Ақын шығармашылығының басты-басты үш қырыны
Жәкең жаттап алып айтқан «Шора батырдың» нұсқасы отызыншы-қырқыншы жылдары қағаз бетіне түсіп, әртүрлі себептермен жарық көрмей жүрсе, оның жөні бір басқа. Ол жағдаятты бір білсе, кейінгі кезде Ж.Жабаев шығармашылығымен арнайы айналысып жүрген, ұлы жыраудың Оңтүстік Қазақстанда болуы мен Құлыншақ, Майлықожаға шәкіртігі жайындағы дәйекті мағлұматтарды республика жұртшылығына алғаш жариялаушы филология ғылымының докторы Нысанбек Төреқұлов білуі мүмкін деп шамалаймыз. Дегенмен ғалымның 1989 жылдың аяғын ала шыққан «Жүз жасаған бәйтерек» кітабындағы Жәкең жырлады деген батырлар жырларының тізімінен ол кісінің Құлекеңнен үйреніп, жаттап әкеткен Шора батырды таппадық.
Жоғарыда айтқанымыздай, ақын шығармашылығының басты-басты үш қырының біреуі, біреуі болса да бірегейі – табиғаттың, адам өмірі мен тіршілігінің мән-мазмұнына ой жіберіп, кенеулі пікірлер сабақтайтын пәлсапалық сипаттағы өлеңдері мен қысқа-қысқа терме-толғамдары болып табылады. Мұндай шығармалар қатарына «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Енесі жүдеп, нашарлап», «Адамзат – келер, келер, жүзге келер», «Дария білмес иттің сарығанын» деп басталатын дүниелерін атаймыз.
Осылардың ішінде айрықша бөлек, ерекше оқшау тұрғаны – «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» өлеңі. Мұнда дүние, яғни адам өмірі халқымыздың «қасқалдақтың қанындай» деп келетін мәтел сөзіне баламалай алынып, қамысты терең көлдің қолға оңайлықпен түсе қоймайтын қасқалдағына ұқсатылып бағаланады. Сөйтіп, қолға не мүлде түспейтін, немесе түсуі соншама қиын нәрселерге, мәселен, аспандағы сәуле берген жұлдызға, қолдан ұшқан аққуға, аспанда қалықтаған сұңқарға, мұхит бетінде қалқыған кеменің баспалдағына, қанша қашқанмен құтыларлық айла таптырмайтын тағдырға теңелген. Өткендегі қазақ ақындарының баршасына тән тәсілмен, адам өмірінің кезең-кезеңді кездеріне – балалық, балиғат, егделік, сексен, жүз жастардағы қарттық шақтарға сипаттамалар берілген. Бұлай еткенде адамның сәбилік, балалық шағы өмірдің бастамасы есепті қабылданса, сәбидің өсе келе балиғат жасына жетуі тіршіліктің ыстығына күйіп, суығына тоңатын адам баласы үшін бар бейнеттің басталған тұсы, ал балиғат жасынан асқан соң келетін орта жас егделікке аяқ басу деп түсіндіріледі. Қойыны суық қара жердің хабар лебі есе бастаған сексен жастан соңғы тоқсан, жүз жастардағы төмен тасталған еңсе, яғни еңсесі түскен адам кейпінде елестетіледі. Осылай етіп оқырман ойын сан-саққа жүгіртіп, әр қиянға бір салатын ақынның мақсатты түйіні жоғары адамгершілік, имандылық сана асқарына қарай жетелейді.