«ЭКСПО» жайында кітап жазылып жатыр
Жасұлан Жұмаш деген азамат ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің блогына хат жазып, төмендегідей өтінішін жеткізеді.
«Мен «ЭКСПО» халықаралық көрмелері жайында кітап жазып, аяқтадым. Онда аталмыш тақырыптың шығу тарихынан бастап, қазірге дейінгі мазмұны қамтылған және 2020 жылғы «ЭКСПО» көрмесін өткізуге ниеттенген қалалар да ұмыт қалмаған. Әсіресе, 2017 жылы Астананың бұл көрмені өткізуге деген мүмкіндігі кеңінен талқыланған. Қазіргі таңда қаржының тапшы жағдайында жүргендіктен кітапты жарыққа шығара алатын мүмкіндікке ие емеспін. Бағыт берер кеңестеріңіз болса жолдаңызшы, алдын-ала алғысымды білдіріп, саулығыңызды тілеймін!»,– депті ол.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі кітап шығару саласында «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттің кітап шығару мен кітап тарату шаралары арқылы жүзеге асырылатынын еске сала келіп, бұл бағдарлама бойынша деректі, көркем әдебиет, сөздік-анықтамалық әдебиет, ғылыми әдебиет, балаларға арналған энциклопедиялық әдебиеттер, танымдық әдебиет, өнер, музыка және басқа да әдебиет түрлерін шығарылатынын айтқан. М.Құл-Мұхамед: «Аталмыш бағдарлама арқылы басып шығаруды қарастыру үшін өз тарапыңыздан өтінім ұсыну қажет, өтінімде міндетті түрде - шығарма тақырыбы, аңдатпасы, шығарма тілі, шартты баспа табақ түріндегі баспа табағының көлемін көрсету қажет, қосымша көркем әдебиеттерге – Қазақстан Жазушылар одағының немесе М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының рецензиясы, ғылыми еңбектерге – тақырыптық бағытына қарай салалық ғылыми-зерттеу институтының сараптамалық қорытындысы немесе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ұсынымы, ұсынылған енбекті Интернет-ресурстарда орналастыруға келісімі және қолжазбаның CD-дискіге жазылған электрондық нұсқасын жолдауыңызға болады»,– деп министрліктің мекен-жайын көрсетіпті.
Мұхтар Абрарұлы мырза сөзінің соңында көрсетілген құжаттар Министрлікке келіп түскен жағдайда, Сараптамалық кеңес отырысының қарауына ұсынуға дайын екенін, шешім осы комиссияның тұжырымы бойынша шығатынын жеткізді.
Дәулетқали АСАУОВ, Baq.kz