Николай Курганский
Ол «Екібастұз» командасының символы, сол өңірдің жас футболшыларының кумиры. Екінші Қазақстан чемпионатының үздік ойыншысы. Футболдағы карьерасында 160-тан астам гол соққан талантты шабуылшыларымыздың бірі – Николай Курганский.
Николай Алексеевич Курганский – 1961 жылы 19 мамырда Павлодар облысында дүниеге келген. Жаз кезінде футбол, баскетбол, волейбол қыс кезінде шаңғыны серік етіп өсті. Осыдан кейін физикалық даярлығы керемет болатын. Кейіннен әскери борышын өтеуге шақырылады. Әскерден келген соң, Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына құжаттарын тапсырды. Онымен бірге көгалдағы хоккейдің шеберлері алматылық «Динамоның» ойыншылары да оқуға түсу үшін конкурсқа қатысады. Бұл хоккейшілер сол кезде КСРО чемпиондары атанған болатын. Осындай шеберлермен бірге сынаққа қатысқан Николай өте алмай елге қайтады. Осыдан соң Ермаковтың денешынықтыру техникумында білім алады. Техникумды бітірген соң, Қалқаман ауданына жолдама береді. Қалқаманға келгеннен кейін, футболдан аудан командасының намысын қорғайды. 1984 жылы Алматы облысының Томар совхозында республикалық турнир өтеді. Осы жарыста оны «Екібастұз» командасының бас бапкері Виктор Веретнов байқап қалады. Виктор бапкерге жақсы әсер қалдырған Николайды командасына шақырады.
«Екібастұз» сапында алғашқы ойынын Жезқазғанда жергілікті «Еңбек» командасыына қарсы өткізді. Бұл ойында «Екібастұз» жеңіске жетеді. Жеңіс голын соққан – Василий Черкашин. Ал өз алаңында өткізген алғашқы ойынында Көкшетаудың командасымен жолығады. Алғашқы ойынында-ақ мергендігімен танылады. Жалпы 1984 жылы 22 ойын өткізіп, үш гол соқты.
Осылайша біртіндеп, командаға тез сіңісіп, үйренісіп кетті. Ол кезде «Екібастұз» КСРО чемпионатының екінші дивизионының сегізінші аймағында бақ сынап жүрген болатын. Келесі маусымда 10 мәрте мергендік танытса, 1986 жылы – 9, 1987 жылы – 16, 1988 жылы – 12, 1989 жылы – 10, 1991жылы – 19 голды тулатты Осыншама мергендік таныту кез-келген шабуылшының қолынан келе бермейді. Қарап тұрсаңыз, адам қызығарлықтай нәтиже. Бірақ, өзі осынша голды жеке шеберлігінің емес, команданың еңбекқорлығымен байланыстырады.Әсіресе, Карташов, Хисамутдинов, Латыпов сияқты әріптесін ерекше бағалайды.
Жалпы КСРО чемпионатында барлығы 102 гол соғып, сегізінші аймақтың ең үздік он мергенінің қатарына енді. Сондай-ақ КСРО Кубогында екі гол еңгізді.
Қазақстан тәуелсіздің алған соң, еліміздің төл чемпионаты өз жалауын көтерді. Бұл кезде екібастұздық команда өз атауын «Батыр» деп өзгертті. Алғашқы чемпионатта Николай қарсыластарының қақпасын 19 рет тулатты. Сол жылы командасы төртінші сатыдан көрінді. Келесі маусымда нәтижесін тағы жақсартып, 26 гол соқты. «Батыр» тұңғыш рет Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдесіне қол жеткізді. Осы нәтижелердің арқасында оны еліміздің 1993 жылғы ең үздік ойыншысы деп таныды. Ұлттық құрама бапкерлері де Николайды назардан тыс қалдырған емес. Онымен бірге ұлттық құрамада Гурам Макаев пен Руслан Гумар сияқты командаластары болды. Алғаш рет халықаралық турнирде бақ сынауға мүмкіндік алады. 1992 жылы өткен Орталық Азия Кубогы аясында Қырғызстан құрамасына дубль орындады. Жалпы ұлттық құрама сапында сол жылы барлығы жеті ойын өткізді. Ал еліміздің үздік ойыншысы атанған 1993 жылы ұлттық құрама бірде-бір ойын өткізген жоқ. Сондықтан ол жылы еліміздің бас командасының жейдесін киуге мүмкіндік болмады. Одан кейін 1994 жылы командалас әріптесі Виталий Решетнёв екеуін Финляндияға шақырады.
Бұл кезде жасы 34-ке келіп қалған. Футболда шабуылшылар үшін мұндай жас ардагер болып есептеледі. Дегенмен жастығына қарамай тың әрі гол соғуға деген құштарлығы ерекше болатын. Финляндия чемпионатының екінші лигасында өнер көрсететін Кеми қаласының «Паллосеура Кеми Кингс» командасында доп тебеді. Финляндияда 1995 жылы 40 ойын өткізіп 15 гол соқты. Келесі жылы аса ауыр жарақат алып, көп емделеді. Кейіннен елге оралып, туған командасы «Батырдың» сапында 1997 жылы үш гол соқты. 1998 жылы карьереасын аяқтауға шешім қабылдаған еді. Бірақ, 1999 жылы 39 жасында футболға қайта оралады. Екібастұздық команданың қаржылық қиындықтарына байланысты бірнеше белді ойыншылары командадан кетіп қалады. Осындай қиын-қыстау командаға демеу болып, қолынан келген көмегін аямайды.
2001 жылы команданың бас бапкері болып тағайындалады. Бірақ, 17 команданың ішінде 13-ші орында қалып қойып, жоғары топтағы орындарын жоғалтады. Өйткені келесі 2002 жылы Қазақстан чемпионатында 12 команда ғана бақ сынауға тиіс болатын. Бірінші лига түсіп қалған команданы ойнаушы-бапкер болып жүріп, қайтадан элиталық дивизионға алып шықты.
Қазіргі кезде «Екібастұз» командасының бас бапкердің көмекшісі болып қызмет атқарып жүр.
Николай Курганский – Финлияндия чемпионатында соққан голдарын есепке алмаған күннің өзінде 163 доп соққан өте нәтижелі шабуылшыларымыздың бірі.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: (1993, 1998 жылы)
Қазақстанның үздік футболшысы: 1993 жылы
Қазақ КСР Кубогының иегері: 1989 жылы
Бек Төлеуов «Sport»