Жаңалықтар

Шайсұлтан Шаяхметұлы туралы

Ана тіліміз туралы толғанып, оның бүгінгі және келешектегі тағдырына ой жібергенде көз алдымызға тіл жанашыры, қазақтың қайраткер азаматы, өзімнің інім Шайсұлтан Шаяхметұлының жарқын бейнесі келеді. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Шайсұлтан Шаяхметұлы көзі тірісінде тәуелсіздік тұғырының бірі саналатын мемлекеттік тілдің қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосқан, мол еңбек сіңірген азамат болатын. Оның сонымен қатар ғалым, ақын, педагог, спортшы да болғаны белгілі. Ол тілдің тағдырын ойлауды өмірінің соңына дейін жадынан шығарған емес, осы жолда күресіп, талай асудан өтті. Ардақты азамат жайлы үзеңгілес замандастарының бірі: «Шәкеңнің барлық қабілетін атамай-ақ, тек ғалымдығын, ақындығын, спортшы екенін және басқа істерін бөліп алып тарқата айтсаң да, тұлғалық бейнесі ашылады» дегені есімізде. Шайсұлтан Шаяхметұлының ана тілін өркендетуге қатысты атқарған ұшан-теңіз еңбегі, оның ұлтжандылығы, күллі саналы ғұмырын халыққа білім беру саласына арнағаны, еліміздің басынан өткен нағыз қиын, өтпелі кезеңінде жеті жыл Білім министрі болғаны, бойындағы бар күш-жігері мен талантын, өмірден жиған бай тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін өзі басқарып отырған министрлікті қиын-қыстау кезеңнен аман алып шығып қана қоймай, түбірімен жойылып кеткен жүздеген қазақ мектептерін ашқызуға мұрындық болғаны ұлты үшін туған азаматқа лайық істер болғаны сөзсіз. Еліміздегі «Тіл туралы» Заңды жүзеге асыру, сондай-ақ қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолдануына жағдай жасау білім беру қызметкерлеріне үлкен әрі жауапты міндеттер жүктегені белгілі. Шайсұлтанның өзі: «…Ана тілін үйрену, меңгеру негізінен балабақшада, мектеп қабырғасында қалануы керек. Онсыз ешбір тіл бойға құт болып дарымайды, ойға опа болып жарымайды» деген екен. Осыған орай тоқырау жылдарында ешқандай негізсіз жабылып қалған қазақ мектептерін қалпына келтіру үшін өзі басқарған министрліктің назары осы мәселеге ауды. Соның нәтижесінде тек 1989 жылы ғана 137 қазақ балабақшасы және 83 қазақ мектебі жаңадан ашылып, жұмыс жасай бастады. Ана тілін өркендету жолында табан­ды күрес жүргізген қайраткердің мына бір сөздері оның зор тұлғасын айшықтап тұрғандай әсер қалдырады: «…Істің тоқетері – ең әуелі қазақ қауымына деген жанашырлық, ізгі ниет керек, құлық қажет. Бұл үшеуі болмайынша, мемлекеттік тіл жөнінде жасалып жатқан шаралар орта жолда тынады, ешқашан нәтижесі болмайды» деген. «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болу үшін бес нәрсе керек. Біріншісі – машинистка, екіншісі – ісқағаздары қазақ тілінде жүруі керек, үшіншісі – қазақ тілінде стенографистика мектебін ашқан жөн, төртінші – қазақ тіліне аударатын аудармашылар тобы жылма-жыл ұлғайып, айрықша есепте тұруы керек, бесінші – қазақ тілінің мұғалімдері әрі сапалы, әрі мол болсын. Осы бес тармақ іске аспайынша мемлекеттік тілдің жайы мандымайды» деген. Шайсұлтан басқарған министрлік осы мәселелерді іске асыру жолында қыруар жұмыс атқарды. Шәйіт Молдахметұлы
21.10.2013 04:47 3650

Ана тіліміз туралы толғанып, оның бүгінгі және келешектегі тағдырына ой жібергенде көз алдымызға тіл жанашыры, қазақтың қайраткер азаматы, өзімнің інім Шайсұлтан Шаяхметұлының жарқын бейнесі келеді.
Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Шайсұлтан Шаяхметұлы көзі тірісінде тәуелсіздік тұғырының бірі саналатын мемлекеттік тілдің қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосқан, мол еңбек сіңірген азамат болатын. Оның сонымен қатар ғалым, ақын, педагог, спортшы да болғаны белгілі. Ол тілдің тағдырын ойлауды өмірінің соңына дейін жадынан шығарған емес, осы жолда күресіп, талай асудан өтті.

Ардақты азамат жайлы үзеңгілес замандастарының бірі: «Шәкеңнің барлық қабілетін атамай-ақ, тек ғалымдығын, ақындығын, спортшы екенін және басқа істерін бөліп алып тарқата айтсаң да, тұлғалық бейнесі ашылады» дегені есімізде.
Шайсұлтан Шаяхметұлының ана тілін өркендетуге қатысты атқарған ұшан-теңіз еңбегі, оның ұлтжандылығы, күллі саналы ғұмырын халыққа білім беру саласына арнағаны, еліміздің басынан өткен нағыз қиын, өтпелі кезеңінде жеті жыл Білім министрі болғаны, бойындағы бар күш-жігері мен талантын, өмірден жиған бай тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін өзі басқарып отырған министрлікті қиын-қыстау кезеңнен аман алып шығып қана қоймай, түбірімен жойылып кеткен жүздеген қазақ мектептерін ашқызуға мұрындық болғаны ұлты үшін туған азаматқа лайық істер болғаны сөзсіз. Еліміздегі «Тіл туралы» Заңды жүзеге асыру, сондай-ақ қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолдануына жағдай жасау білім беру қызметкерлеріне үлкен әрі жауапты міндеттер жүктегені белгілі.
Шайсұлтанның өзі: «…Ана тілін үйрену, меңгеру негізінен балабақшада, мектеп қабырғасында қалануы керек. Онсыз ешбір тіл бойға құт болып дарымайды, ойға опа болып жарымайды» деген екен. Осыған орай тоқырау жылдарында ешқандай негізсіз жабылып қалған қазақ мектептерін қалпына келтіру үшін өзі басқарған министрліктің назары осы мәселеге ауды. Соның нәтижесінде тек 1989 жылы ғана 137 қазақ балабақшасы және 83 қазақ мектебі жаңадан ашылып, жұмыс жасай бастады.
Ана тілін өркендету жолында табан­ды күрес жүргізген қайраткердің мына бір сөздері оның зор тұлғасын айшықтап тұрғандай әсер қалдырады: «…Істің тоқетері – ең әуелі қазақ қауымына деген жанашырлық, ізгі ниет керек, құлық қажет. Бұл үшеуі болмайынша, мемлекеттік тіл жөнінде жасалып жатқан шаралар орта жолда тынады, ешқашан нәтижесі болмайды» деген.
«Қазақ тілі мемлекеттік тіл болу үшін бес нәрсе керек. Біріншісі – машинистка, екіншісі – ісқағаздары қазақ тілінде жүруі керек, үшіншісі – қазақ тілінде стенографистика мектебін ашқан жөн, төртінші – қазақ тіліне аударатын аудармашылар тобы жылма-жыл ұлғайып, айрықша есепте тұруы керек, бесінші – қазақ тілінің мұғалімдері әрі сапалы, әрі мол болсын. Осы бес тармақ іске аспайынша мемлекеттік тілдің жайы мандымайды» деген. Шайсұлтан басқарған министрлік осы мәселелерді іске асыру жолында қыруар жұмыс атқарды.

Шәйіт Молдахметұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға