Жаңалықтар

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың 58%-ы еңбекке жарамды

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың 58%-ы еңбекке жарамды
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 26.06.2024 17:18 8766

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ЕХӘҚМ басшысы сөз басында бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар 725 мыңнан астам адам тұратынын, оның 58%-ы еңбекке жарамды, 26,9%-ы зейнеткерлік жаста, 15,1%-ы 18 жасқа дейінгі балалар екенін хабарлады.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін оларды әлеуметтік оқшаулау, кемсітушілік, инфрақұрылымның жеткіліксіз қолжетімділігі, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктер, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасының төмендігі және басқа да мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Оларды шешу үшін Мемлекет жүйелі шаралар кешенін дәйекті түрде қабылдауда, – деді Светлана Жақыпова.

Қазақстанда 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылуда. 2023 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттама ратификацияланды.

Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді, оның ішінде: мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру.

Сондай-ақ республикада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты.

Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне көтерілуге кепілдік беріледі.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері 7%-ға өсті. Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда: бірінші топ үшін – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың теңгеге дейін; екінші топ үшін – 71,4 мың теңгеден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топ үшін – 48,7 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін өсті.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылардың саны 541,8 мың адамды құрайды, ал оның орташа мөлшері – 74 мың теңге. Бұл ретте соңғы 6 жылда мүгедектігі бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті, – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Екінші деңгей (міндетті) – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер. Олардың мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Үкіметтің шешімдеріне сәйкес МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты көтеріледі, 2024 жылы – 7%-ға артады. Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алды, олардың орташа мөлшері 57 мың теңгеден асады.

Үшінші деңгей – егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен жұмыскердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған жағдайда сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері.

Қазіргі уақытта 871 ұйым мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.  2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру енгізілуде, бұл жеке бизнесті тартуға ықпал ететін болады. Бұл шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында «сыйымдылығы шағын үйлер» жобасы басталды, оның мақсаты тұрғылықты жері бойынша мүгедектігі бар балаларды күндізгі күтіммен және әлеуметтендірумен қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру болып табылады.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 35 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған тағы 12 оңалту орталығын салу жұмыстары жүргізілуде. Орталықтар Семей және Тараз қалаларында ашылған. Биыл Кентау және Ақтөбе қалаларында орталықтардың құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар еліміздің алты өңірінде аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальдық бұзушылығы бар балаларға (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары, Шымкент қаласы) арналған күндізгі болу орталықтары ашылды.

Бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істеп келеді. Портал оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткішін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ұсыну процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін Порталдың қолжетімді мобильді нұсқасы енгізілді.

Қазақстанда бірінші топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адамға жеке көмекшілердің, 8 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады. 147 инватакси қызметі жұмыс істейді, олардың қызметтерін 25 мыңға жуық адам пайдаланады.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Біріншісі – ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс орындары санының 2-ден 4% - на дейінгі мөлшердегі жұмыс орындарын квоталау. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 4 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Екіншісі – жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жабдықтау бойынша жабдықтарды сатып алу, монтаждау және орнату шығындарын өтеу үшін субсидиялар беру. Осы тетік шеңберінде жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. 2018 жылдан бастап субсидиялау шеңберінде 600-ден астам жұмыс орны ұйымдастырылды.

Үшіншісі – мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды көздейтін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту. Жыл басынан бері аталған шаралармен 11,6 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, оның ішінде 8,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бұдан басқа 2023 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына бизнесті дамытуға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде гранттар беріледі. Қазіргі уақытта 702 мүгедектігі бар  адам осындай қолдауға ие болды.

Қазақстанның барлық өңірлерінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген нысандарды бейімдеу бойынша 35 мыңнан астам басым нысандар анықталды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2021-2022 жылдарды ескере отырып, 13 857 нысан бейімделді.

2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретіне кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Өткен жылы әлеуметтік инспекторлар барлығы 1 127 тексеру, 2024 жылдың басынан бері 1396 тексеру жүргізді. Өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бейімдеу іс-шараларын жүргізуде оң динамиканы атап өтті.

2024 жылы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру саласындағы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысының негізгі бағыттары.

Біріншісі – ҚР инклюзивті саясатының тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау, оны іске асыру әрбір азамат, дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан, лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құруға мүмкіндік береді.

Екіншісі – азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, олардың сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау.

Үшіншісі – халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

Төртінші – техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау. Бірінші кезеңде ортопедиялық аяқ киім мен гигиеналық құралдарды монетизациялау қарастырылады.

Бесінші – оңалту іс-шараларының тиімділігін бақылауға және жақсартуға көмектесетін цифрлық оңалту күнделігін әзірлеу.

Алтыншы – Әлеуметтік саланы дамытудың бірінші ұлттық ғылыми орталығын жаңғырту. Оның базасында мүгедектігі бар адамдарды табысты, тиімді оңалту мақсатында жаңа технологияларды әзірлеу жөніндегі жекелеген зертханалар құрылатын болады.

Жетіншісі – әрбір азаматқа жеке және тиімді тәсілді ұсынатын әлеуметтік және кәсіптік оңалтудың цифрлық хаттамаларын енгізу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға