Жаңалықтар

Елордада «Ұлылар үні» жобасы аясында турнир өтіп жатыр

Жарыс аясында ләңгі, арқан тартыс, бес асық, стрит воркаут, шаңғы роллерлері бар
Елордада «Ұлылар үні» жобасы аясында турнир өтіп жатыр
06.07.2022 15:32 975

Елордада қала күніне орай «Ұлылар үні» жобасының аясында көше спорты және ұлттық ойын түрлері бойынша турнир өтіп жатыр, — деп хабарлайды El.kz порталы  baq.kz- ке сілтеме жасап.

Жарыс аясында ләңгі, арқан тартыс, бес асық, стрит воркаут, шаңғы роллерлері, футбол, стритбол, веложарыс, үстел теннисі, гір спорты және тағы басқа спорт түрлері бар.

— Көше спортын дамыту және жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 17-ге жуық көше спортының түрлері және ұлттық ойындар бойынша турнирлер ұйымдастырылып жатыр. Оның аясында жеңімпаздар анықталып, оларға медаль-кубоктар, әртүрлі сыйлықтар беріледі. Бірінші орындарға ақшалай сыйлықтар да қарастырылған, — дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әлфараби Нұркенұлы.     

Оның айтуынша жарысқа қатысушылар әлеуметтік парақшаларда жарияланған хабарландырулар бойынша жиналды және олардың басым бөлігі 16 жасқа дейінгі балалар. Қатысушылар арасында «Астана жастары» ЖРО-ға қарасты аула клубтарының мүшелері де бар. Жүгіру, стрит воркаут сияқты спорт түрлеріне жасөспірімдер мен жастардан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтары да тіркеліп, қатыса алады. 

— Бұл шараны ұйымдастыру үшін Триатлон паркінен 7-8 локацияны алып турнирлермен қатар, street workout, freestyle сияқты жастар арасында танымал спорт түрлерінен мастер-кластар да өткізіп жатырмыз, — деді Әлфараби Нұркенұлы.

Триатлон саябағында спорттық жарыстардың ішінен бірінші басталған футбол турнирінің қатысушысы Дамир Атабаев жарыстың қызықты өтіп жатқанын айтты.

— Бұл жарысқа қаладағы 5 футбол командасы жиналды. Бұл жарыс мен үшін қызықты өтіп жатыр. Көңіл күйім керемет. Алла қаласа, бірінші орынды бізді команда алады деп ойлаймын, — деді ол.

Айта кету керек, спорттық іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға