Жаңалықтар

Әйелдер күресі. Дәусары апа

Тарихтан қазақ әйелдері белдесуге шығып күрескендіктері туралы деректер көптеп кездеседі.
11.03.2014 06:52 6517

Көне грек жазушысы Эллиан (б.з.б. ІІ-ІІІ ғасырлар) сақтардың әдет-ғұрыптары туралы жаза келіп, мынадай деректер келтіреді: «...егер сақ жігіті үйленгісі келсе, алдымен өзінің болашақ қалыңдығымен күресіп жеңуі қажет. Олай болмаған жағдайда, жігіт сол қыздың қол астына күтуші құлы ретінде өтеді», – деп жазылған.

Тарихтан қазақ әйелдері белдесуге шығып күрескендіктері туралы деректер көптеп кездеседі.

Әйелдер күресі. Дәусары апа

Бірде ауылдастары әйгілі балуан Қажымұқаннан: «Шынымен, сенен мықты жан болмаған ба?» – десе:

– Бір қыз болды, – дейді Қажымұқан. – Канада қызы, онымен жігіттік дер кезімде кездестім деп әңгімесін жалғастырыпты.

«Күшті қыз» деп естіген соң, «Әуелі ауырлық  көтеріп  сынасайық деп», әрқайсысы 10 пұттан – жиырма пұт гірді аспанға кезек-кезек лақтырып, қаршып тұрдым. Қыз менен кейін он бес пұттан отыз пұт гірді қаршыды. Содан кейін «бұлшық күші менен артық екен» деп жорыдым да, «қазақ әйелмен күрескенді намыс көреді» дегенді сылтауратып, күреске түспедім деген екен.

Енді «Қажымұқан белдескен әйел» атты деректі әңгімеден үзінді келтіре отырып, қазақ әйелдерінің арасында күші мен ақылы, батылдығымен көзге түскендер көптеп кездесетінін және олар туралы деректерді жинақтау қажеттігін айтқымыз келеді.

Қажымұқан балуанның күрескен әйелдің шын аты – Ханымгүл. Ел ішінде ол кісіні «Дәусары апа» деп атап кеткен. Қажымұқанмен кездескенге дейін Ханымгүл үлкен тойларда белдесуге шыққан әйел-еркектің бәрін жыққандығы туралы айтылады.

«... 1944 жылы шілдеде Көмеш күнгейіндегі Ленин колхозында Қажымұқан өнер көрсетуге келіп қалады. Басқарма төрағасы Кеңірдек елінен шыққан Шаймұраттың үйіне келіп түседі. Бастықтың әйелінің аты Түймехан еді. Дәусары апа жақын келіндері Орынкүл және Әсиямен көрші тұратын. Қонақ күтуге қолғабыс беруге екі келін Түймеханның үйіне келді.

Есік алдында жатқан үлкен кебіске көздері түсті. «Осындай да дәу кебіс болады екен ау» деп таңқалады. Орынкүл ізінше кейін қайтып, әлгі көргендерін Дәусары апаға айтады. Апаның жұмыстан келіп отырған беті екен. Дереу жиналып, көрші үйге бас сұғады. Ауызғы бөлмеде жатқан кебісті еліп көрді. Міне, керемет! Апаның өзіне арнап тіккендей кебіс аяғына шап-шақ келді.

– Бұл әдіре қалғыр кімдікі өзі? Егесі осы жерде ме? – деп сұрайды үй иесінен Дәусары.

– Иә, ол кебіс Қажымұқан балуандыкы. Таңертең келген, үйде жатыр, – деді Түймехан.

– Құдай бұйыртса бұл біздікі шығар, барып күш сынасып көрейік, – деп Дәусары жымиып күлді. Сосын есіктің сыртынан келіп:

– Бұл Қажымұқан неғып жатыр, әй?! – деп дауыс салады. Атақты балуан селк ете қалып, ізінше тіктеліп қайта есікке қарады. Есіктен әрең сыйып, көлденеңдеп кіріп келе жатқан әйелді көреді. Алып денесімен жарасым тапқан Дәусарының буранының санындай жуан балтырлары Қажымұқанның көзіне бірден түседі.

Дәусары кірген бойда Қажымұқанға қол ұсынып амандасты. Сосын Қажымұқанды орнынан жұлқып көтеріп алып, кеудесіне тақап қысып-қысып жіберді. Қажымұқанға: «Дереу күресеміз!» – деп талап қояды. Сасып қалған Қажымұқан:

– Үйде күресеміз бе, әлде далада күресеміз бе? – деп сұрайды. Сонда Дәусары апа:

– Қалауың білсін, – деп кесіп айтады.

«Мынау әйелдің айтқаны шын ба, әлде әзіл ме?» деп ойланып тұрғанда, Дәусары шапшаң қимылдап, Қажымұқанды қарулы қолмен қарына қысып алып, тіп-тік аспанға көтереді де, жердегі көрпеше үстіне жығып салды. Күрес өнерінде әйел балуанмен белдесіп, осыншама бұла, долы күштің сиқырлы қуатын Қажымұқан бұрын бастан кешпеген еді. Дәусары апаның алып құшағынан босанып, оған енді үлкен ілтипатпен көз салады. Айрықша шапшаңдығына таңқалып, қайратына риза болып, бас иеді. Еуропалық тәртіппен Дәусарының қолынан сүйді. Сосын Дәусары апаға:

– Ел ішінде қанша жыл жүрсем де сен сияқты тұлғасы алып, қайратқа дарқан әйел адамды алғаш рет көруім. Оның қазақ әйелдерден шыққанына қуанып отырмын. Әлемдік сахнада танылмай кішкене ауылдың түкпірінде ұзақ жыл жасырып, қайратыңызды ұзақ жыл ұстап келіпсіз. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Бәйгеге қалағаныңды ал. Ел аралап қаражат жинап жүрмін, керегінше ақша алғын, – дейді.

Дәусары апа атақты балуанның жүзіне тіке қарап:

– Бәрекелді ерім, ықыласыңа рахмет! Ұсынған ақшаңды майданға жібер. Соғыстағы жауынгерлерге қаржы болсын. Олар жауды жеңіп, елге оралсын. Маған мына кебісіңді қисаң болғаны. Соның өзін үлкен сыйлық деп білемін, – дейді.

Қажымұқан сөзге келместен қайыстан тігілген шегірен зерделі кебісін Дәусарыға ұсынады. Балуан апа кебісті қуана қабылдайды. Сол жерде жиналған ағайын Дәусарының сыйлыққа алған кебісіне құтты болсын айтады.

... Дәусары апа 1954 жылы күзде 84 жасында дүние салды. Сүйегі ОҚО Көмекші Бүгілдегі зиратқа қойылған. Ескерткішке қалдырған Қажымұқанның кебісін үлкен қызы Ажарға қастерлеп сақтауды тапсырыпты».

Деректер Елемес Әлімхановтың еңбегінен алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға