Гурам Макаев
Өткен ғасырдың соңғы он жылында Қазақстандағы танымал шабуылшылардың бірі, ел біріншілігімен қатар Белгия чемпионатында да өнер көрсеткен футболшы – Гурам Макаев
Гурам Мұрадиұлы Макаев 1970 жылы, 13 ақпанда Алматы қаласында дүниге келген. Футболға қадамы алғаш он жасында басталған. Ауладағы достарымен еріп, қаладағы спорт мектебінің біріне барады.Ол жерде балғын футболшыларды қарсы алған Ерік Мәрленұлы Әбдішов деген бапкер. Ерік бапкер Гурам бастап келген балаларға футболдың әліппесін үйретеді. Осы балалардың арасында кейіннен танымал футболшылардың бірі болған Игорь Морозовта бар еді.
Гурам басында қолды-аяққа тұрмайтын жылдам бала болғандықтан, бапкерлер оны қапталдағы жартылай қорғанысқа қояды. Ал кейіннен өсе келе Павел Черепанов пен Валерий Круглыхин оның бойынан орталық шабуылшыға тән қасетті байқап, шабуыл шебін сеніп тапсырады. Содан бастап, алаңдағы қызметі қарсыластың қорғанысын, бұзып-жарып кіретін нағыз орталық шабуылшы болды.
Футболдағы карьерасын алматылық СКИФ-тен бастады. Бұл кезде оның жасы 17 де болатын. Кейіннен 1988 жылы «Екібастұз» командасында ауысады. Екі жылдың ішінде 30 ойынға қатысып, 4 гол соқты. Бұл жылдар оның нағыз футболшы болып қалыптасу кезеңі болды.1991 жылы жарты маусым жамбылдық «Химикте» ойнаса, маусымның екінші жартысын туған командасы «Қайратта» өткізді. Қазақ футболының бас командасында ойнау, оның бала кезден келе жатқан арманы еді. Бала күнінде «Орталық стадионда» өтетін «Қайраттың» ойындарын қалдырмай көретін. Сол 80-шы жылдардағы команданың жұлдыздары Антон Шох, Эдуард Сон, Вахид Масудов, Евстафия Пехлеванидидің өнеріне тәнті болып, осылар сияқты футболшы болуды армандап өскен. Сергей Ледовских пен Құрбан Бердыевтың допты бақылаудағы техникалық шеберлігі жас балғынды бей жай қалдырмады. Сондай-ақ, орталық жартылай қорғаушы Владимир Никитенко мен Петр Нейштетерде бала кездегі үлгі тұтқан кумирларының бірі болды. Дегенмен өзі армандаған «Қайратта» көп тұрқтап қалмады. Қайтадан бұрыңғы командасы «Екібастұз» өз қатарларына шақырады. «Екібастұздың» сапында тұңғыш Қазақстан чемпионатында өнер көрсетті. Алғаш ұйымдастырылған ел біріншілігінің бас жүлдесі мен Қазақстан Кубогы «Қайратқа» бұйырды. Әрине, ол кезде «Қайрат» КСРО чемпионатында өнер көрсеткен негізгі құрамның бірнеше футболшысын өздерінде сақтап қалған болатын. Сондықтанда ол жылы «Қайратқа» тең келер ешкім болған жоқ. Ал осы жылғы ел біріншілігінде Гурам бастаған «Екібастұз» командасына төртінші орын бұйырды.Үздік үштікке енуге бар жоғы екі ұпай жетпеді. Дегенмен келесі жылы осы олқылықтың орны команданың атауы «Батыр» болып өзгергенде толды. Павлодарлық «Аңсатты» алға жіберген кеншілердің командасы екінші орынға табан тіреді. Команданың көшбасшы ойыншыларының бірі Николай Курганский Қазақстанның үздік ойыншысы болып танылды. Ал 1994 жылы клуб бар жоғы тоғызыншы орынға табан тіреді. Гурам болса, 10 голмен ұжымның бас мергені атанды. Жалпы «Екібастұзда» өткен төрт маусымында 107 ойынға қатысып, 39 гол соқты.Осыдан кейін Еуропаға жол тартады.Жеке агенті ресейлік танымал маман Константин Сарсания Бельгия чемпионатында өнер көрсететін «Мукрон» командасына байқауға апарады. Бірақ, екі-жақты келіссөз өз нәтижесін бермейді. Осыдан кейін елге қайтатын кезде екінші бір белгиялық клуб «Ломмель» өз қатарларынан көргісі келеді. Командамен келісімшартқа отырады. Бірақ, дәл сол кезде «Ломмельге» жаңа бапкер тағайындалады. Жаңа бапкермен ортақ тіл табыса алмай, бар-жоғы жеті ойын өткізіп, командадан кетеді. Осыдан кейін Белгияның тағы бір клубы «Антверпеннен» ұсыныс түседі. Команданың бас бапкері тәжірибелі неміс маманы Георг Кесслер болатын. Кесслер кезінде «Герта», «Кёльн», «АЗ», «Спарта», Голландия ұлттық құрамасының бапкерлер қосынында жұмыс істеген. Екеуі ортақ тіл табысып, бір маусым өнер көрсетті. Сол кезде голландиялық «Рода» командасы Гурамның шеберлігіне қызығушылық танытып, келіссөз жүргізе бастайды. Бірақ, Гурамның жеке агенті Сарсания «Антверпенде» келісім-шарты аяқталғанша, маусымның соңына дейін ойнағанын қалайды. Бірінші айналым аяқталған кезде, аса ауыр жарақат алып, Голландияға емделуге кетеді. Жарақатынан толық айығып кету үшін жарты жыл уақыт кетті. Клуб осыдан кейін келісім-шартты ұзартудан бас тартты. Жалпы бұл команда сапында 19 ойын өткізіп, 4 гол соққан. Осыдан кейін елге оралып, өзінің бұрыңғы командасы «Екібастұзда» ойнады. 1998 жылы екінші рет Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдесіне еншілейді. «Екібастұздан» кейін, «Шахтер», ЦСКА(Алматы), «Атырау», «Жетісу», «Ордабасы» командаларында ойнады. Әсіресе, Воит Талгаев жаттықтырған мұнайлы өлкенің «Атырау» командасымен 2001, 2002 жылдары екі рет Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді.Жалпы футболдағы карьерасында Қазақстан чемпионатында екі командамен төрт рет күміс жүлдені олжалаған екен. «Нағыз күміс жігіт» десе де болады. Алтын жүлде өкінішке орай, бұйырмапты. «Жетісуда» ойнаған жылдары команданың капитаны, көшбасшы ойыншыларының бірі болды. Ал футболдағы карьерасын шымкенттік «Ордабасы» сапында 34 жасында аяқтады.
Жалпы Қазақстан бірінщілігінде 1992-2004 жылдар аралығында 85 гол соққан.
Ұлттық құрамада 1994-1998 жылдары 10 ойын өткізіп, 1 гол еңгізген.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 1993, 1998, 2001, 2002 жылдары
Қазақстан чемпионатының үздік 33 футболшысының қатарына енген: 1994 жылы
2005 жылдан «Жетісу» командасында бапкер болып қызмет істейді.
Бек Төлеуов «Sport»