«Шахтёр » Албаниядағы алғашқы жаттығуын өткізді
Қарағандылық «Шахтер» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде жергілікті «Скендербеу» клубына қарсы жауапты матчын өткізу үшін Албания астанасы Тиранаға келді.
Футболшыларымыз қонақ үйге жайғасып, «Скендербеудің» ойынын тамашалау үшін «Динамо» стадионына бет алды. Алаңның сиқынан кісі шошиды, отыратын орындықтары санаулы ғана, оның өзіне адам отыруға қорқады. Алаңның сапасы ойын өткізетіндей емес.
Алайда, ертеңгі матч бұл алаңда өтпейтінін білген спортшыларымыздың көңілі жайланғандай болды. Мұнда да «Астана-Арена» секілді елдің бас аренасы «Кемаль Стафа» стадионы бар екен.
Бүгін екі команда осы бас алаңда матч алдындағы жаттығуларын өткізіп, бас бапкерлер баспасөз мәслихатын өткізеді. Ал кездесу тамыздың 6-сынан 7-сіне қараған түні Астана уақыты бойынша 00:00-де өтеді. Ойынды KazSport телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Естеріңізге саламыз, екі команда арасында Астанада өткен алғашқы кездесуде 3:0 есебімен қазақстандықтар жеңген болатын. Гол соққан футболшылар Алдин Джидич, Роман Мұртазаев және Сергей Хижниченко.
Baq.kz