Жаңалықтар

«Бауыздау құда». Қазақ халқы бір-бірімен қалай құдаласқан?

«Бауыздау құда». Қазақ халқы бір-бірімен қалай құдаласқан?
Фото: Коллаж El.kz 24.09.2024 14:00 8220

Құдалық — болашақ туыстар арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін қазақтарда маңызды болып табылатын рәсім. Қазіргі уақытта қазақтар осы дәстүрлерді заманауи шарттарға бейімдей отырып, мәдени болмысын және ата-баба мұрасына деген құрметін сақтау үшін ұстанып келеді. Осы ретте El.kz тілшісі сарапшылардан қазір құдаласуда көп қолданылмай ұмыт болып бара жатқан дәстүрлер туралы сұрап көрді.

Аудармашы, ақын, балалар әдебиетінің белді өкілінің бірі Байбота Қошым-Ноғай балаларының болашағын ойлаған ата-ана ерте бастан ұлы мен қызын атастырып, сөз байласқанын, соның ішінде «бауыздау құда» деген сөздің шығу төркінін ашып айтып берді.

Кейбір өңірлерде «бауыздау құда» деген атау да жоқ

Қазақта «Құдасын Құдайындай сыйлайды» деген сөз бар. Әдетте құда түсуге ер адам жүреді. Ол «бас құда» немесе «бауыздау құда» болуы мүмкін. Егер жігіт жағында үлкен кісілер (жігіттің атасы мен әкесі) болмаса, ағалары мен інілері, нағашылары құда түсе береді. Құда түсуге жігіттің аға-інілері барса, олар «омыртқа құда», нағашылары жағынан барған құда «қабырға құда» деп аталады. Бұл – ежелден келе жатқан дәстүр. Қият Есугейдің қоңырат Дай шешенге барып, Темучинге (Шыңғысханға) Бөртені қосып, құда болатынын еске алыңыз. Құдалықтың «бел құда» (құрсақ құда), «бесік құда» деген де түрлері бар. Оны да ер адамдар шешеді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қарабай мен Сарыбай бел құда болып, балалары дүниеге келмей жатып құдаласады ғой. Бір-біріне қыз берісіп, қыз алысқан құдаларды «қарсы құда» деп атайды. Ал сүйек жаңғыртып, құдалығы ары қарай жалғасқан құдаларды «сары сүйек құдалар» дейді.

Бас қосқан жігіт пен қыздың аталары, әкелері, аға-інілері, туған-туыстарының бәрі де құда аталады. Тек жұбайлардан ересек ер адамдарды «құда», жасы кіші ер адамды «құда бала», жасы үлкен әйелдерді (құдалардың әйелдерін) «құдағи», жасы кіші қыз-келіншектерді (құдалардың қыздарын) «құдаша» деп атайды. Құдалар бір-бірін Құдайдай күтіп, төрге шығарады.

Ісмет Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігінде» «бауыздау құда» тіркесіне «қыз айттыруға ең алғашқы құда болып барған адам» деп түсініктеме береді. Сондай-ақ «тұңғыш құда түсуге барған адамға арнайы сойылған малдан келіп шыққан ескі дәстүр» деп ұғындырады. Бұл сөздің де қисыны бар сияқты. Бірақ құдалыққа барған сайын осы «бауыздау құда» деген сөзге үнемі талас туып жатады. Кейбір өңірлерде «бауыздау құда» деген атау да жоқ. Бір жерлерде жігіттің атасы – «бас құда», әкесі – «бауыздау құда» аталады. Бұл атау өте ертеде пайда болып, тұлғалық жағынан көп өзгеріске түскен сөз болса керек деп ойлаймын.

Қазақ тілінде «мауыздай» деген сөз бар. Алып тұлғалы ірі жігіттерді «мауыздай жігіт» дейді. Сондай жігіттердің басы қосыла қалса, «мауыздай-мауыздай жігіттер екен» деп жатады. Бұл сөз «өте iрi, алпамсадай» деген мағынада қолданылады. Ал осы «мауыздай» деген сын есімнің түбірі (мауыз) қандай мағына беретінін қазір ұмытқанбыз. «Мауыз» түбірі тек «жалмауыз» сөзінің құрамында ғана сақталып қалған.

Кейбір ғалымдардың жазуы бойынша, қалмақ тiлiндегi «мус» сөзi «жалмауыз» мәнiнде қолданылса, тува тiлiндегi «моос» тұлғалы сөз ертегiлерде кездесетiн қара дәу, дию, марту секілді керемет қорқынышты демонологиялық тұлға мағынасын ұғындырады екен. Ал бұл сөз көне түркі тайпаларында (сондай-ақ моңғол тілді тайпаларда) исламға дейінгі көпқұдайлықтың кезінде «жаратушының» бір аты ретінде қолданылған сыңайлы. Кейін мағыналық өзгеріске ұшыраған деп топшылауға болады.

Көне түркі тілінде «тег» сөзі («Теңрі тег теңріде болмыш») қазақ тіліндегі сын есім жасайтын «дай//дей» жұрнақтарының орнына қолданылған. Сонда «мауыз+тег» (мус+тег // мооз+тег) сөзі «мауыздай» тұлғасына түсіп, м/б, й/у дыбыстарының сәйкестігіне байланысты «бауыздау» болып айтылып кеткен тәрізді. Ол сөздің де түпкі мағынасы «Құдайдай» деген ұғымға келеді. Яғни «бауыздау құда» дегеніміз де «Құдайдай құда» болып шығады. Демек қазақтың «Құдасын Құдайындай сыйлайды» деген сөздері бізге беймәлім өте ерте замандарда қалыптасқан болып тұр ғой...

Қазіргі құдаласу мен бұрынғы құдаласудың айырмашылығы жер мен көктей

ҚР Мәдениет саласының үздігі, қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнограф Бұлбұл Кәпқызы қазақтың салт-дәстүрінде бауыздау құда, бел құда, бесік құда сынды құданың түрі көп екенін айтады. Соның ішінде бауыздау құда нағыз үйленіп жатқан жігіт пен қыздың құдаласқан әкелері немесе бас құда бір-біріне бауыздау құда болып саналады.

Негізгі құданы бауыздау құда деп айтып жатады. Бірақ бұл атау еліміздің барлық өлкесінде қолданыла бермейді. Ал қыз бен жігіттің (негізгі құданың) інілерін, ағаларын қазақ «омыртқа құда» дейді. Баланың өзімен тусықан күйеу баланың аға-інілері болса жас құда, құда бала деп айтады. Қазіргі құдаласу мен бұрынғы кездегі құдаласудың айырмашылығы жер мен көктей. Бір кездері көңіл құда, бесік құда сынды құданың түрі көп болған. «Көңіл құда» деген көңілдері жарасқан достар қатар үйленіп, егер сенің әйелің ұл тапса, менің әйелім қыз тапса біз құда, ажырамас дос боламыз деп бір-бірімен серттескен, – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

Ал бесік құданың белгісі қыз бесікте жатқанда ұлдың әке-шешесі асыққа үкі байлап әкеліп бесікке тағады. Сол кезде оны бесікте жатқанда құда түскен екен деп түсінуге болады.

Қазір мұндай салттар көп орындалмайды. Кезінде құдаласудың бір-бірімен байланысатын ең бір түрі жаушы деген болған. Қыз бен жігіт танысқаннан кейін жаушы болып келеді. «Дос басқа қарайды, жаушы балаққа қарайды» деген сөз бар. Сонда жаушы бір балағын етігінің ішіне салып келетін де дәстүр болған. Сол кезде балағыңды жи, төрге шық деп төрден орын береді. Жақсы сөйлесіп, мәмілеге келіп болғасын жібереді, – дейді этнограф.

Бұдан өзге кейбір кездерде құдандаласқанда сол ауылдыан барып қыз көру деген болған. Қыз көрген кезде егер сол ауылдың қызы ұнайтын болса қамшы тастайды. Қамшы ұмытып кету деген дәстүрлер болған. Соның бәрі қазір орындалмайды деп отыр.

Қазір жастар өздері келісіп үйленеді. Негізі өзім ерте кездегі бесікке құда түсу, бір-бірімен таныс жандардың құдандалы болу деген дәстүрді қолдаймын. Балалар жасынан бірге қатар өсіп, үйленгенде олар ажырамаған. Ал бүгінгі құдалық деген бес күн танысып, үйлене береді. Бір-бірінің мінезіне шыдамай артынша ажырасып жатады. Сондықтан бұрынғы дәстүр әдемі болаған, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.

Сондай-ақ қазір көпшілік құда мен құдашаны, құдағи мен құданы ажырата алмайтынын жеткізді.

Жасы үлкен болса құдағи, жасы кіші болса құдаша дейді олай емес. Құдаша деген сол құда болып жатқан ауылдың қызы,ал құдағи деген сол ауылдың келіні. Қыз 90-ға келсе де құдаша, құдағи 20-да болса құдағи болып қалады. Неге десеңіз ол сол ауылға келін. Ал сол үйден шыққан қыз құдаша. Осы екеуін де ажырата білу керек деп ойлаймын, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.

Құдалық отбасылық байланыстарды нығайтуға бағытталған

Бүгінгі таңдағы құдалық дәстүрі туралы қазақ халық дәстүрлері кітаптың авторы, қоғам қайраткері Бақыт Оспанова айтып берді.

Белгіленген күні күйеу жігіттің туыстары бас құданың басшылығымен қалыңдықтың ата-анасының үйіне келеді. Делегация тақ санды адам мөлшерінен, әдетте 5-7 адамнан тұрады. Қонақтарды қуана, ән айтып, шашу шашып қарсы алады, кейін дастарханға жайғастырып, сый көрсетеді. Бас құда өзінің міндеті жайлы айтып, күйеу жігіттің отбасын таныстырады. Сырға салу дәстүрі көбінесе осы күні өткізіледі, – дейді қоғам қайраткері.

Сондай-ақ мерекенің ерекшелігі мол дастарқанда, оның ішінде «құйрық-бауыр» екі жақ бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болсын деген наныммен жасалатын тағам барын айтады. Бұдан өзге қалыңдықтың ата-анасына қалың мал төленіп, сыйлықтар беріледі. Анасы қызды туып, өсіргені үшін ана сүтінің ақысы – көп мөлшердегі ақша немесе қымбат алтын бұйым және құдағи қоржын бір қап сый алады.

Сондай-ақ өлі-тірі ұсынылады. Бұл тек тірілерге ғана емес, өмірден өткен ата-бабаларға деген ризашылықтың белгісі. Әкелінген мал сойылып, өлілерге дұға бағышталады. Рәсім жауап ретінде берілетін киіт сыйлауымен аяқталады., әдетте бұл – әдемі кестеленген шапандар, бас киімдер, әйелдердің ұлттық әшекейлері. Қоржын да қалыңдықтың отбасының сыйлықтарымен толтырылып қайтарылады. Құдалық төс қағыстыру рәсімімен бекітіледі, мұндай құдалар бір-бірін құшақтап, амандық пен өркендеуді тілейді, – дейді Бақыт Оспанова.

Құдалық отбасылық байланыстарды нығайтып, болашақ отбасының берік іргетасын құруға бағытталған. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген нақыл сөз осы жерден шыққан.

Бұл туыстық қатынастың орнағанын көрсетеді

Этнолог Дәулет Жайлыбаев қазақ қоғамында «күйеу жүз жылдық, құда мыңжылдық» деген жақсы сөз барын жеткізді. Бұл туыстық қатынастың орнағанын көрсетеді деп санайды. Кейіпкеріміз құдаласудың бірнеше түріне тоқталды.

Басынан бастап айтатын болсақ бел құда дейміз. Яғни, бел құда дегеніміз жақсы қарым-қатынаста жолдас, дос болған адамдар үйленбей тұрып, баласы болмай жатып серттеседі. Сенде қыз менде ұл болса, біз тамыр боламыз деп айтады. Мұндай құдалықты бел құда деп атаймыз, – дейді ол.

Бесік құда бойынша жақсы қарым-қатынастағы дос-жарандар бесіктегі ұл-қыздарын атастырып қояды. Бесік құда мен бел құданың жалпы құдалықтан өзіндік ерекшелігі бар.

Бел құдада қалың мал берілмейді. Яғни, бұрыннан кесілген дәстүр болған соң оған қалың мал бекітілмеген. Ал қалған қалыптасқан кәделер жасала береді. Есік құдада бірінің ұлы, екіншісінің қызы бар, қыз алысуға болатын адамдар, құдаласу салты бойынша, қалыңмалын алдын ала өтеп те қояды. Оны «қарғы бау» деп атайды, – деді Дәулет Жайлыбаев.

Қазақ халқында құда жолына, жасына қарай жіктелген. 

Бас құда – жігіттің де, әйелдің де ең жақын туысы, жөн-жоралғыны білетін беделді ағайыны. Ол ерекше сый-сияпатқа, құрметке ие болған, жолы үлкен деп есептелген. Құдалықты бастап барған бас құдаға ең бағалы сый берілген. 

Халық дәстүріне сәйкес «сүйек жаңғырту», «сүйек шатыс» деген сөздер жиі кездеседі. Бұл да үйлену, құдалық жолына байланысты шыққан ғұрып. Бұрын құдандалы болып бірі мен бірі сыйласқан екі жақ, екі ру бұрыңғы іліктікті қайта жалғастыратын болса, оны «сүйек жаңғырту» деп атаған. Яғни, бұл бұрынғы үзілген құдалық қайта жалғасты деген сөз. Жалпы қазақ рулары бұрын-соңды құдалық салтты бұзбай қыз алуды немесе қыз беруді үнемі қадағалап, кей жағдайларда еске салып отырған. Қанаттас, қоныстас отырған екі елдің бұл қарым-қатынасы елдің тұтастығы мен бірлігі, әлеуметтік жағдайына да қатысы болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға