізінде түркітектес халықтар, қазақтар деп жазғанмын. Мен бүгін де, еңбектерімде «моңғол» дегеннің «мың қол» деген сөзден шыққан жауынгер ел болғандығын дәлелдеп отырмын. Бұрындары «мыңғыт» деген тайпаның әйелдеріне дейін қанжар асынып, ерлерше киініп жүреді екен. Өйткені ер азаматтары мыңға жетпесе, оларға бөлек аймақтық ат берілмейді екен. Қашан да мың қол шығаратындықтан, моңғол деген ат осыдан шықса керек.

 Қазіргі кезде Шыңғыс ханды біреуі моңғол, біреуі қазақ, біреуі татар деп дауласып келеді. Сіздің пікіріңіз қандай?

 Осындай дау-дамай бар. Дей тұрғанмен, Шыңғыс ханнан қалған бірден-бір ұрпағы қазақта ғана бар. Қазақтың белгілі сәулетшісі Шот-Аман Уәлиханов Шыңғыс ханның 23-ші, Жошының 22-ші ұрпағы болып табылады. Арғы атасына үңілсең, қазақтың басын қосқан Абылай, оның 18-ші ұрпағы. Ал, бері келгенде, қазақ ғылымының көшбасшысы Шоқан Уәлихановтың ұрық-жұрағаты болып саналады.

Қазақстан егемен ел атанғаннан кейін, Моңғолия империясының 800 жылдық тойында дүние жүзі ғалымдарының алдында Шыңғыс ханның тұқымы Жошының әулетін сегіз ғасыр сақтаған қазақтардың қандай ұлағатты, пейілі дархан даладай кең ел екендігін БАҚ арқылы да, жиын барысында да қалың елге жеткіздім. Айта кететін басты нәрсе - Моңғолиядағы Дүниежүзілік Шыңғыс хан академиясы жер бетінде жалғыз сақталған Шыңғыс ханның баласы Жошының әулетінен тараған ұрпағы Шота Уәлихановқа Шыңғыс хан академиясының Құрметті академигі атағын берді. Сонымен қатар аталмыш академияның Құрметті президенті дипломымен және Шыңғыс ханның алтын ромбысымен марапаттады.

Бірақ Шыңғыс ханның әулеттері «сен қазақсың, сен моңғолсың» деп айтпаған. Ол қалың руларды біріктіріп, бір мемлекет құрған ғой. Соның құрамында ең шұрайлы жерінде сол қазақтар (қыпшақтар атымен) тапжылмай жүрген. Дегенмен, моңғол империясында ең мәдениеттісі және тарихшылары мол ел керей мен найман болған.

 Сіз Моңғолия мемлекетінің Ғылымға еңбек сіңірген қайраткерісіз. Сонда бұл дегені моңғол ғалымдары мен билігі Сіздің тұжырымдамаларыңызды қолдайтындығының белгісі ме? Еңбектеріңіз жөнінде айта кетсеңіз...

– Тарихшылар қашанда әділдігін айту керек, тарихқа жүгініп, оны дәлелдеуге міндетті. Мен Шыңғыс ханның «Құпия шежіресін» терең талдадым, «Әлем қазақтарының тарихы», «Керейлер керуені», «Моңғолия қазақтарының тарихы», «Шыңғыс хан және көшпелілер», «Түркі тектілердің түбі бір», тағы басқа еңбектерімді ғылымға қосылған аз да болса үлес деп есептеуге болатын шығар. «Қазақ қауымы» атты кітабымнан қазақ халқы туралы мол мағлұмат алуға болады. Сонымен қатар, Азияны мекен еткен тәуелсіз түркі тектес жеті мемлекеттің отыздай елінің тарихын ұзақ жылдар зерттеп, зерделеп жазған қазақша «Тұран әлемі», моңғолша - «Тураны Ертөнц» кітабым Моңғол империясының 800 жылдығына орай үкіметтің қаражатымен моңғолша басылып, мемлекеттік сыйлыққа ие болдым.

Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Жұбан Молдағалиев, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменовтің, сондай-ақ Дінмұхамед Қонаевтың естелігі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» және «Сындарлы он жыл» атты кітаптарын моңғол тіліне аударуға жетекші болдым. Сонымен қатар, Ұлы Абайдың 150 жылдығына орай оның толық жинағын моңғол тіліне аударып, қазақтың асыл мұрасы болып табылатын «Қыз Жібек» фильмін моңғолша сөйлеттім. Бұл фильмнің қытай, корей тілдеріне аударылуына бастамашы болдым.

1997 жылы Күлтегіннің ескерткішін Жапонияның Осака қаласында сканермен қалыпқа келтіріп, оның көшірмесін Қазақстан үкіметі оның ақиесі болушы Астананың төріне (кезінде шекарадағы кеңес әскерлері ескерткішке оқ боратып мылтығының түзулігін сынаған), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне апарып қойдыруына түрткі болдым.

Қазіргі кезде біз Тұрар Рысқұловтың есімін Ұлан-Батырдың бір көшесіне беруге ат салысып жүрміз.

 Тұрар Рысқұловтың Моңғолия тарихындағы орны жайлы әңгімелеп берсеңіз...

 Ұлан-Батырдың атауын Тұрар Рысқұлов қойдырған ғой. Ол 1920 жылдары Лениннің тапсырмасымен Моңғолиядағы Коминтерн уәкілі болып тұрғанда 1924 жылы Моңғол Елінің ата заңын жазысып, ел астанасын осылайша атапты. 1974 жылы Моңғолия тәуелсіздігінің 50 жылдық тойына КСРО басшысы Леонид Брежнев, Сыртқы істер министрі Андрей Громыко, Қорғаныс министрі маршал Родион Малиновский мен Орталық Азиядан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келіп, Моңғолияның байрағына Ленин ордені тағылған еді. Қонаевқа Брежневтің өзі телефон шалып: «Мен Моңғолияның Конституциясы қабылдануының және тәуелсіздігінің 50 жылдық тойына сені де ерте барайын деп отырмын. Сол елдің алғашқы негізгі заңын жазысып, тәуелсіздігін жариялауға Тұрар Рысқұловтың атсалысқанын өзің де білесің. Және ол елде қандас қазақ бауырларың тұрмай ма, қарсы болмасаң бірге барсақ қайтеді», - деген соң 1974 жылы 24 қарашада сол 50 жылдық мерейтойдың қонағы болып Д.Қонаев барған болатын.

 Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудың маңызы қандай деп ойлайсыз?

 Нұрсұлтан Назарбаевтың бір үлкен ғажайып ерлігі және жетістігі - тарихқа бетбұрыс жасағаны, қазақ тарихының жылын жариялағандығы. Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетінін жариялады. Демек, Қазақ елі - өзінің 3000 жылдық тарихында ежелгі ұлан-байтақ жерінен айырылмай бес түлік малын өрбітіп, тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын сақтаған әлемдегі аз елдердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның «Нұрлы Жол» бағдарламасымен төрткүл дүниені тәнті етсе, Ұлытаудағы ұлағатты сөзі арқылы Қазақстаннан алыс шалғайда тұратын зиялы қауым - біздерді де төтенше толғандырған еді.

Қазақта «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл құлағы мен жағын жер» деген сөз бар. Қазақтай жеті атасын жаттап өскен елге әлем тарихшылары мен жаhaнкездері таңданып, Қазақ шетінен шежіреші, тарихшылар елі, олардың үздік шежірешілері 70 атасына дейін біліп, ел тарихын ән-күй, қисса-дастан болдырып жырлайды екен деп таңданыпты. Бір атаны 30 жас деп есептесек, 70 ата 2100 жылды қамтиды. Өзін ғана білген ұл құлағы мен жағын жер дегені, өзгені де өзегінен теппей түсіне біл, басқаның жақсы әдетінен үйрен, жаман әдетінен жирен дегені.

Қазақ халқы ешбір елді жаулап, дауламаған ел. «Қазақ тарихында еш ұялатын іс болған жоқ», - деген Нұрекеңнің аталы сөзі бар. Мен оның бұл сөзін өте құптаймын. Қазақ халқы барлық ұлттарды бауырына тартқан өте ұлағатты бауырмал ел. Осындай ұлттар бірлігінің ұйытқысы болған Елбасы әлемге қазақ халқының даңқын асыруда. Тарихты таразылауда бір халықты зор етіп, бір халықты қор етіп көрсету кешірілмес күнә. Өйткені халық тарихы - қасиетті тақырып.

Орталық Азиядан түркі-моңғол халықтардан әлем тарихына өшпес із қалдырған үш ұлы тұлғаның біріншісі деп XIII ғасырдағы Шыңғыс ханды атауға тиіспіз. Екіншісі бес ғасыр дәуірлеп ақыры көзге түрткі болып құлдыраған Осман сұлтандығының басын қосып, бір тудың астына біріктірген Кемел Мұстафа Ататүрік екенін дәлелдеу артық болар. Ал үшіншісі қазақ халқына тиесілі деп тарихшы біздер тайсалмай айта аламыз. Олай дейтін себебім ұлан байтақ даласы үшін мың өліп, мың тірілген қасиетті ата-баба қонысында әртүрлі ұлт пен ұлыстарды ұйыстырып, Қазақ деген елдің ерлігі мен егемендігінің кереметін төрткүл дүниеге тәнті еткен Нұрекеңдей перзент тудырған Қазақ елінің тарихы әлем тарихының ажырамас бөлігі болып жазылатыны сөзсіз.


Әңгімелескен – Садық Әкіжанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға