LXXV бөлім
Жазушы Дулат Исабеков бүгiнде Алматы қаласындағы Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет iстейдi.
Белгiлi әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек: “Дулат Исабеков творчествосы жайында жазу оңай мiндет емес. Қиын. Қиын болатыны ол өз буынында өзiндiк iзденiстi бастан кешiп, өзгеге Ұқсамас творчестволық тағдырға талпынып жүрген жазушы. Әдебиетте тапқан жиһазын оңашалау ұстап келе жатқаны да мәлiм. Егiздiң сыңарындай ұқсас, айтары аз, көлемi көз қорқытар шығармалар топаны белең алған қазiргi шақта өзiндiк ерекшелiктiң болуы, әрине қуанышты жағдай. Ұқсас сарындар, қайталау – көркемөнер құнын түсiрер болса, творчестволық даралық өнер атаулының бағын жандырып, бағасын арттырады. Дулат Исабеков – iздене өсiп келедi,”[1]—деген болатын.
Одан әрi сыншы жазушы Дулат Исабековтiң творчествосы сын назарынан тыс қалып жүр деп айтуға болмайтынын тiлге тиек етедi. Ол кiсiнiң айтуынша, бұл қаламгердiң шығармалары туралы Шериаздан Елеукенов, Әбiш Кекiлбаев, Төлеген Тоқбергенов, Рымғали Нұрғалиев, Николай Ровенский… т.б. жазушы сыншы, әрiптестерi әр кезде әр түрлi пiкiр бiлдiрген. Ондай пiкiрлердiң барлығы дерлiк жазушының жекелеген шығармалары жарық көруiне байланысты кезiнде баспасөз беттерiнде жарық көрген мақалалар болып табылады. Ал, ендi қаламгердiң барлық шығармаларын жинақтап, жоғарыда аталған сыншылардың әрқилы ой-пiкiрлерiн сараптаудан өткiзген сыни еңбектердiң бiрi ретiнде сыншы Құлбек Ергөбектiң “Тағдырлар толғауы немесе жазушы Дулат Исабеков творчествосы жайлы кейбiр ойлар” деп аталатын көлемдi ғылыми-танымдық мақаласын айтуға болады.
Жазушы Дулат Исабековтiң шығармалары туралы қаламгердiң “Ай-Петри ақиқаты” деп аталатын әңгiмелер жинағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығына ұсынылған кезде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нiң доцентi, ф.ғ.к. Сұлушаш Бекмырзақызы, облыстық “Оңтүстiк Қазақстан” газетiнiң қызметкерi, ақын Абай Балажан және т.б. өз ой-толғамдарын ортаға салды.
Сонымен бiрге былтырғы жылы Дулат Исабековтiң 60 жасқа толуына орай көптеген мақалалар мен зерттеу еңбектер жарық көрдi.
“Адамды таңдандыру қиынға айналған дәл қазiргi заманда оқырманы бар жазушы болу кез келгеннiң қолынан келе бермесе керек. Осы тұрғыдан қарағанда Дулат Исабеков бақытты жазушы, қалың оқырманның көңiлiнен шығып, сүйiктiсi бола бiлген қалемгер. Қазiр он шақты кiтаптың авторы болып үлгерген Дулат Исабеков ең алғаш әдебиетте әңгiмелерiмен келген едi, әлi де сол шағын да қиын жанрдан қол үзбей, өзiнiң өсу деңгейiн көрсетiп отыр.