Кешенді тестілеу басталды - БҒМ
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер қабылдау 20 маусым мен 9 шілде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларымен жүргізілді. 2013 жыл 9 шілдеде тестілеуге қатысуға өтініш бергендердің саны 78758-ді құрады. Оның ішінде жалпы орта білім беретін мектеп бітірушілері 17765, оқуға жалпы орта білімнен (11 сыныптан) кейін түскен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бітірушілері - 17568, оқуға негізгі орта білімнен (9 сыныптан) кейін түскен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бітірушілері - 43425.
Тестілеуге қатысуға өтініш берушілердің қорытындысы бойынша ұлттық тестілеу орталығымен емтихан материалдары дайындалып, тестілеу өткізу үшін аймақтарға жеткізіледі.
Кешенді тестілеуге өткен жылдардағы жалпы орта білім беру (орта жалпы) ұйымдарының бітірушілері, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) білім беру ұйымдарының бітірушілері, ҰБТ-ға қатыспаған, халықаралық оқушылармен алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектеп бітірушілері, оқыту тілі қазақ және орыс тілдерінде емес жалпы білім беретін мектеп бітірушілері, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері, сондай-ақ оқу орнын шетелде бітірген тұлғалар қатысады.
Кешенді тестілеу түсушілердің қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде орта білім берудің оқу бағдарламалары көлемінде төрт пән: мемлекеттік немесе орыс тілі (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша өткізіледі.
Тестілеуді өткізу тәртібін сақтауға бақылау жүргізу жоғары оқу орындары қызметкерлері құрамынан жасақталған және білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген министрлік өкілдерімен жүзеге асырылады.
ҚазАқпарат.