Солтүстік Қазақстан ЭГЖ ерекшеліктері, табиғат жағдайы мен ресурстары және халқы
05.12.2012 10:39
49155
Солтүстік Қазақстан мемлекетіміздің негізгі егіншілік ауданы. Ауданда жаздық бидайдың негізгі бөлігі егіледі. Аудан аймағы пайдалы қазбалар мен энергетика ресурстарына бай. Солтүстікте ең қуатты Екібастұз көмір кені және дүние жүзіндегі ең қуатты көмір кесіндісі «Богатырь» орналасқан.
Солтүстік Қазақстанның экономикалық-географиялық жағдайы салыстырмалы түрде қолайлы, республиканың шеткі және Ресеймен шекаралас ауданы. Біріншіден, Ресейдің Орал жәнө Батыс Сібір экономикалық аудандарымен шектеседі. Екіншіден - аумағы аркылы ірі темір жол магистралі өтеді.
Солтүстік ауданның табиғат жағдайы да қолайлы. Жер бедері, негізінен жазық болып келеді. Торғай үстірті, Қазақтың ұсақ шоқысы және Солтүстік Қазақстан жазығы. Климаты континенталды - жазы коңыржай ыстық, қысы суық болып келеді. Жауын-шашынның орташа мөлшері солтүстігінде 300-430 мм болса, оңтүстігінде 200-300 мм. Жауын-шашынның 70%-ы жылдың жылы кезеңдерінде түседі. Қар қалыңдығы солтүстігінде 40 см, оңтүстігінде 20 см-ге дейін жетеді. Топырақ жамылғысына келетін болсақ, негізінен құнарлы қара және орманның сұр топырағы, шалғынды дала топырағы мен қоңыр топырақ кездеседі. Жалпы алғанда топырағы мен климаттық жағдайы қолайлы болғандықтан егіншілікпен шұғылданады. Бірақ жылы кезеңдердегі (әсіресе көктем, жаз) аңызақ желдер және ылғалдың жетіспеуі - топырақтың құнарлылығын төмендетеді.
Табиғат ресурстары
Солтүстік Қазақстан минералды ресурстарға бай. Сондықтан да өнеркәсіпті дамытуға мүмкіншілігі бар. Көмір - Екібастұз, Майкүбі, Обаған алаптарында, темір кені шикізатының 83%-ы Қостанай мен Лисаков алаптарында шоғырланған. Ауданда Қазақстандағы ірі алтын кен орындарына Василков, Жолымбет, Бестөбе, Ақбейіт (Ақмола облысы), Майқайың (Павлодар облысы) жатады. Боксит - Амангелді мен Қызыл Октябрь кен орындарында, мыс - Бозшакөлде, асбест - Жітіқарада, ас тұзы - Коряков, Тобылжан, Қалқаман кенінде, Солтүстік Қазақстан облысында Обухов титан кен орны зерттелініп, игеруге дайындауда.
Солтүстік Қазақстанның барлық жерінде құрылыс материалдары кездеседі - тас, саз, кварц құмы, отқа төзімді саз, әктас (Керегетас). Солтүстік Қазақстан сонымен бірге жер ресурсына бай аймақтың бірі. Жалпы жер ресурсының 90%-ы ауыл шаруашылығына қолайлы жерге жатса, оның 61%-ы жайылым; 37%-ы егіншілікке пайдаланылады. Табиғат жағдайынын, қолайлылығы аумағының барлық жерінде егіншілікпен және мал шаруашылығымен шұғылдануға мүмкіншілік береді.
Су ресурстарына жеткілікті аймақ. Аудан аймағында көлдер мен көптеген өзендер кездеседі.
Ауданда бірнеше су қоймалары салынған. Оның ішінде ең ірілері Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы (Есіл өзені, ауданы 117 км²) және Қостанай облысындағы жоғарғы Тобыл су қоймасы (Тобыл өзені, ауданы 87,4 км²). Аудандағы табиғаттың керікті жерлеріне Шортанды-Бурабай курорттық зонасы Қорғалжын және Наурызым қорықтары, Баянауыл және Көкшетау ұлттық саябақтары жатады. Табиғатының осындай әсем жерлерінде рекреациялық ресурс түрінде пайдалану үшін демалыс үйлері, санаторий, туристік базалар жұмыс істеп, туристердің сұранысына ие болып отыр.
Халқы
Республика халқының 24%-ы Солтүстік Қазақстан ауданында тұрады. Еңбек ресурсы жоғары аудан. Экономикалық белсенді халықтың үлесі 73%, жұмыссыздардың үлесі орта есеппен 7,8%. Солтүстік ауданның урбандалу деңгейі 58%. Қала халқының үлесі төмен облыстарына Солтүстік Қазақстан (35%) және Ақмола облысы (48%) жатады.
Мемлекетіміздің басқа аймақтарына қарағанда халықтың орналасуы біркелкі, орташа тығыздығы 1 км2-ге 5,4 адамнан келеді. Ірі өзен аңғарларында халықтың орналасу тығыздығы жоғарыласа, қиыр Оңтүстігіндегі аудандарда халық сирек қоныстанған. Аудан жеріндегі ұсақ ауылдар көбірек кездесіп, арақашықтығы бір-бірінен ондаған километрге алысырақ орналасқан. Ауданның ұлттық құрамы күрделі, негізінен қазақтар, орыстар, украиндар, белорустар, татарлар, немістер, мордвалықтар, поляктар, еврейлер, т.б. халықтар тұрады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жанұя - қос жүректің одағы