Осының бәрі мемлекеттік тілге мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық
Бұлай ширыға сөйлеуіме жақында теледидардан көрген бір хабар себеп болып отыр. Таратып айтсам, бұрын алматылықтар ғана тамашалайтын 31-телеарна соңғы кезде Астана жұртшылығының төріне де қонжиған еді. Күндіз-түні дамыл таппай «құлақ құрышын қандырып» жүрген орыс тіліндегі ақпараттар қатарының молыға түскендігіне әлдеқашан етіміз үйреніп кеткендіктен, бұған да «е» дегенбіз де қойғанбыз. Оның үстіне Президентіміздің «Қазақстан – 1» телеарнасына ат басын бұрып, бұл мемлекеттік ақпарат көзінің одан әрі өркендей түсуіне мұнан былай да жағдай жасалатынын хабарлауы, наурыз мейрамынан кейін «Хабар – 2-інің» ақпараттар таратуы бұрынғы 4 сағаттан 7 сағатқа дейін ұзарғаны дәтке қуат болған еді.
Дәл осы кезеңде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы Парламентте қызу талқыға түсіп, онда телерадио арналары арқылы шетелден берілетін хабарлар санын шектеу туралы әңгіме қозғалып, ол жұртшылық тарапынан да кең қолдау тапқан-ды. Аталған заң жобасының қабылдануына Елбасының өзі мүдделілік танытып, эфирге шетелдің дайын өнімін тоғытып жүрген нансоғарларға Қазақстанның төл хабарларын жасау керектігін ескерткен болатын.
Соның алдындағы ақпан айында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» баспасөзде жарық көрді. Онда тілдерді, соның ішінде қазақ тілін де дамытудың бірсыпыра шаралары қарастырылған. Осының бәрі мемлекеттік тілге мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық деп түсініп, көңіліміз өсіп, қуанып қалған едік.
Шынында да мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмаса, тілдің аяғынан тұрып кетуі екіталай екенін өмірдің өзі дәлелдеп те жүр ғой. Сондықтан да жоғарыда аталған іс-шаралар жинақтала келгенде үміт сәулесінің өшпеуіне, тіліміздің болашағының бар екеніне сендіреді.
Бірақ бұған сенбейтіндердің, сенбейді емес-ау сенгісі келмейтіндердің, тіпті солай болғанын мүлдем қаламайтындардың қасымызда жүргенін жұрттың бәрі біледі. Біле тұра түбі қайырлы болар, әлі-ақ халқымыз Өзбекстандағы өзбектердей, Ресейдегі орыстардай, Ирандағы парсылардай, Түркиядағы түріктердей түрлі жиындарда да, өзара да, теледидар мен радиода да өз тілінде сайрап, бір-бірімен өзге тілде сөйлесетін қазақтарды көрсе, әлгілердің ерсі қылығына ұялып, жерге кіріп кететіндей жағдайға жетер деп үміттенеміз.