LXXIX бөлім
Ол туралы Д.Исабековтiң өзi былай дейдi: “Гауһар тасты” әскерде жүргенiмде жаздым. 1967 жылдың жазы болатын. Радиоқабылдағышты қоссам, Б.Төлегенованың “Гауһартасы” берiлiп жатыр екен. Оған дейiн мың рет естiсем де, дәл сол күнгiдей әсер алмаппын. Елге, әнге деген сағыныш. Онда “Гауһар тас” сияқты ән дүниежүзiнде жоқ шығар. Өйтiп орындайтын адам бұдан кейiн туылмайтын шығар деп ойладым. Қайталанбас нәрсе, қайталанбас әдемiлiк, сұлулық сөйтiп бiрте-бiрте қыздың образына айналды. Етiгiмнiң қонышына салып жұрiп бiтiрдiм”[1].
Ал Айтматовтың аудармашы Қалжан Нұрмахановқа жазған хатына қарағанда “Жәмилә” повесiнiң қырғызша нұсқасындағы әуелгi аталуы “Овон” (“Әуен”) екен.
“Гауһар тас” – әннiң аты.
Екi жазушы да кейiпкердiң iшкi жан нәзiктiгiн, шерлi көңiл сазын ән арқылы жеткiзедi.
“Жәмиләда” – оқиға Сейiттiң көзiмен таразыланады.
“Гауһар таста” – Қайыркен ойы арқылы берiлiп отырады.
Сейiт – суретшi, Қайыркен – ақынталап бала.
Екеуiнде де жеңге жағдайын қайнысы түсiнедi.
Бiрақ, Дулат қырғыз жазушысынан белгiлi бiр мотивтердi батыл үйрене отырып, өзiнше шешiм жасайды.
Ол айырым өзгешелiктер мынада: Жәмиләнiң бақытын табуы—алғашқы шығарманың түйiнi. Жәмилә бейне ұйқыдағы ару секiлдi көңiлi оянды да бақытына жолықты. Бiрақ, жарынан айырылу – Садық (Жәмиләнiң бұрынғы күйеуi) санасына зәредей де әсер етпедi. Айтматов мәселенiң ол жағын ашуды мақсат тұтпаған.
“Гауһар таста” ше? Алдымен Салтанат Ұлттық пiшiмде, ұяң қалпында бейнеленген. Жәмилә Салтанатқа қарағанда өр, күрескер кейiпте бейнеленген әрi ол Жәмилә секiлдi бақытын басқа жақтан, өзге жақтан iздемейдi. Атаның ұлы болып өскен өзiнiң тоңмойын ерiн қайта тәрбиелеп бақытқа жетудi ойлайды. Салтанаттың аттап түскен босағасына адалдығы, оның характерiн одан әрi шыңдайды. Сонымен қатар Д.Исабековтiң “Гауһар тас” повесiндегi бiр қарағанда дөкiр, дүт көрiнетiн Ыбышында бұғып жатқан мейiрiм бар.
Салтанат көз жұмды. Оның қазасы тоңмойын Ыбыштан бастап ескiлiктiң өкiлi секiлдi атасына дейiн оятып кеттi. Ойландырып, опындырып кеттi. Асылдың қолда барда қадiрi жоғын олар кеш түсiндi. Әйтсе де көңiлдерiне сәуле жүгiрдi (енесi мен Қайыркен оны әуел бастан түсiнген). Демек, Салтанат әнi жеңдi. Ескiнi жаңа жеңдi. Эгоистiк өзiмшiл мiнездi адамгершiлiк бой ұсындырды.
Қаншама тоңмойын, тоғышар болғанымен адам баласына ықпал етуге болады. Автор философиясы осы. Трагедиялық финалды повестiң өмiршең, өршiл пафосы да осында. Ал Айтматов повесiнiң концепциясы – адамның бақытына жолығуы жайында.
Қысқасы, Дулат – Айтматов повесiне жақын келiп, батыл үйрене отырып та, творчестволық дербестiгiн сақтаған жаңа шығарма жазып шыққан. “Гауһар тас”—“Жәмиләнiң” көшiрмесi емес, өзiндiк философиясы бар, дербес шығарма.
Әлгiндей кейбiр ұқсастық сырына келсек, ол—қырғыз, қазақ тағдырластығынан, екi халықтың жүрiп өткен өмiр жолының, таным процесiнiң ұқсастығынан туындап жатыр. Ағайындас халықтың адамдарының характерiнiң ұқсастығынан келiп шыққан жәй. Бiрақ, жазушы үшiн өмiрлiк материалдың ұқсастығы басты мәселе емес, негiзгi мәселе—авторлық концепциядан туындайтын шешiмде. Егер, өмiрлiк материал мен кейбiр мотивтiң сәйкесуiн көшiрмеге балай беретiн болсақ, әр қаламгердiң творчестволық дербестiгi, даралығы жайлы объективтi ой түю қиын болмас па?!