LXXXV бөлім
Өмiр кешкен уақытына, қоғамдық әлеуметтiк жағдайына көп нәрсе байланысты десек те, адам баласы үшiн қай кезеңде, қай қоғамда өмiр кешсiн мейлi,—қара күш зорлығы да, әлеуметтiк және рухани зорлық та трагедия. Осыны санадан өткiзе алған жан үшiн Қыжымкүл мен Молдарәсiл, әсiресе, Тұңғыш өмiрi, сөз жоқ – болашағы кесiлген тасбақа тiршiлiк; кешкен күндерi мойынға байланған тастай зiлбатпан, күндер, айлар өтiп жатса да – уақыт өлшемi тоқтаған сүреңсiз өмiр.
Негiзiнен жазушы шығармашылығындағы сапалы көркемдiк құбылыс деп бағаланған бұл повстерге мезгiл мен мекен, уақыт пен кеңiстiк өлшемдерiнiң дерексiздiгiне байланысты айтылған сындарды жоғарыда айтып өттiк. Мұның өзi де шығармалардың көркемдiк құрылым әлемiн тереңiрек талдаудан гөрi әдебиеттiң хрестоматиялық-реалистiк ұстанымдарын, яғни өмiрдiң көркем бейнесiн iздеп үйренген танымның әсерiнен болса керек. Д.Исабеков шығармашылығы 70-жылдардағы әдебиеттiң көркемдiк-эстетикалық iзденiстер аясынан қарастыруды қажетсiнедi. “Сүйекшi” мен “Тiршiлiк” повесiнде ой ағымы, әдiсi салтанат құрады. Шығармаларында жақсылық, iзгiлiк атаулы көбiне көркеуделiк, зорлық-зомбылықтан жеңiлiс тауып жататын жазушы үшiн қоян-қолтық арпалыс, жекпе-жектегi нәтиже, табан асты жеңiстiктен гөрi адам баласының рухани жеңiсi қымбат – ол рух мықтылығын дәрiптейдi. “Д.Исабековтiң сүйекшi туралы повесiнде жақсылық азап, бейнет шегедi, жамандық ақыр түбiнде өкiнiшке түседi”[1]. Яғни, “Тiршiлiктегi” Дәулетбай байдың өзi қаңғыртып жiберген қаршадай қызы Қыжымкүлден, “Сүйекшiдегi” Үкiтайлардың өздерi тағдырын тәлкекке ұшыратқан Тұңғыштан ақыр соңында жеңiлiс тауып, жер болатыны да сондықтан. Осы ретте “Дулат шығармаларының ой саз-әуенi екi регистрде – трагедиялы өмiр және сол өмiрдiң өзiнде адам бола бiлу яғни өз өмiрiне өзi мағына бере бiлу бақыты—естiлетiн”[2] айту орынды.
“Сүйекшi” повесiндегi жағдай былай суреттеледi.
Тұңғыш—Аманат бала—Кеңкелес.
Бұл – кейiпкер есiмiнiң, атының өзгеруi. Осыны жазушы кейiпкер характерiнiң өзгеруiмен жымдастыра сәттi суреттейдi.
Шығарманың орта шенiне дейiн Тұңғыш өз тағдыры үшiн күрес нышанын көрсетедi. Ол ат құйрығына байлануға қарсы. “ – Көке… көкетай… не iстемексiз менi? Байламаңызшы, жалынамын, айтқаныңыздың бәрiн iстеймiн…”[3] – деп шырылдайды Аманат бала.
Қабантауға көшуге ықырар емес. “ – Ағатай… ендi апам қайтiп табады менi?..”[4] – дейдi ол. Әлi анаға деген перзенттiк сезiмi жойылмаған. Анасына: “ – Қалмаймын, қалмаймын, үйге алып кетшi апатай,”[5] – деп сәби көңiлден өтiнiп жүр.
Кек кернеген сәтте Үкiтайға қарсы шықты. “ – Сойып жедiм. Түгел, бәрiн, бiрiн қалдырмай.—Кеңкелестiң түсi бұзылып оған жақындай бердi. Ашудан жарылып кетердей боп тартып жiбергелi қамшысын көтере бергенде Үкiтай оның кiрi жерлiк мына түрiнен шошып, кейiн ығыса бердi,”[6]—деген сцена соны көрсетедi.
Кейiпкер жан-дүниесi өзгердi. Соған орай аты өзгердi.
Оның кәсiбi жылқышы, диуана, сүйекшi болып өзгердi.
[1] Бөкей О., Шағатай Ж. Жусан исi // Егемен Қазақстан. 1992. 24 қазан, 6-б.
[2] Бөпежанова Ә. Болмыспен бетпе-бет // Егемен Қазақстан, 2002, 16 қазан, N243, 3-б.
[3] Исабеков Д. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1993, 242-б.
[4] Исабеков Д. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1993, 245-б.
[5] Исабеков Д. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1993, 245-б.
[6] Исабеков Д. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1993, 253-б.