Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте берудің жөні жоқ. Тәуелсіздікке ие болғалы бері бірталай шаралардың жүзеге асырылғаны көңілге медеу. Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар, Қазақстанды дүниенің төрт бұрышы танып-біліп, қарым-қатынас жасап жатыр. Астананың қақ төрінде аспанмен астасқан Тәуелсіздік монументі бой көтерді. Бұрын отбасынан, ошақ қасынан аспайтын тіліміз биік мәртебелі кеңселердің төріне шықпаса да, есігінен сығалау дәрежесіне жетіп қалды. Қазақ тіліндегі баспасөз көсіле сөйлеп, нарықты да, басқаны да ешкімнен кем талдамайтын алғырлығын көрсетіп отыр. Бұған да тәубе.
Дегенмен егемен елге бұл аз. Игіліктеріміз неғұрлым толық қанды болсын десек, қазақ тілінің мейлінше кең өріс алуына күш салу керек. Ал тілдің өркендеуі оқып-тоқуы жөнінен дүние жүзіндегі дамыған елдердің халқынан ешбір кем емес қазақ зиялыларының қам-қарекетіне тікелей байланысты.
Егер шындықтың бетіне тура қарар болсақ, тілдің осыншама бейшара күйге ұшырауына Кеңес өкіметінің тұсында білім алып, атақ-дәрежеге жеткен зиялылардың үлесі мол. Бұл әңгімені қозғай бастасаң, заман солай болды дейтін үйреншікті, айтыла-айтыла әбден жауыр болған сөз алдан шығады. Қазақта «заманың түлкі болса, тазы боп шал», «заманына қарай амалы» тәрізді мәтелдер бар. Осыларды біздің зиялыларымыздың қай мақсатта пайдаланғанын бір Құдайдың өзі білсін.
Жә делік. Адам түсініп болмайтын қиын замандар өтті ғой. Халқы туралы бір ауыз емеурін білдірген адамды атты, асты, түрмеге жапты. Содан кейін зиялыларымыз жалғыз-жарым күреске шықты (бұл да ауызбірлік жоқтығының бір нышаны). Соғыс жылдарында елге демалысқа келген Баукең (Бауыржан Момышұлы) мұндағы бауырларының тілді шұбарлайтынына, зиялылардың тілге немқұрайдылығына қынжылып, Орталық Комитетке хат жазды. Ол аяқсыз қалды.
Осындай немқұрайдылықтан қазір өзіміз жылымық деп атап жүрген елуінші жылдардағы кезеңде де арыла алмадық. Сол жылдары баспасөзде қазақ тілі жөнінде пікірталас өрбіді. Халық сол кезде де дәл қазіргідей тіл проблемасын айтып көсілді-ай, ақ қағазға шерін төкті-ай келіп! Нәтижесі қалай болды? Сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері, қазіргі белгілі ғалым, қоғам қайраткері Рахманқұл Бердібай газетте туған тіліне қатысты проблемалар көтергені үшін сөгіс алып, қызметінен қуылды.
Жарайды. Бұл Орталықтың саясаты делік. Орталықтың саясатын қашанғыдай мінсіз, тіпті асыра орындайтын жергілікті басшылардың саясаты, соның зардабы делік. Олардікі жөн болсын. Астындағы аты, аузындағы наны ғой. Ал тағы жоқ, мәнсәбі жоқ жазушы ағайын кімнен тайсақтайды. Тіпті оған да кешіріммен қарайық. Бір күн де болса тыныштықпен өмір сүргенді кім жек көреді делік.