XLVІІ бөлім
Соңғы өлеңiнiң бойындағы қасиет адам ретiнде, онда да ақын ретiнде Олжастың толық тұлғасын айқын көрсете алған. Ақын туған халқын шексiз сүйедi. Оның ыстығына күйiп, суығына тоңуға бар. Оның ерлiгiн де, елдiгiн де, тiптi ездiгiн де бiледi. Өйткенi нағыз ақын әдiлет пен шындық, жауыздық алдында бөлшектенiп көрген емес. Ол жазып отырған Махамбет те бөлiнiп жарылмайтын болаттай кесек тұлға болған. Елiнiң жанын, малын қорғай жүрiп өлерiн, тiптi халқынан бiрде-бiр арашашы шықпай, қор боларын бiлсе де Махамбет бәрiбiр бөлiнбейтiн бiр тұлға күйiнде қала бермек.
Жайық барда ортаймайды,
Көлге сен.
Ақын барда қартаймайды,
Енге сен.
Сен тiрiде—бiз де тiрi дегендi
Айтпады олар,
Айтқанда олар,
Өлмес ем!—
деп өлең соңын О.Сүлейменов осылай ақырластырған (аяқтаған). Ол Махамбеттiң монологын өлерiнде аузынан берiп, өзiн де Махамбетпен айырылмайтын бiр тұлғаға айналдырып жiберген. Ұқсамаған бұл екi өлеңнiң iздерiнiң сорабын бойына жинап, қордаланған О.Сүлейменовтiң дәстүрi деуге де болады.
Шегiн тақтым саған аққу,
Қарғаның.
Ал, домбыра, безiлдегiн,
Сарнағын!
Дауылпаздың екi бетi өртенсiн.
Естiгенде сексеуiлдiң арманын!
Аққу мойын домбыра!
Жұрттiкi жөн
Әлдеқайда зарлылау
Шек-шек келгiр, ешкi iшегi, ол бiрақ!
Мiне, Олжас “Домбыра” тиегiн осылай қондырады. Мұның өзi домбыра тиек тiреп көтерген екi iшек құр құйқылжып ойнамайды, ой айтады, сыр шертедi, демек Олжас домбырасының тиегi шанақ пен iшек арасындағы мөлшердi қашықтық қана емес, өлеңнiң идеялық-көркемдiк биiгiнiң де мөлшерi.
Өзiнiң алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде Олжастың: “Ақынына қарап елiн таны,”—деп жазғаны болатын. Ақын өзiнiң сол айтқанын, кейiн iс жүзiнде өзi дәлелдеп келедi. “О.Сүлейменовтiң “Мешiн жылы” кiтабынан мен кеше мен бүгiнгiнiң тамырластығын таныдым. Сөз тамыры… Мен сол тамырдың не екенiн, оның Олжас Сүлейменовтi қалай алып шыққанын және қазақ мәдениетiмен ұласып жатқан ұлы көпiрдi таныдым. Сол көпiр Отанға, ауыз әдебиетi дәстүрiнiң құдiретiне деген сүйiспеншiлiктен туғандығын ұғындым,”—деп Лили Дени де Олжас Сүлейменовтiң “Мешiн жылы” өлеңдер жинағының Олжас поэзиясында өзiндiк орны бар екендiгiн атап өткен.
Олжас Сүлейменовтiң поэзиясына “Мешiн жылы” атты өлеңдер жинағы өзiндiк үлес қосқан. “Мешiн жылы” өлеңдер жинағына 30 шақты өлеңдерi мен “Адамға табын, жер, ендi!” атты поэмасы енген. Бұл жинақ өзiнiң идеялық жағынан да, көркемдiк жағынан да Олжас поэзиясының сонылығын байқатады.
Ақын есiмiн әдеби жұртшылыққа кеңiнен мәлiм еткен 1961 жылы жазылған Ю.Гагариннiң тұңғыш ғарышқа ұшқан тарихи ерлiгiне арналған “Адамға табын, жер, ендi!” атты поэмасы едi.