Ж.Әбілғожин: Кейбір тарихшылар Қазақстанның өткенін өзіне ыңғайлап өзгертіп алады
Оның айтуынша, кең хронологиялық диапазонды қамти отырып, Қазақстан тарихын жазғысы келетін кейбір адамдар тарихшы емес. Олар отандық тарихты тартымды еткісі келеді де, ойдан шығарылған фактілерді қоса жаза салады.
«Кейбір тарихшылар, мысалы, Шыңғыс хан немесе Атилла қазақ болған деп жазады, бұл шындық емес әрине. Отандық тарих Абылай хан, Әбілхайыр, Бөгенбай батыр, Шыңғыс Уәлиханов сынды көптеген өз батырларына толы. Сондықтан, өзге елдің батырына деген қажеттілік жоқ», – деп санайды тарихшы.
Оның айтуынша, Қазақстан тарихының көлемі Еуразиялық кеңістіктегі өзге халықтардың тарихынан шағын емес.
«Өкінішке қарай, мұғалімнің оқушыларға немесе студенттерге ғылыми монографияны оқып беретін уақыты жоқ, ал «ертегі» оңай оқылады. Сондықтан мұндай кітаптар көп адамды қамтитын белгілі бір ортада кең таралады», – деді Ж.Әбілғожин.
Ол жалған тарихшылар өз еңбектерінде халық атына жоғары мәдениет пен қалалардың пайда болуын «таңып» қойғысы келетінін айтты.
«Олар қандай да бір ономастикалық, топонимикалық үндестіктер ұстанымы бойынша жазады. Мысалы, Римнің негізін түріктер қалаған және ол түріктің «ырым» сөзінен бастау алады дейді. Ал латынша Рим – бұл «Рома» дегенді білдіретінін мүлде қаперіне де алмайды. Ватикан Батый хан есімінен бастау алады дегенді де айтады. Мұндай мысалдар өте көп. Кейбір мұғалімдер осының барлығын өзінің сенімді аудиториясына әңгімелеп береді. Бұл өте қауіпті. Себебі, мұндай жағдайда тарих ұлттың нығаюына, жалған отандық тарихпен тәрбиеленетін патриоттық сезімнің қалыптасуына емес, қоғамдық сананы бағыттан шатастыруға әкеліп соғады», – деді Ж.Әбілғожин.