Роман Вороговский
Алматылық өте шапшаң футболшы Роман Вороговский Қазақстан футболындағы өте танымал ойыншылардың бірі.
Роман Вороговский 1973 жылы, 3 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Алғаш 11 жасында Александр Иванович Малышев бапкердің қол астында жаттығады. Арада үш жыл өткенде Валерий Андреевич Круглыхин бапкер Алексей Клишин, марқұм Игорь Гроховский үшеуін «балалар-жасөспірмдер спорт мектебіне» шақырады. Ол кезде олар таңертеннен кешке дейін мектептен шықпайтын. Үйге тек ұйықтауға ғана баратын. Күніне үш мезгіл жаттығу,одан қалса сабақ бар. Демалатын күндері тек сенбі ғана болды. Ал жексенбі футбол жарыстарынан қолдары тимейтін. Осының барлығы болашақта өз жемісін берді. Мектептің құрама командасының сапында көптеген елішілік, халықаралық жарыстарға қатысып жүрді. Украина, Өзбекстанда өткен жарыстарда жүлделі орындарға ілігіп, Роман өзі турнирдің үздік ойыншысы атанып келді. Сол жасөпірімдер командасының құрамында ойнап, кейіннен танымал футболшы болғандардың қатарында –Игорь Авдеев, Валерий Яблочкин, Алексей Мякишев, Дмитрий Мачихин, Сергей Войтехович, Максим Логинов болды. Ал осы мектеп интернатты бітірген футболшыларды бірден КСРО чемпионатының екінші лигасында ойнайтын алматылық «Олимпия» командасына қабылдады. Команда көш соңында қалып қойса да, бұл жас футболшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі болды.Одан кейін КСРО империясы құлап, Қазақстан өз алдына жеке ел болғанда, әскери борышын өтеуге аттанады. Роман мен бірге Гроховский, Мачихин, Клишин, Мякишев сияқты футболшыларды кентаулық «Арманға» жібереді. Ал 1993 жылы Алматыда «Динамоның» базасында бас бапкер Леонид Константинович Остроушко олимпиадалық құрамаға жас ойыншыларды жинайды. Азамат Ниязымбетов, Константин Гальченко, Бобров, марқұм Олег Литвиненко, Сергей Пак, Андрей Ненашев сияқты жастардың арасында тәжірибелі ойыншылардан Дмитрий Дузев, Альвий Какаев,Олег Колбешкин ғана болды.
1994 жылы Леонид Остроушко марқұм талантты футболшы Әнуар Нысанбаев екеуін мәскеулік «Асмарал» клубына жібереді. Команданы ол кезде Валентин Козьмич Иванов жаттықтыратын. Команданың құрамында қазіргі танымал ресейлік футболшылар Сергей Семак пен Юрий Дроздов өнер көрсетті. Байқау сынағынан сәтті өтіп, бес жылдық келісім-шартқа отырады. «Асмарал» қорытынды кездесуде Миасс қаласының «Торпедо» командасымен кездеседі. Осы ойында көзге түскен Романды «Торпедоның» бапкері өз командасына шақырады. Команданың ұсынған келісім-шарты көңіліне жағып, ұжыммен бірге Миассқа ұшып кетеді. Ал Әнуар елге оралады.
Сол кезде «Торпедо» сапында қазақстандық футболшылардан Романнан бөлек, Сергей Шабанов,Василий Шанин екі маусым өнер көрсетті.
1995 жылы Қазақстанның олимпиадалық құрамасы сапына шақырылып, көктемде «Атланта 96» олимпиадасының финалдық іріктеу сынына өтеді. Бірақ, Малайзиядағы финалдық іріктеу сындарына ескі жарақаты сыр беріп бара алмайды.
Кейінен жарақатынан айыққан соң, олимпиадалық құрамада бірге ойнаған Константин Котовтың шақыруымен Алексей Клишин екеуі Ақтаудың «Мұнайшы» командасына ауысады. Бас бапкер Станислав Францевич Каминский тәжірибелі футболшыларды жинап жатқан болатын. Команданың қаржылық жағдайы тәуір болғандықтан оқу-жаттығу жиындарын Франция мен Испанияда өткізеді. Сондай-ақ клубтың құрамын күшейтуге Қайрат Сламбеков, Қайрат Айманов, Марат Есмұратов, Валерий Глушаков сияқты шеберлер келді.Осылармен қоса,Константин Котов, Игорь Поляков, Александр Панов, Кузин, Андрей Логачёв сияқты жергілікті жастардың да қарқыны жаман емес еді. Міне, осындай футболшылардан құралған команда біріншілікті төртінші орынмен аяқтайды. Мұнайлы өлкенің командасы әзірге бұл биігінен асып көрген емес.
Келесі жылы «Мұнайшы» жаттығу жиындарын Кипр мен Испанияда өткізеді. Жолдастық кездесулердің бірінде тіпті румыниялық «Университатю» командасын тізе бүктіреді. Сондай-ақ, ресейлік «Сатурнмен» тең түседі. Бірақ, кейіннен клубтың қаржылық жағдай нашарлап, команда ауыстыруына тура келеді.
Вахид Масудовтың шақыруымен алматылық «Қайратқа» ауысады.Команда құрамында ол кезде Айдын Рахымбаев, Серік Жейлітбаев, Асхат Қадыркұлов, Руслан Балтиев, Сергей Пасько, Сергей Климов сияқты футболшылар болды. 1997 жылы «Қайратпен» бірге алғаш рет Қазақстан Кубогында топ жарды. Ол бұған дейін ешқандай бас жүлдеге қол жеткізіп көрген емес еді.Осы жетістігін 1999/00 жылғы маусымда да қайталайды.Сондай-ақ, екі рет ел біріншілігінің қола жүлдесіне еншіледі. 2001 жылы павлодарлық «Ертістің» ойыншысы атанды. «Ертіске» ауысқан жылы Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жетті. Үшінші орын үшін тартыста ирандық «Пирузи» командасына жол берді. Келесі жылы Қазақстан чемпионатының бас жүлдесіне қол жеткізеді. Бұл оның футболдағы карьерасындағы ең жоғарғы жетістігі болып табылады. «Ертістен» кеткен соң, 2003-2008 жылдар аралығында Елімай»,«Жеңіс», «Алматы», «Орбита», «Мегаспорт» командаларында өнер көрсетті. Ең соңғы ойнаған Алматы қаласының «Мегаспорт» клубы болды.
КСРО (2 лига), Қазақстан (премьер-лига мен 1 лига, Ресей (2 лига) біріншіліктерінде барлығы 345 ойын өткізіп ,19 гол соққан.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионы (2002 жылы).
Екі дүркін Қазақстан Кубоыгының иегері (1997, 2000 жылдары).
Қазақстан чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (1997, 1999 жылдары).
Бірінші лиганың чемпионы (2007 жылы).
Қазақстан Кубогының екі дүркін финалисті(2001, 2002 жылдары).
Азия чемпиондар лигасының жартылай финалисті (2001 жылы).
Бек Төлеуов «Sport»