Жаңалықтар

"Су туралы мәселе жоқ, тұрғындар арақ ішпейді": Маңғыстауда ауыл әкімі жазылмаған заң туралы айтты

"Су туралы мәселе жоқ, тұрғындар арақ ішпейді": Маңғыстауда ауыл әкімі жазылмаған заң туралы айтты
Фото: otpannews.kz 13.11.2024 19:06 337

Маңғыстау облысындағы Онды ауылының әкімі Қуаныш Жәнібекұлы "арақ ішпейтін ауылды" қалай басқарып отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

Онды ауылында бүгінге мыңға жуық адам тұрады. Соған сәйкес кәсіпкерлік нысандар саны да аз ғана мөлшерде. Біз 2021 жылы ауылда "Аналар кеңесін" құрдық. Олардың өзі бастама көтеріп, ауылда арақ сатпау туралы бастама көтерді. Сол арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастардың бұзақылыққа бармауы, қылмыстың алдын алу, жол-көлік оқиғасын болдырмауды көздейді. Негізінен тұрмыстық келеңсіз жағдайдың дені алкоголь өнімдерін тұтынғаннан болады деп қорытындылап, кәсіпкерлер өздері қолдау білдіреді. Екі жылдан бері дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайды. Түсіністік танытқан кәсіпкерлерле ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамын, - деді Қ.Жәнібекұлы. 

Сонымен бірге, жас шенеунік ауылда соңғы жылдары болған игі өзгерістерді сөз етіп, ІІМ тарапынан оң бағасын алғанын ерекше атады. 

Біздің ауыл Әбіш Кекілбайұлының туған жері болғандықтан рухани мәселеге қатты көңіл бөлеміз. Кезінде ішкі істер министрі болған Марат Ахметжанов арнайы Алғыс хатымен марапаттаған. Кейін ішімдікке бейім болу деген мәселе студенттік пен жасөспірім кезеңнен басталады. Олардың басқа жерден алуға мүмкіндіктері жоқ. Іргетасы дұрыс қаланса, оларға ары қарай жат әдеттен аулақ болып салауатты өмір салтын ұстану қиынға соқпайды, - деді ол.

Еліміз бойынша үздік ауылдан санатына Онды ауылы арнайы кітапқа енген. Бұл туралы әкім өз сөзінде атап өтті. 

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шыққан "Қазақстанның үздік 30 ауылы" деген кітапқа Маңғыстау облысынан 2 елді мекен енді. Оның бірі Таушық болса, екіншісі Онды ауылы, - деді Қуаныш Жәнібекұлы. 

Маңғыстау облысы өзге өңірлермен салыстырған шөлейт аймаққа жатады. Бұл ретте Онды тұрғындары соңғы жылдары тал егуді үрдіске айналдырған көрінеді. 

Біздің ауыл Қаратаудың етегінде орналасқандықтан сулы жер, бұлақтары өте көп. Осыны ескере келе, 100 гектар аумақты қоршап, мыңнан астам жеміс ағаштарын отырғыздық. Бұл тек әзірге бастамасы ғана. Бұған ауыл тұрғындары да қолдау білдіріп, өздерінің ауласында тал көшеттерін отырғызуды қолға алды. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығына қосылған үлес, екінші жағынан экология тазалыққа бастау десек те болады. Көпшілік Маңғыстау құм басқан жер деп біледі. Біз соған қарсы осындай жұмыстады жүзеге асыруға бел будық. Ол үлес тек ниет керек, - деді Онды ауылының әкімі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға