Қайрат Әубәкіров
Қазақ футболының отаны саналатын Семейдің «Елімай» командасы бір кездері үш рет чемпион атанып, отандық футболдың тарихына өз есімін алтын әріппен жазған болатын. Сол команданың толағай табыстарына өлшеусіз үлес қосқан, команда капитаны болған үздік футболшыларымыздың бірі – Қайрат Әубәкіров.
Қайрат Әубәкіров 1971 жылы 8 наурызда дүниеге келген. Алғаш 18 жасында семейлік «Спартактың» қатарына қабылданады. Команда ол кезде КСРО чемпионатының екінші лигасында өнер көрсетіп жүрген болатын. Ресми ойындардағы алғашқы голын 1990 жылы 15 қыркүйекте Теміртаудың «Болатына» соқты. Ел тәуелсіздік алғанша осы «Спартактың» қатарында 1989-1991 жылдар аралығында ойнады. Ал Қазақстан чемпионаты өз жалауын көтергенде, Қайрат «Шахтерде» ойнақ салып жүрген болатын. Станислав Каминский жаттықтырған «кеншілер» тұңғыш чемпионатта жетінші орыннан көрінді. Келесі жылы алғашқы біріншіліктің чемпионы атанған алматылық «Қайрат» Қайратты өз қатарына шақырады. Бірақ «Қайрат» алғашқы жылғы жетістігінекінші жыл қатарынан қайталай алмады. Чемпионатты бар жоғы11 орынмен аяқтады.
Қайрат Әубәкіровтың жұлдызды шағы «Қайраттан» семейлік«Елімайға» ауысқанда басталды. Қазақ футболының отанысаналатын Семейдің командасы 1994 жылы өз тарихында алғашрет біріншіліктің бас жүлдесін еншіледі. Семейліктерқарсыластарының қақпасына 70 доп соқса, осының 16-сы Қайратқатиесілі. Осы соққан доптарының арқасында командасының ең үздікмергені атанды. Сол жылы ҚФФ оны үздік 33 футболшыныңқатарына кіргізді. Жай ғана кіргізіп қойған жоқ, орталықшабуылшылардың ең үздігі деп таныды.
1995 жылы командаға Андрей Мирошниченко, Олег Литвиненко сияқты қазақ футболының тарландары келіп қосылды. Осы аталған үш шабуылшы «Елімайдың» чемпиондық атағын қорғап қалуына өз үлестерін қосуда аянып қалмады. Команда сол жылы біріншіліктің бас жүлдесімен қатар, Қазақстан Кубогын да иеленді. Сондай-ақ семейліктер «Азия чемпиондар Кубогы» мен «Достастық Кубогына» да қатысты. «Достастық Кубогында» топтық кезеңнен өте алмаса, «Азия чемпиондар Кубогы» жолындағы бәсекеде 1/8 финалға дейін жетті. Бұл жерде оларды Эр-Рияд қаласының «Әл-Наср» клубы тоқтатты. Ал 1996 жылы екі жылғы чемпиондық тұғырдан соң, қоланы місе тұтады. «Азия чемпиондар Кубогы» жолында тағы 1/8 финалдан сүрінеді. Бұл жерде оларды ирандық «Персеполис» жолын кестеді. 1997 жылы тіпті жетінші орыннан бір-ақ көрінді. Дегенмен, 1998 жылы үшінші чемпиондық атаққа бәрібір қол жеткізді. Бұл чемпиондық тәж Семей командасының әзірге соңғы бас жүлдесі. Одан кейін команда қаржылық қиындықтарға байланысты алғашқы үштіктен көріне алмады. Қайрат 1999 жылы бір жыл қарағандылық «Шахтерде» ойнады. «Елімайға» қайта оралғаннан кейін капитан Қайрат 2000, 2001 жылдары команданың бас мергені атанды.
Ол 31 жасында 2002 жылы «Елімайдан» өскемендік «Востокқа» ауысады. Бірақ, бұл клубта да ұзақ қала алмады. Одан соң, «Таразда» ойнады. Сондай-ақ кіші футболдан Семейдің «Цементник» командасында да шеберлік шыңдап көрді. Ал 2005 жылы үлкен футболмен біржола қош айтысты. Карьерасын аяқтаған соң футболдан біраз уақыт қол үзіп, басқа жұмыстармен айналысты. Еліміздегі ұлттық компаниялардың бірінде қызмет атқарды. Одан соң Нью-Йорк қаласына жол тартып, сол жерде футболға бейімі бар балаларға аладоптың қыр-сырын үйретті. Дегенмен, сырт елде көп қалғысы келмеді. Қазақстанға оралған соң әуесқой командаларда ардагерлер арасындағы футбол матчарына қатысып тұрды. Ал қазіргі кезде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-19) аға бапкерінің көмекшісі.
ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА
Алғаш ұлттық құрамадағы ойынын 1992 жылы 26 қыркүйекте «Орталық Азия Кубогы» аясында Қырғызстан құрамасына қарсы өткізді. Бішкекте өткен ойында өзінің дебюттік кездесуінде нәтижелі соққымен көзге түсті. Бұл оның ұлттық құрама сапында соққан жалғыз голы. Жалпы ұлттық құрама сапында 1992-1996 жылдар аралығында тоғыз кездесуге қатысты.
ЖЕТІСТІКТЕРІ:
Қазақстан чемпионы: 1994, 1995, 1998 жылдары
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 1996 жылы
Қазақстан чемпионатының үздік 33 футболшысының қатарына енді: 1994 жылы.
Бек Төлеуов «Sport»