Евгений Кузнецов
Евгений Кузнецов – 1941 жылы 14 қарашада Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келген. Соғыс аяқталған соң, ата-анасы Жамбылға қоныс аударады. Мектепте бірге оқыған балалардың көпшілігі спортқа жақын болды. Негізінен достарының көпшілігі баскетбол, волейбол, бокс үйірмелеріне барғанда, ол футболды таңдады.
1956 жылы Қырғыстанның Талас қаласының командасына шақырады. Осы команда сапында Республика чемпионы атанады. Кейіннен бүкілодақтық оқушылар спартакиадасына қатысты.
Алғаш рет 16 жасында жамбылдық «Локомотив» командасында ойнауға мүмкіндік алды. Отбасының жағдайы төмен болған соң, ата-анасына қолғабыс болу мақсатында зауытта жұмыс істейді. Сонымен қоса, технологиялық институтта білім алуды да ұмытпады. Бірақ, футболға деген махаббатына ешқандай жағдай кедергі бола алмады. Жаттығулардың бірде-біреуін жібермеуге тырысатын. Сондай-ақ, өзі жұмыс істеп жүрген зауыттың «Металлист» командасында ойнады. «Металлист» сол кездегі мықты ұжымдармен бірнеше жолдастық кездесулер өткізеді. Сондай бір кездесуде ленинградтың «Зенитіне» 2:3 есебімен жол берді. Осы ойындағы екі голдың да авторы Женя болатын. Ал 1959 жылы Қарағанды да өткен бір турнирде жас баланың талантын «Шахтер» командасының бапкерлері байқап өз қатарларына шақырады. Кеншілердің сапында КСРО чемпионатындағы алғашқы голын Ашхабадтың «Колхозчиіне» қарсы ойында енгізді. Қарағандыда бір маусым өткізген соң, Жамбылға қайта оралады. Өйткені, бұл кезде ол өте жас еді, әрі отбасын сағынды.
1961 жылдың ақпанында Республикамыздың бас командасы алматылық «Қайрат» оқу-жаттығу жиындарына шақырады. Осы жылдары «Қайраттың құрамында Владимир Лисицын, Вячеслав Бубенец, Владимир Косенков сияқты қақпашылар, Анатолий Федотов, Вадим Степанов, Станислав Каминский, Владимир Киселёв, Юрий Стулов сынды тас қамал қорғаушылар болды. Жартылай қорғаныста – Леонид Остроушко, Тимур Сегізбаев, Владимир Скулкин, Диас Омаров, Анатолий Ченцов шеберлер болса, шабуыл шебінде – Сергей Квочкин, Олег Мальцев, Роберт Анторян сынды танымал ойыншылар бой көрсетті.
«Қайраттың» ойыншысы ретінде дебюттік ойынын Мәскеу армияшылары ЦСКА командасына қарсы өткізді. Бұл ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Алғашқы голын мәскеулік «Динамоның» қақпасына енгізеді. Бірінші маусымында осылайша бес голдың авторы атанды.
«Қайрат» 1963 жылы КСРО Кубогына жартылай финалына дейін жетті. Ал жартылай финалда Донецкінің «Шахтерімен» жолықты. Ярослав қаласында өткен ойынның бас жағында Олег Мальцевтің пасынан кейін Женя есеп ашып, алматылық клубты алға шығарған еді. Бірақ, «Шахтер» тез есін жиып, алдымен есепті теңестіріп, қосымша уақытта жеңісті де жұлып әкетті. Осылайша «Қайрат» футболшылары финалға шығатын тамаша мүмкіндіктен айырылып қалған еді. Бұл жерде «Қайрат» футболшыларына шеберлікпен қатар сәттілік те жетіспеген тәрізді. Дегенмен, жартылай финалға шығуда ол кезде үлкен жетістік болатын. Осыдан кейін барлық ойыншы КСРО спорт шебері атанады.
Тимур Сегізбаев 1964 жылы мәскеулік «Спартактың» қақпасын екі рет тулатқанда, бүкіл КСРО дүр сілкінген болатын. Сол кезде газет беттерінде: «Тимур және оның командасы» деген мақаланың шыққаны белгілі. Сол Тимурдың командасында осы Женя да болды.
Өз кезегінде «Қайраттың» үздік мергені Сергей Квочкин жоғары лигада соғылған 61 голды өз еншісіне жазған болатын.Міне, Сереганың осыншама голды соғуына жағдай жасаған бірден-бір ойыншы Женя еді. Біз қазір мақтап жүрген Роналду/Озил жұбы сияқты 60-жылдардың басында Кузнецов/Квочкин өзара түсіністігі алматылық клубтың ең нәтижелі жұбы болды.
1967 жылы «Қайратпен» біржолата қош айтысты. Бұл кезде «Шахтердің» бас бапкері Виктор Георгиевич Корольковтан шақырту алып, бір кездері дұрыс ойнай алмай кеткен командасына оралады. Қарағандыда өнер көрсеткен жылдары команданың көшбасшысы, әрі капитаны болды. Ал 1970 жылы аса ауыр жарақат алып, бірнеше ойындарға қатыса алмайды. Келесі жылы Павлодардың «Тракторына» ауысады. Бірақ, көсіліп ойнауына жарақаты мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін жастарға жол беріп, үлкен футболмен қош айтысуды жөн санайды.
Бек Төлеуов «Sport»