Жаңалықтар

Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерін тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға шақырды

Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерін тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға шақырды
Фото: Ақорда 04.07.2024 18:01 998

Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл сала Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақ жері – ежелден түрлі өркениеттер тоғысқан мекен. Үлкен Еуразияның бірегей мәдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беруге тиіс және солай боларына сенімдімін. Осы орайда мәдени орталықтар ашу пәрменді шара саналады. Бүкіл ШЫҰ аумағында осындай жобалардың жүзеге асырылуы елдеріміз арасында барынша тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл іске жастарды белсенді тарту маңызды. Осы ретте олардың жан-жақты дамуына және өзара қарым-қатынасын жандандыруға барынша жағдай жасау қажет, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсыныс айтты.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға