Жаңалықтар

Жетісу облысында аудан-қалалардың мәдениет күндері аяқталды

Жетісу облысында аудан-қалалардың мәдениет күндері аяқталды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі 13.11.2024 05:27 349

Жетісу облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудан-қалалардың мәдениет күні биыл ерекше форматта өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оның іріктеу кезеңі телевизиялық жоба түрінде өтіп, соңы гала концертпен түйінделді. Байқау атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерімізді, рухани құндылықтарымызды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау мақсатында өткізіліп келеді. 

Өңірдің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған өнер сайысы «Дәстүрлі ән», «эстрадалық ән», «күй», «би», «терме, жыр толғау», «ауылдың алты ауызы», «айтыс» сияқты бірнеше номинациялар бойынша өтті. Мұнда бақ сынасқан облыстың сегіз аудан, екі қаласының өнерпаздары алдымен іріктеу турларында өз өңірлерінде өнер көрсетті. Ал електен өткен мықтылар Талдықорғанда финалдық сайыста өзара жарысқа түсті.

Осы күні табысты өнер көрсеткен термешілердің бірі – жаркенттік Нұржан Батбақбаев. Ол халық термесі «Дүние-айды» орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды:

Жыр-термелер қай кезде де көпшілікке жол нұсқайтын, ақыл беретін, ойландыратын сипатта болып келеді. Ол сонысымен де құнды. Менің мақсатым - ұлттық өнерді кәсіби деңгейде дәріптеп, көпшілікке паш ету. Оған осындай байқаулар мен концерттер көп мүмкіндік береді, - дейді ол.

Байқауға әр номинацияның ерекшелігіне қарай, мәселен, «терме, жыр толғау» аталымында дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, Ерболат Шалдыбеков, «айтыс» номинациясына айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, «би» номинациясына биші Талант Қылышбаев сынды кәсіби мамандар төрелік етті.

Мәдениет күндері шарасының қорытындысы ретінде І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мәдениет күндерінің гала концерті мен үздіктерді марапаттау салтанаты атқарылды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға