Жаңалықтар

Ботақарада туып, БҰҰ-ға шақырту алған қазақ қызы

Ботақарада туып, БҰҰ-ға шақырту алған қазақ қызы
Фото: жеке мұрағат 30.10.2024 11:00 11063

Жанель Сембаева Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында туып-өскен. Юрий Гагарин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Nazarbayev University-ге (NU) оқуға түседі. Ал қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымында (FAO) жұмыс істеп, ең үздік қызметкері атанған. El.kz тілшісі қарапайым ауыл мектебін бітірген қыздың жетістікке жету құпиясын сұрап білді.

Адам қандай да бір мақсатқа ұмтылса, түбінде соған жетеді деп ойлаймын. Алайда ол үшін еңбек етіп, табандылық таныту қажет, сондай-ақ жақындардың қолдауы мен бармақтай бақтың да өз орны бар. БҰҰ-да жұмыс істеуді мектеп кезімнен армандайтын едім, жаһандық мәселелерді шешіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға қолдау көрсеткім келді. Өзім ауылда өсіп-өнгесін, ауылдық жерлерді дамыту мен ауыл тұрғындарына көмектесу мені ерекше қызықтыратын. Сол себепті магистратураның соңғы курсында жүрген кезде UN FAO-ның астаналық кеңсесінде тағылымдамадан өту мүмкіндігін жібермей, пайдаланып қалу керек деп шештім, - деп бастады оқиғасын ол.

Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден сәтті өткесін, Жанель көптен күткен шақырту қағазын алады. Осылайша, кезінде туған ауылын дамытуды аңсаған қазақ қызы халықаралық ұйымда осы бағыт бойынша жұмысын бастайды. Оның айтуынша, бұл асуды бағындыруға бірден-бір себепші болған өзі білім нәрімен сусындаған NU мен ата-анасының қолдауы.

NU студенттерінің ең мықты қабілеттерін дамытуға басымдық береді – қазіргі кезде оқу орнының түлектері тек қана Қазақстанның емес, сондай-ақ әлемнің дамуына септігін тигізуде. Alma mater үйреткен академиялық тұтастық пен адалдық қағидаттары менің кәсіби және тұлғалық дамуыма тірек болды. Айта кету керек, NU-дың trust transfer effect-і мықты – жұмыс берушілер арасында университет түлектерінің оң имиджі қалыптасқан, бұл, өз кезегінде, оқу орнының жаңа түлектеріне сәтті жұмысқа орналасып кетуге жол ашады. NU әрқашан менің визит карточкам болмақ, мен де өз тарапымнан жоғары стандарттар қалыптастыруға тырысатын боламын. Осы уақытқа дейін жүріп өткен жолыма көз салсам, барлық өсім NU-дан басталғанын байқаймын, - дейді Жанель.

Қарапайым ауыл мектебінің оқушысына тек ағылшын тілінде білім беретін NU-ға түсу оңайға соққан жоқ. Себебі ауыл мектебінде STEM бағыты бойынша зертханалар мен жоғары оқу орнына түсуге дайындайтын арнайы курстар болмаған. Сол себепті Жанельдің әкесі қызын Қарағандыға бір жыл бойы дайындық курстарына тасыған.

Ол кездері жаңадан ашылған NU көбіне әдемі заманауи ғимараттарымен, жасыл атриумымен, ондағы үлкен пальмаларымен ғажайып әлем сияқты көрінетін. Осындай оқу орнына шақырту алу мен үшін Хогвартсқа шақырту алғанмен тең болды, — деп еске алды ол.

“Экономика бакалавры” атанғаннан кейін Жанель Италиядағы Sapienza University of Rome-ға шақырту алады, алайда оқуын NU-да “Мемлекетттік саясат” бағдарламасы бойынша жалғастыруға шешім қабылдайды. Айтуынша, бакалавриатта алған терең экономикалық база мен магистратурада меңгерген саяси ілім оны БҰҰ сияқты халықаралық ұйымда жұмыс істеуге лайықты маман етті.

- Жанель, қазіргі кезде сіздің FAO-да жұмыс істеп жатқаныңызға үш жылдан асты. Жұмысыңызда қайдан шабыт аласыз?

- FAO-да жұмыс істеу жаһандық аштық мәселелерін шешуге, тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігі, аграрлық азық-түлік жүйелерін инклюзивті қайта құру және тұрақты даму сұрақтарына араласуға мүмкіндік береді. Мені күн сайын шабыттандыратын нәрсе осы. Мұндағы үш жыл жылдам өтті, осы уақыт ішінде мен өзімнің білімім мен қабілеттеріме сенімді бола бастадым, сондай-ақ әрі қарай қалай дамығым келетінін нақты түсіндім.

Алғашында тағылымгер ретінде бастап, серіктестік және байланыс маманы қызметіне өстім, одан кейін 2023 жылы кіші бағдарлама талдаушысы, ал 2024 жылы бағдарлама талдаушысы болдым. 2023 жылы “Best FAO Young Employee” сыйлығымен марапатталдым, бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Сол жылы мен FAO-ның Римдегі штаб-пәтерінде өткен Қазақстан Президенті мен FAO-ның Бас директорының кездесуінде қазақстандық делегация қатарында болдым, бұл мені елімнің және әлемнің дамуы үшін еңбек етуге одан әрі қанаттандыра түсті.

Мен үшін нағыз мотивация – жұмысымның жемісін көру, командам мен басшылықтың қолдауы, өсіп, түрлі адамдармен байланыс орнатып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестеріммен тәжірибе алмасу мүмкіндігі. Менің жұмысым бір жоба немесе бағдарламамен шектелмейді, мен климаттың өзгеруі контекстінде аграрлық азық-түлік жүйелері саласында бейімделу және жеңілдету шараларына бағытталған түрлі бастамаларды әзірлеу және іске асырумен айналысамын. Осылайша, менің әр жұмыс күнім мағынаға толы өтеді, себебі мен адамзат үшін маңызды мәселелерді шешуге ат салысамын. FAO-дағы жұмыс көп мүмкіндік ашып, өзім сияқты әлемді өзгерткісі келетін жандармен бір ортада өсіп-өнуге мүмкіндік береді.

- Әрі қарай қандай жоспарларыңыз бар? Сіздің БҰҰ-дағы жұмысыңыз еліміздің дамуына қандай ықпалын тигізеді деп ойлайсыз?

- Жақын арада мен азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылдық жерлерді дамыту жұмыстарының әртүрлі аспектілерін қамтитын жобалардың кең портфолиосын белсенді түрде жүзеге асырып жатқан FAO-ның басқа өңірдегі кеңселерінде тәжірибе жинағым келеді. Бұл FAO жұмыс істейтін әлемнің әртүрлі бөліктеріндегі өңірлік мәселелерді шешудің қиындықтары мен стратегияларын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін еді. Оған қоса ұйымның Еуропа мен Орталық Азия бойынша кеңсесінде және Римдегі штаб-пәтерінде жұмыс істеу – тағы бір маңызды мақсаттарымның бірі. Бұл қызметтер БҰҰ-ның жүйелі тәсілін зерттеуге, тұрақты даму саясаттары мен бастамаларының жаһандық ауқымда қалай жүзеге асырылатынын, аштықты жою және тұрақты болашақты қамтамасыз ету мақсаттарына жету үшін елдер арасындағы күш-жігердің қалай үйлестірілетінін көруге мүмкіндік береді.

Менің келесі мақсатым – уақыт өте келе тұрақты даму мен мемлекеттік саясат мәселелерін ілгерілетуге маманданған халықаралық сарапшы қызметіне дейін өсу, бұл маған ұйымның жұмысына жаһандық деңгейде елеулі үлес қосуға мүмкіндік бермек. Қазір менің БҰҰ-дағы қызметім Қазақстанды қолдауға бағытталған: мен азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты ауыл шаруашылығын нығайтатын жобалармен жұмыс істеймін, бұл біздің өңіріміз бетпе-бет келіп отырған климаттың өзгеруі контекстінде аса маңызды. Бұл міндеттер елдің әлеуетін арттыруға және ұзақ мерзімді тұрақты даму үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Болашақта жаһандық тұрақты дамуға ықпал ету және табысты тәжірибелерді әртүрлі елдердің жағдайына бейімдеу үшін басқа өңірлерде жинаған тәжірибемді қолданғым келеді.

- NU-ға түскісі келетін ауыл мектептерінің оқушыларына қандай кеңес берер едіңіз? Жалпы үздік университетте оқу қаншалықты қиын?

- Шынымды айтайын, оқу оңай болған жоқ. Әсіресе басында қатты қиналдым – академиялық тәуелсіздікке үйрену қиынға түсті, оқу бағдарламасы да ден қоюды талап етті. Алайда қайталап өтейін, еңбек пен табандылық, жақындарымыздың қолдауы арқасында ойлаған нәрсенің бәрін жүзеге асыруға болады. Өз тәжірибемнен айтарым, мен көмек сұрауға, басқаларға өзімнің кемшіліктерімді көрсетуге қысылдым. Алайда көмек сұрау білу де – жақсы қасиет, бір тапсырманы үш сағат қатарынан шеше алмай отқанда немесе жақсы дайындалған емтиханнан сүрініп қалғанда көмек сұрау керек. Бұл жолда жалғыз емес екеніңді түсіну маңызды, көмек сұрау – әлсіздік емес, үйренуге, қателікті түзетуге деген ұмтылыс. Еліміздің ең үздік университетіне білім алып, даму үшін келгеніңізді ұмытпаңыз.

Сізге сенім артпайтын, қолдау көрсетпейтін адамдарды тыңдамаңыз. 2012 жылы NU-ға түсу ниетімен ата-анаммен дайындық курстарын жағалап жүрген кезде бәрі айды армандамай, бірінші жай университетке түсіп алу керек деген болатын. Ауыл мектептерінің түлектері NU-ға түсе алмайды деген түсінік болды. Осы айтылғандардың бәрін тыңдасақ, менің оқиғам мүлде басқаша болар еді. Сол үшін өзіңізге сеніп, арманыңыздан бас тартпаңыз. Бірден болмаса да, адам түбінде өзінің қалағанына жетеді.

Менің оқиғам ауыл мектептерінде білім алып жатқан балаларды қанаттандырады деп сенемін. Қарапайым мектептен еліміздің ең үздік оқу орнына түсуге болады, ал ол, өз кезегінде, болашаққа керемет мүмкіндік ашады. Сол үшін еңбек етіп, арман жолын қуыңыздар!

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға