Жаңалықтар

Әскердегі әйелдер: 5 баланың анасы өз тәжірибесімен бөлісті

Әскердегі әйелдер: 5 баланың анасы өз тәжірибесімен бөлісті
Фото: Жеке мұрағаттан 11.10.2024 14:13 458

Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге ниетті арулардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінің кітапхана бастығы, кіші сержант Меруерт Чораева былтыр әкімшіліктегі қызметін тастап, құқықтық тәртіп әскері қатарына қосылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол азғантай уақыт ішінде әскери салаға бой үйретіп, белсене қызмет етуге кіріскен. Маман тыңғылықты жұмысымен ғана емес, екі рет егіз балаларды өмірге әкелген ана ретінде де белгілі.

El.kz: Меруерт Асханбекқызы, оқырман қауымға өзіңізді таныстыра кетіңізші.

Меруерт Чораева: Мен еліміздің тәуелсіздігі жарияланатын жылы өмір есігін ашыппын. Кіндік қаным Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында тамған. Өскен ортам осы – Бетқайнар ауылы мен Қордай ауылы. Әке-шешем қарапайым отбасылардың бірі болды. Әкем ауыл шаруашылығымен айналысса, анам ауылдың әкімшілігінде қызмет атқарып, зейнетке шықты. Үш ағайындымыз. Үлкен әпкем және ағам бар. Үйдің кенжесі болғандықтан әкемнің ерке қызы болып өстім. Мектептен кейін ауданымыздағы Гуманитарлық-экономикалық колледжге бастауыш сынып педагогикасы мен психологиясы мамандығы бойынша оқуға түстім. Әскерге дейін аудандық әкімшілікте қызмет еттім. Ал қазір Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүрмін. Қысқаша айтқанда, бары – осы.

El.kz: Жастық шақта нені арман еттіңіз? Мақсатыңыз қандай еді?

Меруерт Чораева: Дәрігер болуды армандаушы едім. Бірақ анамның қалауын орындау үшін мұғалім мамандығын таңдадым. Өмірлік мақсатым - жақсы белестерге көтерілу. Жетістіктерге ұмтылу. Бір орында тұрып қалудан қорқамын. Сондықтан үнемі ілгерілеуді, алға жылжуды қалаймын.

El.kz: Әскери ортаға қалай және қашан келдіңіз?

Меруерт Чораева: Әскери адам боламын деп ешқашан ойламаппын. Бала күнімде әскери киім киген адамдарға өте қатты қызыққаным рас. Сонда да болашақта олардың ортасынан табылармын деген ой болмапты. Алланың қалауы шығар, жақсы адамдардың ақыл-кеңесімен 2023 жылдың шілде айынан бастап  Ұлттық ұлан қатарына қосылып, еліме адал қызмет етуге ант бердім

El.kz: Өмірлік ұстазым деп кімдерді атай аласыз? Әскери қызметте жөн-жобаны көрсетіп, бағыт-бағдар берген офицерлер болды ма?

Меруерт Чораева: Ең мәртебелі ұстаздарым – ата-анам. Күні бүгінге дейін әкемнің еркелеткенін және әр айтқан сөздерін ұмытқан емеспін. Өмірдің әр сынағына кезіккен сайын көкейде қалған әке сөзіне сүйеніп, әрекет етемін. Ал менің нәзік болмысым, тәрбием анамның үлгі-өнегесі дер едім. Сол секілді адам өміріндегі әр кезеңде әр түрлі адамдарды, әр түрлі ұстаздарды кездестіре алады. Мәселен, әскери ортаға келгенде менің бойымды тіктеп, кәсіби қабілетімді көрсетуіме демеу білдірген офицерлер де жоқ емес. Оларды да өмірдің бір кезеңінде ұстаздық еткен адам ретінде таныстыра аламын. Мысалы, біздің әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан          Қансейітов темірдей тәртіп орныққан ортада қалай қызмет атқару керектігін әлі күнге дейін үйретіп келеді. Оның мол тәжірибесі мен қол астындағы әр қаруласына деген жанашырлығы әр әскери қызметшінің кәсіби біліктілігін көрсетуге дем береді.

El.kz: Қазіргі қызметтегі креативті жұмыстарыңыз бен тың идеяларыңыз төңірегінде айта отырсаңыз.

Меруерт Чораева: Өз ісімді сүйіп істеймін. Ұлттық ұланның әскери бөліміне кітапханашы болып тағайындалғаннан кейін кәсіби орнымды тапқандай болдым. Күнделікті жұмыс барысында сарбаздармен еркін сұхбат жүргіземін, өнерлерін шыңдап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуға атсалысамын. Олардың қызығушылықтарын өшіріп алмай, керісінше дұрыс бағыт-бағдар көрсетуді өзімнің парызым сияқты сезінемін. Сарбаздармен өте көп және қызықты іс-шаралар өткізіп отыруға тырысамыз. Біздің сарбаздар облыстық және қалалық кітапханаларда өтетін викториналарға, мерекелік іс-шараларға жиі қатысады. Демалыс және мереке күндері бізде үнемі өнерлі сарбаздар жарысы болады, концерт және көңілді тапқырлар сайыстарын ұйымдастырамыз.

El.kz: Қолыңыз қалт еткенде немен шұғылданасыз? Хоббиіңіз қандай?

Меруерт Чораева: Менің бес балам бар. Сондықтан мен үшін әрбір минутым маңызды. Ал бос уақытымда бүлдіршіндерімнің тәрбиелеріне уақыт бөлуге мән беремін. Екінші орында спорт тұр. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберімін. Бұл спорт түрінен жетістіктерім де аз емес. Бұған қоса кететін тағы бір қызығушылығым бар. Ол – музыка. Ән айтқанды ұнатамын.

El.kz: Біз сізді көп балалалы, батыр ана ретінде таныдық. Бала тәрбиесінде не нәрсеге баса назар аударасыз?

Әскердегі әйелдер: 5 баланың анасы өз тәжірибесімен бөлісті

Меруерт Чораева: Балаларым - Алланың маған берген өте үлкен сыйы.  Үш ұлым және екі қызым бар. Тұңғыш ұлым 8 сыныпта білім алып жүр. Анасының жолын қуып спорт әлемінде де бақ сынап келеді. Бокстан түрлі жарыстардың жүлдегері, музыка саласында да шағын жетістіктері бар. Ұлымнан кейін егіз қызым дүниеге келді. Қос аруым, нәзік гүлдерім 4- сыныпта оқиды. Қол тигенде олармен кітап оқимыз, отбасы болып музыкамен шұғылданамыз. Одан кейінгі балаларым да егіздер. Кенжемнің екеуі де ұл. Менің кішкентай қорғаушыларым биыл 1 сыныпқа қадам басты. Оларды да спортқа жақын ұстаймын. Екеуі де каратэмен шұғылданады. Көрсеткіштері жақсы, қатарластары арасында жүлделі орын алып жүр. Ана бақыты өте ерекше сезім ғой. Балаларыма қарағанда өзімді ерекше бақытты сезінемін. Жалғыз басты ана болсам да бала тәрбиесіне қатты мән беремін. Шүкір, балаларым тәрбиелі болып өсіп келеді. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет таныту, бауырмалдық секілді қасиеттерді олардың бойынан байқаймын. Өзімді соншалықты қатал аналар қатарына жатқызбаймын. Десе де әр баламның мінезі әр түрлі. Тіпті кейде өзімді бес мемлекетпен жұмыс атқарып жүрген дипломат сияқты сезінетін сәттерім де болады. Ең бастысы балаларымнан аналық махаббатымды аямаймын. Көңілдерін табуға тырысып, тәрбие беру барысында дос секілді араласамын. Бірге ойын ойнаған кезде олардың қызық көретін кейіпкеріне де айнала салу маған қиын емес. Олар аналарының әскери қызмет атқаратынын біледі. Күтпеген тапсырмалар мен шұғыл жауынгерлік дайындық уақыттарында балаларым маған үлкен түсінікпен  қарай алады. Оларды сол үшін де құрметтеймін, мақтан етемін.

El.kz: Бүгінде баласын әскерге жібергісі келмейтін ата-ана көп. Олар жайлы ойыңыз қандай?

Меруерт Чораева: Мен де ұл өсіріп отырған анамын. Менің ойымша, әр ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Үш ұлымның үшеуін де елге деген сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен өсіруге тырысып жүрмін. Осы арқылы оларды әскери қызмет атқаруға дайындап жатырмын деп есептеймін. Оның үстіне менің де әскери қызметші екенімді ескеріңіз.

Қазіргі уақытта көп баланың мінезі ыңжық, ал олар әскерге барғанда қиналып қалуы мүмкін. Айтайын дегенім, баланың болашағын кішкентайынан қолға алғанымыз жөн. Бала көргенді және естігенді қайталайды. Біз қандай ой айтсақ, жасөспірімдер соны қабылдауға бейім келеді.

El.kz: Сауалымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет! Алдағы қызметіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға