LXVII бөлім
Ә.Әлiмжанов романының қаһармандары өз бағытын айқын бiлетiн, аңсары, үмiтi, келбетi, сөз саптауы, мiнезi түрлi-түрлi жандар. Мәселен, күрескер ақын Махамбет, көтерiлiс көсемi Исатай, күйшi Құрманғазы, ақын Шернияз, қарт жауынгер Алдияр, Хиуа ханы Аллақұл, ауған қызы Нұрбал, Махамбеттiң жан жолдасы Жантас, Жәңгiр хан билерiнiң бiрi—Шомбал т.б. бiр-бiрiне ұқсамайтын дара тұлғалы жандар. Бұлардың және басқа кейiпкерлердiң өздерiне тән қайталанбас кескiнiн, тұрқын аңғартарлық суреттемелер романда аз емес. Автор қаһармандарына портрет те, тiлдiк ерекшелiк те, тартымды диалог та, мәндi монолог та таба бiледi. Романның бiрiншi бөлiмiнде Хиуа базарының, шаһар көшесiндегi көрiнiстердiң суретi берiлген тұсты еске түсiрелiкшi.
“Су тасушылардың шаң-шұңы, ерсiлi-қарсылы өтiп жатқан арба доңғалақтарының шиқылы, қайыршылардың жалынышты үнi мен Хиуаның тар көшелерiнде топ-тобымен шапқылап, оңай олжа, жалғыз-жарым жемтiк iздеп тiмiскiлеп жүрген қала күзетiндегi жасауылдардың дөрекi айқайы бақырған түйе даусына ұласып, көше бойын адам айтқысыз даңғаза шуға көмiп жiберiптi. Қарсы келген бұқаралықтан керуенi көтерген қою шаңнан түк көрiнбей кеттi”[1].
Бұлар өмiрдiң толғаусыз тiзбегi емес, екшелген, заманға, жағдайға лайық көрiнiстер. Хиуаның өз тұрғыны емес, қырдан келген Махамбет көзiмен шолынған бұл суреттер шығарма идеясын тануға, қаһарманның көңiл күйiн, авторлық аңсарды бiлдiруге аса қажет жайлар. Осынша құбылысты жай көрумен шегерiлмей, солардың өзара байланысын, мәнiн ажырату қаһарманның биiк парасатын, тәжiрибесiн, кемелдiгiн байқатады.
Хиуа шаһарының әлгiндей басталған суретiн жалғастырайық. “Мүсәпiр мүгедектер мен дәруiштер, асқа қосатын қалампыр, бұрыш тәрiздi шөп-шалам сатушылар, қасапшылар мен наубайшылар, көше бойында палауын пiсiрiп, сорпасын қайнатып жатқан аспаздар, өзбек, қазақ, қарақалпақ, түрiкмен ауылдарынан шыққан үнсiз кезбелер, алдындағы қалың тобырды қызметшi-жасауылдарының күшiмен қақ жарып өтетiн байлар, жиһанкез—жауынгерлер, әйтпесе лайықты басшы iздеп жүрген кәдуiлгi жол торыған қарақшылар, қуыс-қуысты қоймай, жылмаң қаққан жеңгетай-делдалдар, алыпсатарлар, тәуiптер, ақысын берсең неден де болса тайынбайтын адамдар—киелi құдығы, қырық медресесi, қырық мешiтi, сансыз мұнарасы, сансыз мазары бар қасиеттi Жейқұн қаласы атанған Хиуаның бас көшесiнде кiм кезiкпейдi дейсiз”[2]. Бұл ұзақ үзiндiнi келтiру себебiмiз—жазушының суреттеу құралдарының кенде еместiгiн аңғарту ғана. Бiр замандағы Хиуаның сырт ажарын таныстыру үшiн бұл мiнездемелер қажет. Бұлар жазушының тарихи дәуiр колоритiн нақты елестету үшiн көп iзденiстер жасағанын танытады.
[1] Әлiмжанов Ә. Махамбеттiң жебесi. Алматы, 1970, 14-б.
[2] Әлiмжанов Ә. Махамбеттiң жебесi. Алматы, 1970, 15-б.