Астанада велоспорт әуесқойларына арналған велобандар салынады
Астанада велосипедшілер мен велоспорт әуесқойларына арналған ауқымды велобандар салынады. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлады.
«2011 жылы 30 шілдеде №884 Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Астана қаласының бас жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін велобандар салу көзделген» - делінген ақпаратта.
Велобандардың жалпы ұзындығы 74 км құрайды, сондай-ақ, велосипед жолдары, тұрақ орындары, орындықтар және велосипедтерді жалға алу пунктері салынады. Бұдан басқа велосипед жолдарының жалпы қалалық маңыздағы магистраль көшелермен қиылысатын жерлерде жол өтпесін, бағдаршамдар және пандустар салу жоспарланған.
«Велосипед жолдарының үш типін салу қолға алынады. Атап айтқанда, тек велосипедшілерге ғана арналған жеке жол, ортақ қолданылатын жол құрамындағы бетон қоршаумен немесе белгімен оқшауланған велосипед жолы және жаяу жүргіншілер жолының құрамындағы веложолдар, ол да белгімен немесе жиектермен бөлінеді», - делінген ведомство ақпаратында.
Сондай-ақ, велосипедтерді қалдыруға болатын арнайы орындар ұйымдастырылады.
Еске салайық, 2011 жылы Қорғалжын тас жолының аумағында 4 км веложол салынды.