"Менің атым Қожа" - қазақ киносының бойтұмары
«Менің атым Қожа» атты шығарманың өзі де, сол шығарма негізінде түсірілген фильм де қазақ өнерінің биігінде тұр. Ол киноны көрмеген бала кемде-кем. Тіпті, баламен бала болып теледидардан көрсетілсе, үлкені де, кішісі де қайталап көруге асық. Фильмнің көрерменге жол тартқанына тура жарты ғасыр болса да, кітабы мен кинодискісі сөреміздің алдыңғы қатарында тұрады.
Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев пен марқасқа режиссер А.Қарсақбаевтың атағын дүр сілкіндірген - «Менің атым Қожа» фильмі. Екі алыптың жолдарының кездесуіне себепші болып, қазаққа мәңгі өшпес дүние қалдыруға атсалысқан Тахауи Ахтанов еді. Б.Соқпақбаев; «Жұмыс орнымда отыр едім.Біреу хабарласып, Тахауимен сөйлесті. ол болса, өзің келсең, мында өзі де отыр, не нәрсе болсада шешуге болады ғой деді де телефонды қоя салды. Бердібек сен осы балаларға арналған шығармаларыңды киноға дайындасаң қалай болады? Жаңа ғана Абдолла деген режиссерді шақырдым. Киноға келсек, ол үлкен талант. Нағыз таптырмайтын адам деп отыр еді, екі мұрты едірейіп, Абдолла да келді. Абдоллаға қарап; Мына кісінің үлкен жазушы екенін білесің ғой деді, ол ия деді. Сендер бірігіп жұмыс істесеңдер қайтеді деді, Абдолла; Бұл кісінің Қожасын өзім көптен бері зерттеп жүр едім, енді өзі келіссе, деді, мен болсам; бұрынырақ сценарийді жазып көрмегенмін деп едім, Тахауи; Жазбасаң, жазасың. Алдыңдағы сценарийлерді қайсысы жақсы, қайсысы жаман екенін көріп отырған жоқсың ба? Мына Абдолладай тәжірбиесі мол адаммен бірігіп жасайтын болсаң, қадамдарың сәтсіз болмас. Әумин деді» Сонымен екі алыптың әңгімесінен кейін, Бердібектің өз өмірінен алынған Қожасы фильмге айналып кетті.
Талантты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың түсірген «Қожасы» - тырнақалды көркем көркем фильмі болатын. Ә дегеннен ақ көрерменді баурап алып, ықыласына бөленді. Тіпті шетелдіктердің өзі қайран қалып жатты. 1967ж Францияның Канн қаласында өткен халықаралық фестивальде режиссерлік шеберлігі үшін бәйге алды. Бұған дейін де, бұдан кейін де қазақ киногерлері мұндай үлкен бәйгеге ие болмаған. Фильм Орта Азия бойынша екінші дәрежелі дипломға ие болды. Журналистердің «Өзіңізге ерекше ұнайтын туындыңыз?» дегеніне де ол: «Қожам» депті шімірікпей.
Қазақ кино өнерінің майталманы, режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінің жарыққа шықққанына биыл 50 жыл. Балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаев шығармасының желісімен түсірілген бұл фильм қанша жыл өтсе де көрерменнің сүйікті фильмдерінің бірі.
Тәртіпсіз, қиялшыл әрі ұтқыр ойлы Қожа арқылы берілген қарапайым ауыл баласының бейнесі көрерменді бір жағынан күлкіге кенелтсе, екіншіден кездейсоқ оқиғалардан жолын тауып шығып кетуге болатын құйтырқы әрекетімен көрерменге тартымды болды. 1963 жылы жарық көрген «Менің атым Қожа» Абдолла Қарсақбаевтың алғашқы көркем фильмі еді. Бұл туынды сол кезде 37 жаста болған режиссерді әлемге танытты. 1967 жылы Францияның атақты Канн халықаралық фестивалінде режиссерлік шеберлігі үшін бас жүлдені жеңіп алды. Бұл қазақ киносының сол кездегі үлкен жетістігі болды. Жазушы Бердібек Соқпақбаев шығармаларында көбіне өзінің балалық шағын суреттеген. Соның ішінде «Балалық шаққа саяхат» пен «Менің атым Қожа» повестері бар. Автордың 1957 жылы жарық көрген «Қожасы» бірнеше тілге аударылып, Франция, Польша, Чехославакия мен Болгарияда басылып шықты. Повестің желісімен түсірілген фильмді түсіруге режиссер Тұрар Дүйсебаев, оператор Михаил Аранышев, композитор Нұрғиса Тілендиев үлес қосты. Басты кейіпкерлерді Бекен Римова, Раиса Мұхамедиярова, Кененбай Қожабеков сынды белгілі әртістер ойнады. Ал, Қожаның роліне келетін баланы табу оңай болмапты. Түскі асқа шыққан фильмнің бас операторы Михаил Аранышев пен екінші режиссер Тұрар Дүйсебаев көшеде екі оқушы қыздың артынан қуып бара жатқан баланы көріп қалып, ұстап алады. Қырсық мінезді баланың аты Нұрлан Сегізбаев екен.