Италияда «Астана Опера» опера және балет театрының гастролі өтуде
Италияда «Астана Опера» Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің гастролі өтуде деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен «Қазақстан – балалық шағымның аспаны» атты Қазақстанның Италиядағы мәдениет күндерінің жалғасы ретінде Елшіліктің қолдауымен Италияның Сицилия аймағында бас дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитденовтің басқаруымен «Астана Опера» Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің гастролі өтуде.
Итальяндық жұртшылыққа еуропалық классика, қазақ фольклорлық және заманауи музыка шығармалары ұсынылуда.
25 шілдеде оркестр музыканттары Катания қаласында өнер көрсетті. «Шығыс пен Батыс арасындағы музыка: Еуропа және Қазақстан» ұранымен өткен концерт адамдарды ынтымақтық және бірін-бірі құрметтеу рухында жақындастыра алатын мәдени диалогтың тамаша үлгісі болды. Жұртшылық қазақстандық музыканттардың көрсеткен өнерін аса жылы қабылдады.
Сицилиядағы қорытынды концерт 31 шілдеде Джела қаласының атақты антикалық театрының сахнасында өтеді. Бұл гала-концертте танымал қазақстандық классикалық және дәстүрлі музыка композиторларының шығармалары орындалады.
«Астана Опера» театрының симфониялық оркестрінің гастролі итальяндық жоғары өнерді бағалаушыларды біздің елдің мәдениетімен, дәстүрлерімен және музыкалық туындыларымен жақынырақ таныстырудың тамаша мүмкіндігі болып табылады.
Мұндай ауқымды, қызықты және шынымен көркем жобаларды жүзеге асыру қазақстандық және итальяндық жұртшылықтың гуманитарлық байланысының әр алуандығын байыта түседі, деп итальяндық көрермендер атап өтуде.
Baq.kz