Жаңалықтар

Ұлт тарихын жазған ұлы тұлға Ермұхан Бекмахановқа 100 жыл!

Қазақ халқының дарынды тұлғасы тарих ғылымының докторы, ұлағатты ұстаз Ермұхан Бекмаханов 2015 жылдың 15 ақпанында 100 жасқа толар еді.
06.02.2015 08:26 6992

Қазақ халқының дарынды тұлғасы, тарих ғылымының докторы, ұлағатты ұстаз Ермұхан Бекмаханов 2015 жылдың 15 ақпанында 100 жасқа толар еді.

Ұлт тарихын жазған ұлы тұлға Ермұхан Бекмахановқа 100 жыл!

Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 15 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №10 ауылда Жасыбай деген жерде дүниеге келді.

Ермұхан Бекмаханов Баянауылдағы 7 жылдық мектепті тәмәмдаған соң, 1932 жылы  Семейдегі жоғары оқу орнына даярлайтын бір жылдық курсты оқып шығады. 1933 жылы Қазақ Оқу – ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қабылданып 1937 жылы тарих факультетін бітіреді. Бекмахановтың педагогтық қызметі Алматыдағы №28 мектепте, 1937 жылы педагогикалық ғылыми зерттеу институтында басталды. 1939-1940 жылдары осы институттың директоры қызметін атқарды. Соғыс жылдары халық ағарту комиссариатының басқармасын басқарды, сонымен қатар Қазақстан КП Орталық комитетінің лекторы болып 1941-1946 жылдары  қызмет істеді. 1943 жылы 28 маусымда Мәскеуде  «қазақтардың Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт – азаттық күресі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ал 1946 жылы Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген атпен докторлық диссертация  қорғап оны 1947 жылы кітап етіп жарыққа шығарды.

Кенесары Қасымұлының көтерілісін (1837-1847) қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағандығы үшін саяси қуғын-сүргінге дұшар болды.

1952 жылы бас бостандығынан айырылып 25 жылға сотталып кетті, 1954 жылы ақталып шықты. Қазақ Ұлттық университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1957 жылы Мәскеуде «Ғылым» баспасы оның көлемді жаңа монографиясын «Присоединение Казахстана к России» жарыққа шығарып, кітап болып шықты. Осыдан кейін оның докторлық дәрежесі мен профессорлық атағы қайтарылды.         1962 жылы Бекмаханов Қазақ ССР Ғылым академиясына  корреспондент мүшесі болып сайланды.

«Қазақ ССР тарихының хрестоматиясын», «Очерки истории Казахстана ХІХ века» атты жоғарғы оқу орында оқытылатын оқулықтар шығарды.

Асыл азамат Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы 6 мамырда 51 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды.


 

Тарихшы Ермұхан Бекмаханов хақында...

Хамза Есенжанов, жазушы:

– Ғылым саласындағы мақсатты орындау ой тереңдігі мен іздену кеңдігіне байланысты ғой. Оның үстіне өз пәніне жан тәнімен берілсе, талапты жанның өресі биіктей  беретіні қақ. Ермұхан тап осындай ғалымның бейнесін көз алдыңа алып келеді.

Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов, сәулетші:

– Менің бір таңқалатыным: «Абылайханның ұрпағы бірінен бірі жалғасып жатады. Әр заманда, әр қиырда шырақтары сөнбей, жанып тұрады. Шоқан соның куәсі. Міне, бүгінде Ермұхан Бекмаханұлы да сол ұлы шаңырақтың тумасы екендігі белгілі болып отыр. Және қандай бір туар өкілі! Жан жағына әлі күнге шұғыласы түсіп тұрғаны қандай?!»

Серікбай Бейсенбаев, тарихшы:

– Талаптыға нұр жауар дегендей Ермұхан талапты, дарынды, өрісі кең, өрелі жан еді. Қазақ тарихшыларының ең алдыңғы сапындағы бірінші орындағы жүлдегері еді.  

Сәлкен Сұханбердин, медицина саласының майталманы:  

– Менің досым көпшіл еді, өзінен бұрын өзгенің қамын көп ойлайтын. Мұнтаздай таза киініп, жұтынып тұратын. Ермұханның сырт тұлғасы ішкі жан байлығына үйлесе кететін.

Мәлік Ғабдуллин, қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері:

– Ермұхан шынында да мықты тарихшы еді. Өзі қазақ тарихының маманы болғандықтан ғой деймін, қазақ халқының тарихына қатысы бар фактілер мен материалдарды өте көп білетін және оларға әдемі талдау жасайтын. Осыған байланысты кейбір айтқандарын дәлелдеу үшін қазақ әдебиетінен де мысалдар келтіретін. Сөйтіп әдебиетті де жақсы білгендігін аңғартатын.

Ермұхан жолдастарына көңіл бөлу, көмек беру дегенді ең бірінші парызым деп білетін. Тарихшыларды былай қойғанда одан әр мәселеде талай әдебиетшілер мен ақын-жазушылардың ақыл-кеңес алып жүргенін сан рет көргенім бар.

Бауыржан Момышұлы, Халық қаһарманы, батыр:

– Москваның атақты үлкен тарихшылары оны шын пейілімен құрметтеп, сыйлайтын. Онымен ашық пікірлесіп, сырласатын, санасатын. Бұл – үлкен жеңіс! Мен оның сыртынанда жылы лебіз білдірген туысқан республикалар тарихшыларын талай кездестірдім.

 «Елу жас деген не, Бауке?.. Көп ой-арманымды үлгере алмай кетіп барамын. Кешіріңіз!.. – деді тарихшы.

Ермұханнан естіген ең соңғы сөзім осы. Ол тарихтан берерін үлгермегеніне кешірім сұрап дүниеден аттанды...

Дихан Әбілев, ақын, жазушы:                                        

– Ермұхан жас шағынан музыканы сүйетін. Өзі рояль, пианинода ойнайтын. Қоңыр дауысымен әнде салатын.

Тотай Тұрлығұлов, тарихшы:

– Менің Ермұхан Бекмаханұлын жақыннан тануым, яғни ол кісімен тікелей араласуым жеті-ақ жылға созылыпты. Сол жылдары өзімнің және мен сияқты ғылым жолына енді ғана түскен жастардың Ерекеңнен байқаған қасиеттері мен ерекшеліктері дегенде алдымен ол кісінің жастарға жасаған ағалық қамқорлығын айтқан жөн.     


Әзірлеген: Досжан Мейірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға