Иран елшілігі Астанада ауызашар берді
Кеше Иран Ислам Республикасының Елшілігі «Нұр Астана» орталық мешітінің жанындағы «Астана» медресесінде Рамазан айының құрметіне арнайы дастархан жайып, ондағы ұстаздар мен шәкірттерге ауызашар жасады,-деп хабарлайды «Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Оған Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Горбан Сейфи бастаған елшілік қызметкерлері келіп қатысты. Алдымен сөз алған «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы Хасан Аманқұлов шәкірттерге бүгінгі ауызашар дастарханының иесі Иран Ислам Республикасының Елшілігі екенін атап өтті.
Мұнан кейін сөз алған елші Г.Сейфи: «Құрметті ұстаздар мен шәкірттер! Биыл үшінші жыл сіздердің араларыңызда болып, ауызашар рәсімінде тұрғаныма өте қуаныштымын. Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен жасаған ғибадаттарыңыз қабыл болсын. Екі мемлекеттің арасындағы тарихи, діни, мәдени ортақтастықтар берік болғандықтан біздің мәдени және саяси ынтымағымыз онан да биік болуы керек. Қазақстан мен Иран осы екі ел арасындағы барлық саланың байланыстары бүгінде жақсы деңгейде дамып келе жатыр», - дей келе шәкірттерге Рамазанның тәрбие айы екенін және оның қадір-қасиеті мен келе жатқан Қадір түнінің мән-маңызын сондай-ақ, бүгінде елімізге, дінімізге қауіп төндіретін эстремистік ағымдардан абай болу қажеттігі жайында сөз қозғады.
Ауызашар соңында елшілік қонағы дұға жасап, медресе шәкірттеріне батасын берді.
Baq.kz