Жаңалықтар

Қазақ қарт, абыз, ақсақал деп кімдерді атаған?

Қазақ қарт, абыз, ақсақал деп кімдерді атаған?
Фото: Коллаж El.kz 01.10.2024 10:29 7194

Қазақ мәдениетінде жасы ұлғайған ер адамдарды сипаттайтын түрлі атаулар бар, олардың әрқайсысы өзіндік мағынаға ие. Мәселен «қарт», «шал», «абыз», «ақсақал» тағы басқа сөздерді қолдансақ та оның мағынасын ажырата бермейміз. Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Осы ретте El.kz тілшісі егде тартқан адамдарға байланысты атаулардың мәні мен маңызын этнограф-жазушылардан сұрап білді.

Белгілі этнограф Болат Бопайұлы бұл сөздер адамдардың жас ерекшелігін ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы мәртебесін, тәжірибесін және беделін көрсететінін жеткізді. Этнограф алдымен «қарт» сөзінің этимологиялық мәніне тоқталды.

Қарт

Айтуынша, «Қарт» сөзі ескі түркі тілінен шыққан, түбірі «қар» сөзімен байланысты болуы мүмкін, ол ақ түс, қартаю белгісі ретінде түсіндіріледі. Қарт сөзі қоғамда жасы ұлғайған, тәжірибесі мол, өмір көрген адамға қаратылып айтылады.

Қарт – жасы келген, бірақ әлі де ақыл-ойы кемелденген, қоғамдағы беделі бар адамды білдіреді. Қазақта қарттарды құрметтеу – маңызды дәстүр. Қарт адамдарды ақылшы ретінде қабылдайды, олар әулеттің ұйытқысы болып саналады. Қазақта «Қарты бар елдің қазынасы бар», «Қарты бар үй-қазына», «Қарттар – үйдің құты» сынды мақал-мәтелдер бар, – дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Шал

Болат Бопайұлы «Шал» сөзінің түбірі көне түркі тілінен бастау алатынын айтты. Бұл сөз «кәрілік» ұғымымен байланысты, бірақ кейбір деректерде «шалыс» сөзімен ұқсастық бар, яғни бір нәрсенің өз табиғи күйінен ауытқуы деген мағынанын білдіретінін жеткізді.

Шал сөзі көбінесе жасы ұлғайған ер адамға қатысты қолданылады, бірақ кейде ол кемсітушілік немесе жеңіл мазақ ретінде айтылуы мүмкін. Шал сөзі адамның физиологиялық жағдайына – қартайып, күш-қуаты кемігенін бейнелейді, – дейді этнограф.

Шал дегеннің қартайғаны,

Алтын дегеннің сарғайғаны.

Шал өлмей, қыдыр жоламас.

Ақсақал

Этнограф «Ақсақал» сөзі «ақ» және «сақал» сөздерінен құралған. Ақ – даналықтың, пәктіктің белгісі, сақал – ер адамның бейнесін көрсететін нышан. Ақсақал – жасы келіп, сақалы ағарған, беделі жоғары адам деген мағынаны беретінін тілге тиек етті.

Ақсақал сөзі қоғамда үлкен беделі бар, парасатты, ақыл-кеңес беретін адамға қатысты қолданылады. Ақсақалдар маңызды шешімдер қабылдауда басшылық етеді және оларды тыңдау – дәстүрлі құндылық, – дейді сарапшы.

Ақсақалдың сөзі – қылыштың жүзі.

Ақсақалы бар ауыл азбайды,

Атасы бар бала тозбайды.

Абыз

Сондай-ақ этнограф Болат Бопайұлы «Абыз» сөзі көне түркі тілінен алынғанын, бұл сөз бастапқыда рухани жетекшілерді, діни рәсімдерді басқаратын адамдарды білдіргенін атап өтті. Абыз – қасиетті білім мен тылсым дүниелердің иесі, жасы үлкен, рухани тұлға.

Абыз – терең білімді, даналыққа толы адам. Бұл сөз тек жасы келген адамға ғана емес, рухани білімнің иесі, мәдениет пен салт-дәстүрлердің сақтаушысы болған адамға қатысты айтылады. Абыздар көбінесе дәстүрлі түрде кеңес беруші, атақты ақын, жырау ретінде ел есінде сақталады, – дейді ол.

Абыздың сөзі – ақылдың көзі.

Абыздар мен билердің сөзі

Тұнған тарихтың өзі.

Қара шал

(қарапайым қарт)

Бұдан өзге этнограф қара шал тіркесіндегі «қара» сөзі қарапайым, халықтан шыққан деген мағынада қолданылатынын айтты. «Қара шал» ауылдағы қарапайым, ешқандай лауазымсыз, бірақ жасы ұлғайған адамды білдіреді.

Қара шал – өзінің өмір тәжірибесі бар, ауылдың ортасында жүрген, бірақ ерекше билігі немесе беделі жоқ қарапайым қарт адам. Ол жас кезінен ауыл тіршілігіне араласқан, еңбекқор адам ретінде суреттеледі. Олардың өмірлік тәжірибесі мол болғанымен, атақты би немесе абыз емес, десе де ауыл арасында құрметке ие, – деді.

Қара шалдың қара сөзінде,

Қара теіңдей көп қазына бар.

 Қара шалыңды құрметте,

 Ол – сенің ертеңгі тариқың.

Кемеңгер

«Кемеңгер» сөзі қазақ тілінде «кемел», «жетілген», «толық» деген мағынадағы сөздерден шыққан. Кемеңгер – толыққанды, жан-жақты білімі мен өмірлік тәжірибесі мол адам.

Кемеңгер деп қоғамға айтарлықтай үлес қосқан, терең білім мен ақылға ие адамды атайды. Бұл атақ үлкен құрметтің белгісі, ол тек жасы бойынша ғана емес, интеллектуалдық және рухани деңгейін көрсетеді, – дейді Болат Бопайұлы.

Кемеңгердің сөзі – елдің сөзі.

Тарихтың  телегей теңіз өзі.

Кемеңгер кісі көпке қызмет етеді,

Кемелсіз кісі қара басына етеді.

Бұл атаулар қазақ мәдениетінде жасы келген ер адамдарға құрмет көрсету мен олардың әлеуметтік рөліне байланысты қолданылатын маңызды ұғымдар болып табылады. Әр атау адамның мәртебесін, ақыл-парасатын және өмірлік тәжірибесін бейнелейді, ал мақал-мәтелдер осы атаулардың терең мағынасын аша түседі, – деді этнограф.

Пір

«Пір» сөзі парсы тілінен енген, оның бастапқы мағынасы – рухани жетекші, діни ұстаз. Ол діни және рухани білімге ие адамды сипаттайды, көбінесе сопылық ілімде қолданылған.

Пір – рухани ілімге терең бойлаған, шәкірттерге жол көрсететін ұстаз ретінде құрметтеледі. Қазақ халқының дәстүрінде пір адамдарға ерекше қасиет беріліп, оларға шәкірттері тағзым етеді. Бұл атау тек жасы үлкен адамға ғана емес, рухани жетекшіге берілген жоғары құрмет белгісі, – дейді.

Пірдің батасы – құттың атасы.

Пірсіздің түбі – зындан, шөл.

Сүңгі ақсақал

«Сүңгі» сөзінің түбірі «сүңгі» деген қарумен байланысты болуы мүмкін. Бұл жерде бұл атау ерлік пен қайсарлықты білдіреді. Сүңгі ақсақал – жасы үлкен болса да, әлі де күш-қуаты бар, қайратты адамды сипаттайды.

Сүңгі ақсақал» деп жасы ұлғайса да, өмірден қажымаған, әлі де ерлікке қабілетті, қайратты, белсенді өмір сүретін қарт адамдарды айтады. Мұндай адам ауылдың ақылшысы ғана емес, үлгі тұтар тұлға ретінде саналады, – дейді этнограф.

Сүңгі ақсақал – ауылдың қорғаны.

Сүңгі ақсақалдың алдында сөз сөйлегеннің тілі байланады.

Шежіре қарт

«Шежіре» сөзі «тарих», «ата-баба тарихын білу» деген мағынаны білдіреді. Шежіре қарт – өзінің әулетінің, руының немесе елінің тарихын терең білетін адам.

Шежіре қарттар – халықтың тарихи жадысы, олар атадан балаға мұра болып келген шежірені сақтап, жеткізіп отырады. Мұндай қарттардың білімі ауыз әдебиетінің, әулет шежіресінің маңызды бөлшегі болып табылады. Олардың сөзін тыңдау қазақ қоғамында құрметтің белгісі, – деді.

Шежіре қарт – елдің тірі кітабы.

Шежіре сақталған елдің,

Шежірешісі де сақталады.

Төбе би

«Төбе» – биіктікті білдіретін сөз, ал «би» – сот, ақылшы, төрелік етуші тұлға дегенді білдіреді. «Төбе би» – жоғарғы дәрежелі билердің бірі, өзінің даналығымен, әділдігімен танылған тұлға.

Төбе би деп елдің ішкі-сыртқы мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаратын, халықтың қалауымен таңдалған және құрметтелген би атаған. Төбе би атағына жасы да, білімі де, әділдігі де сай болуы керек. Ол ел бірлігін сақтауда маңызды тұлға, – дейді Болат Бопайұлы.

Төбе би болсаң – төтен сөзді бол.

Төбе би болардың тілі өткір,

Әділі қатты болады.

Қазмыр қария

Қазымыр қария мен қазыналы қария – қазақ тіліндегі екі ұғым, екеуінің арасында терең мағыналық айырмашылық бар. Олардың  мінез-құлықтары мен қоғамға тигізетін әсері арқылы ажыратылады.

Қазмыр қария — әдетте мінезі қытымыр, сөзінде көп даналық байқалмайтын, өзіне ғана мән беріп, кеңесші болуға құлықсыз немесе терең ой-толғамсыз жүретін адам. Мұндай қариялар жиі сыншыл, кертартпа, ұрпаққа өнеге қалдырудан алшақ болады. Қоғамда беделі төмен болуы мүмкін, себебі өмірлік тәжірибесін басқаларға игілік етіп жеткізудің орнына, көбінесе шағым айтып, кейде өз ортасына кері әсер етуі ықтимал, – дейді этнограф.

Сондай-ақ сарапшы қазмыр қария сөзінде, әрекетінде даналық байқалмайтын, көбінесе шағым айтып жүретін адам болса, қазыналы қария  ұрпаққа мол тәжірибе, рухани байлық беріп, олардың өміріне бағыт-бағдар беретін, елдің арқа сүйер ақылгөйі екенін айтады.

Қазыналы қария

Қазыналы қария — даналықтың, терең өмірлік тәжірибенің символы. Бұл кісілер өткен мен бүгінгінің арасындағы көпір іспетті, рухани байлығы мол, жас ұрпаққа тәлімгерлік етеді. Мұндай қариялар әрбір сөздерімен, іс-әрекеттерімен ұрпаққа бағыт-бағдар көрсетіп, салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды сақтауға және жеткізуге үлкен үлес қосады. Олардың айтар ақылы, өмірлік тағылымдары мен білімі қазақ қоғамында жоғары бағаланып, беделді тұлға ретінде құрметке ие болады. Қазыналы қариялар тек отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің ақылшысына айналып, олардың сөзі ел ішіндегі маңызды мәселелерді шешуде салмақты орын алады.

Қазақта жасы ұлғайған адамдарды сипаттайтын атаулар тек олардың жас ерекшелігін емес, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік рөлін, беделін, даналығын, тәжірибесін көрсетеді. Әрбір атау қазақ халқының өмірінде үлкен маңызға ие, себебі бұл сөздер арқылы қоғамдағы қарттарды құрметтеу, оларға деген сыйластықтың көрінісі байқалады. Бұл атауларды дұрыс қолдану арқылы жастар мен үлкендердің арасындағы байланысты нығайтып, қазақтың бай рухани-мәдени мұрасын сақтап, жеткізуге болады, – деді белгілі этнограф Болат Бопайұлы.

Этнограф-жазушы Бекен Қайратұлының сөзінше, қарттық физиологиялық тұрғыда жасының ұлғаюы мен санасының өсуі, тәжірибесінің толысуы, кемелденуі, былайша айтқанда ақыл айтып, дүниенің ақ пен қарасын ажырата білетін, жол сілтейтін деңгейге жету деген сөз. Мұндай адамды қазақ «абыз» дейді.

Бір ақынның «Шал дегеніміз – шалдыққан адам» деп айтқан сөзі бар. Шалдыққан деген сөз ақылы кемелденбеген деген мағынаны білдіреді. Ал қария әулет басқаруға ыңғайлы, яғни әулет басшысы саналады. Бұл атаулардың өзінің сипаты болады. Абыздың бойында имани қасиет бар. Бойы нұрға толы адам. Қоғам тек абыздан құралмайды. Шалы да, қариясы да, шалдыққан адамдары да бар деген сияқты, – дейді Бекен Қайратұлы.

Сонымен қатар бәрін байыппен қарайтын, бойына сіңіріп қорытып отыратын, ашуға берілмейтін адамды «ақылды қария», «дана адам» деп айтатынын тілге тиек етті.

Абай атамыз адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Атамыздың қара сөздерінде: «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды»  деп кесіп айтқан. Мұсылман болу деген сөз намаз оқып отыр дегеннен гөрі шарттарды біл, кең пейілді, ырысты бол, пәле мен жаладан, еліңді сақта, қырағы бол, кетіп бара жатқан баланың жүрісіне қарап қайда және не мақсатпен бара жатқанын кемел адамдар байқап біліп отырған, – деді этнограф-жазушы Бекен Қайратұлы.

Қазақстанда жасы 100-ден асқан қанша адам бар

Елімізде 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 қария бар. Ең көп өмір сүретіндер еліміздің оңтүстік өңірінде кездеседі. Мәселен Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар.

Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша еліміздегі екінші орында ең ірі қаламыздың бірі – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады.

Қазақ қарт, абыз, ақсақал деп кімдерді атаған?

Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 қария бар.

Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға