Қазақстан Жазушылар одағының «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясы
Енді міне, жобасы баспасөзде жарық көріп, жұрт тезіне салынған «Жер туралы» заң жобасы Президент жаңа жылға дейін қабылдауды талап етіп отырған басым заңдардың қатарында Парламент қоржынында жатыр. Бұрынғымен салыстырғанда беті бері қараған заң жобасы қабылданғанға дейін оны халқымыздың мүддесіне неғұрлым орайластыра түссек деген ізгі ниеттің бел алып тұрғаны қуантады.
Қазақстан Жазушылар одағының «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясы дайындаған «Жер туралы» заң жобасына толықтырулар осы сөзіміздің куәсі. Бұл толықтырулармен танысу барысында онда жер мәселесіне қатысты халық мүддесінің барынша қарастырылғандығын аңғардық. Әсіресе, жерді бөлгенде адамның тіршілігіне қолайлы-қолайсыздығына қарай есептеп, ескеруді, оралмандарға қатысты шараларды, шөл, шөлейт жерлерді пайдалануға байланысты заңға ұсынылған және басқа да толықтырулар әркімнің де көкейінде жүрген ойды қозғайды.
Мысал үшін заң жобасының 3-бабына қосымша ретінде ұсынылып отырған мына бір тармақты алып қарайық: «Табиғат жағдайы адам тіршілігіне қолайсыз, өте қолайсыз аймақтар тұрғындарына өздерінің қалауына сәйкес жерді құнарлы, суы нәрлі аймақтарға көшіп-қонуына мүмкіншілік беріледі. Көші-қон шығыны облыстық, республикалық бюджеттен, арнайы қордан өтеледі». Егер қабылданған заңда осындай ұсыныстар заң жүзінде бекітілсе, әділдікке бір табан жақындағанымыз. Өйткені, кезінде патша өкіметінің озбыр саясаты нәтижесінде құнарлы жерлерінен әдейі ығыстырылған қазақ халқының басым көпшілігі күні бүгінге дейін осындай қолайсыз аймақтарда өмір сүріп жатыр. Бұл жөніндегі бұлтартпас фактілерді осы мәселені көптен зерттеп жүрген ғалым, жазушы, публицист Сапабек Әсіпұлының «Қазақ қасіреті» деген кітабынан молынан ұшыратуға болады.
Заң жобасына ұсынылып отырған оралмандарға байланысты қосымша толықтырулар да көкейге қонымды. Бір кезде тағдыр тәлкегімен жер ауып кетуге мәжбүр болған қандастарымыздың түбінде отанына оралатынын осы бастан ескеріп оларға сыбаға дайындау, яғни алдын ала жер қалдыру ата дәстүрінің жалғасын табуы, нағыз бауырмалдықтың үлгісі, жас ұрпаққа көрсеткен өнеге болар еді.
Осы орайда «Жер туралы» заңда бұған дейін байырғы отанына қоныс теуіп үлгерген мыңдаған оралмандардың арман-үміті де ескерілуге тиіс деген ой айтқымыз келеді. Яғни, оларға өзгелермен салыстырғанда жер бөлінісінде артықшылық берілу керек.