Жаңалықтар

Мәңгілік кепілі

Мәңгілік кепілі Тарихта адамзаттың бақытына туып, мәңгі өлмес мұра қалдыратын қайраткерлер болатыны мәлім. Олар жарық жұлдыздай әр заманға, әр ұрпаққа сапар жолын дұрыс меңземек. Әрбір халықтың рухани өміріне мол жарасып, өз қазынасымен байытып отырмақ. Ұлттық ортадан шығып, Белинскийдің сөзімен айтқанда, "күллі әлемнің азаматы" бола білген данышпан қайраткерлер бар халықтың санасына сіңіп келетіні де осыдан. Бұндай ұлы азаматтар адам баласының өмірімен бірге мәңгі жасайды. Қаншама ғасыр өтсе де, ұмыт болмай, жаңа даңққа, қадір-құрметке бөлене береді. Бірақ Владимир Ильич Ленинше адамдардың, қоғамдардың, халықтар мен мемлекеттердің тағдырына тікелей қатынасып, соншалық мол ықпал жасаған қайраткер бүкіл әлем тарихында болып көрген емес. Ленин жүздеген миллион адамның тағдырына тың бағыт сілтеді. Әрқайсымыздың өмірімізге нақты, зор қамқорлық жасады. Ленин бейнесі әрқашан көз алдымызға адам парасатының асқан биігі, мейірімділіктің мұхиты болып елестейді. Халықтың сәулелі арманының куәсі ретінде, ғасырлар бойы ертегі жырларда өмір сүрген самұрық құс есімізге түседі. Алып самұрық — адамзаттың досы еді. Ол шексіз дала, қиырсыз теңіз үстімен талмай ұшып, бейбітшілік адамын арман еткен жағалауына алып барған еді. Советтік шығыс халықтарының бір өзінің ғана өткені мен бүгінгісін мысалға алып қарайтын болсақ, сол халықтардың, олардың ұрпақтарының тағдырын, өмірін, бүкіл тарихи болмысын, тұрмысын жаңартуға Лениннің алып парасат-жігері қаншалықты қызмет атқарғанын тарих айқын көрсетті. Бүгінгі шындық та соны күн сайын дәлелдейді. Лениннің жаңа ілім жасаушы ұстаздық, көсемдік, мемлекетке басшылық рөлі советтік шығыс халықтары өмірінің барлық саласынан, жаңа сипатты жай-күйінен, мол мағынасынан, тың арнасынан айрықша көрініп отыр. Россия халықтарының қайта туған бақытты дәуірінің азғана жылдарының өзінде Ленин ілімінен тыныс алып, нәрленіп өскен ғажап жаңалықтардың ұшы-қиыры жоқ. Тарих көлемінде, тарих қарқыны тұрғысында ойланатын болсақ, біздің көптеген халықтар, данышпан көсеміміз айтқандай, капитализмге, оның шатқалына соқпай, бүгінгі күніне төте тартқанын аңғарамыз. Бұл оқиғаның ұлылығын халықтар мәдениетінің түрлі-түрлі салаларында да байқауға болады. Бұнда бір жай әсіресе есте болуы шарт. Совет Одағының көп-көп халықтары социализмге көшерде капитализмнің дамыған сатысының өзіне соқпай өткеніне шүбә жоқ. Тіпті бұрынғы Россияның белгілі дәрежеде мәдениетті, отар халықтары туралы да осыны айту керек. Бұл халықтар алдыңғы қатарлы орыс халқының, орыс қоғамының бастан кешірген капиталистік даму сатысын да көрген жоқ-ты. Қазіргі біздің қоғамның Октябрь тұсындағы 18-20 жасар мүшесі сонау керенау заманнан жүрдек жиырмасыншы ғасырдың орталық шеніне шейін, азиялық орта ғасырлықтан социализм құрылысына шейін көзбен көріп, өз замандастарының, өз халқының тарихи жорығына бастан-аяқ қатынасып отыр. Тең мәртебелі, бауырлас халықтар құрамында коммунизм орнату үшін атсалысып отыр. Социализм тұсында тың сапамен өркендеудің лениндік қағидасы мәдениеттің барлық саласында мүлтіксіз жүзеге асуда. Ленин ілімі сарқылмас бай, асқан ғибадатты ілім екенін өмір көрсетуде. Көп ғасырлар бойына орын тепкен керенаулықтан, бөлініп қалған кенжеліктен, мардымсыздықтан батыл, шұғыл қол үзіп, дін шырмауынан, әдеттің, шариғаттың, ескі тұрмыстың кертартпа наздарынан, қауымды билеп-төстеуші дүмшелердің түрлі сұмдықтарынан құтылып шығуға Коммунистік партияның лениндік ұлт саясаты ғана мол мүмкіншілік туғызды. Бұл халықтар Октябрьге әр түрлі дәрежеде келіп жетті. Өткенде бай мәдениеті бар халықтар болды. Ежелгі даңқты мәдениетін сол күйінде мұраланатын халықтар да бар-ды. Ондай халықтар кейін неше ғасыр бойына бір орында шыр көбелек айналып, құлазыған керенаулықтан, жансыз схоластикадан шыға алмай қойған. Өткен ғасырлары аңырап, ешқандай із қалдырмаған, ғылым мен мәдениеттің әліппесін де қимаған халықтар да болды. Ал социализм құрылысы жылдарында ондай халықтардың ғылымы, искусствосы, әдебиеті заңды шәкірттік сатыдан өтіп қана қоймай, бүкілодақтық, тіпті бүкіл дүниежүзілік қазыналарға іркілмей қосылатын шығармалар, биік ескерткіштер жасады. Оқу-ағарту саласында, халықтар шабандап өсу дәуірінің бүтін ғасырлары бойында арман ете алмайтын жұмыстар істелді. Октябрьге дейін сауатты жандары екі-үш-ақ процент шамасында болған халықтар үшін сауатсыздықты жоюдың мәні қаншама еді десеңізші! Діни медреселерден басқа жөні түзу мектебі болмаған шығыс елдерінде қазір оқу жасындағы балаларды түгел қамтитын орта мектептің барлық түрлері бар. Бұған ондаған жоғары дәрежелі оқу орындарын, республикалық астаналардағы мемлекеттік университеттерді қоссақ, өзгерістердің салмағы мен көлемі айқындала түседі. Бұл республикаларда Ғылым академиялары да бүгін құрылып отырған жоқ. Ондаған ғылыми-зерттеу институты бар академияларда туысқан халықтардың ғалымдары өнер-білімнің алуан тарауларына құнарлы жаңалықтар ашып келеді. Сол ғалымдардың творчестволық ой-қиялын, ынта-жігерін, шабытын Ленин ілімі қанаттандырып, Ленин ілімі жемісті етіп отыр. Нұр астында еңбек өнімді болмақ. Біздің шығыс халықтары искусствосының халықтық формалары әлі этнографиялық ерекшеліктен қара үзіп кете алмаған, кенжелік, баяулық дәуірде еді. Рас, үлкен мәдениет жасарлық бай нышаны да бартұғын. Бірақ сол нышандар заман күңгірттігінен бой жаза алмаған-ды. Енді искусство теориясын терең ұғынудың, озық орыс мәдениетінен үйренудің нәтижесінде біздің халықтық искусство жан-жақты дамыған шын мәдениетті искусствоның санатына қосылды. Мәдениетті музыкамыз, театрымыз, сурет өнеріміз, архитектурамыз, скульптурамыз қаулап өсуде. Қазіргі кезде қазақтың, өзбектің, тәжіктің, түрікменнің, қырғыздың ұлттық опералары, хореографиясы бар. Ұлттық оркестрі, ансамбльдері, филармониялары бар бұл елдердің синтетикалық музыкасы Европаның музыкалық мәдениетінің барлық формаларын меңгерді. Өзінің халықтық рухын, ұлттық дербестігін тереңдете, байыта түсті. Біздің республикаларда драмалық театрлар туғанына да көп жыл болды. Бұның мәні өте зор еді. Есімі жұртшылыққа түгел мәлім артистер, режиссерлер ұлттық театрдың төл спектакльдерімен қатар, орыстың, дүние жүзінің классикалық драматургиясы үлгілерін игеру үстінде өсіп-жетілді. Озат орыс искусствосының нәрлі әсерімен гүл-гүл жайнап өсіп отырған көп ұлтты искусствоны маркстік-лениндік өміршіл эстетика негізінде туған социалистік искусство, революциялық искусство деп мақтаныш ете аламыз. Өркені өскен көркем әдебиетіміздің советтік ұрпақ үшін маңызы ерекше екенін айтпасқа болмайды. Октябрьге дейін шығыс халықтары әдебиетінде фольклор басым еді. Бұл халықтардың қайсыбірі жазулық жағынан әлі сәбилік дәуірде болатын. Ал ежелден жазба өнері бар, тіптен бір кезде классикалық үлкен мұрасы болған кейбір халықтар феодалдық тоқырау ғасырларында алға қарай жылжи алмаған-ды. Соның салдарынан ондай әдебиеттер революция жылдарына поэзиямен сыңар келеді. Октябрьден кейін ғана әдебиет әр жанрда жан-жақты жылдам өсе бастады. Бертін келе көркемдігі жоғары шығармалар пайда болды. Прозаның, драматургияның, әдебиет тарихы мен теориясының, журналистиканың тың түрлері шықты. Біздің туысқан әдебиеттер социалистік реализм әдісін көркем творчествоның маркстік-лениндік принциптерін меңгеру негізінде қалыптасып өсіп келеді. Ұлттық совет жазушысы теориялық, идеялық, рухани жағынан маркстік-лениндік іліммен қаруланбаса, әр түрлі декаденттік ағымдарға, жалған жаңашыл "измдерге" ұрынбай өте алмас еді. Ал бұның өзі жас әдебиеттің өрісін тарылтып, өкпесін қысуға әкеліп соғар еді. Идеялық-саяси айқындықтың, революциялық творчествоның мол келешегін қырағы болжап, дұрыс түсіне білудің арқасында ғана әдебиетші-художниктеріміз соцалистік реализм әдісі мен дәстүрлерін өз топырағында шебер қолданып, аса құнды шығармалар жасап отыр. Совет мемлекетін, Коммунистік партияны құрушы данышпан Ленин барлық халықтардың көп-көп ұрпақтарының бақытында, зор жеңісінде, игі еңбегінде өмір сүріп келді және өмір сүре береді де. Коммунизмнің толық салтанаты аңсаған жеңісті сапарда бүкіл алдыңғы қатарлы адам баласы Ленинді ұдайы көңілінде, жүрегінде сақтайды. Социалистік ұлттардың күн сайынғы зор табыстарында Ленин ойының, Ленин идеясының салтанаты жатыр. Бұл — Ленин мәңгілігінің кепілі. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 10:27 3752

Мәңгілік кепілі

Тарихта адамзаттың бақытына туып, мәңгі өлмес мұра қалдыратын қайраткерлер болатыны мәлім. Олар жарық жұлдыздай әр заманға, әр ұрпаққа сапар жолын дұрыс меңземек. Әрбір халықтың рухани өміріне мол жарасып, өз қазынасымен байытып отырмақ. Ұлттық ортадан шығып, Белинскийдің сөзімен айтқанда, "күллі әлемнің азаматы" бола білген данышпан қайраткерлер бар халықтың санасына сіңіп келетіні де осыдан.

Бұндай ұлы азаматтар адам баласының өмірімен бірге мәңгі жасайды. Қаншама ғасыр өтсе де, ұмыт болмай, жаңа даңққа, қадір-құрметке бөлене береді.

Бірақ Владимир Ильич Ленинше адамдардың, қоғамдардың, халықтар мен мемлекеттердің тағдырына тікелей қатынасып, соншалық мол ықпал жасаған қайраткер бүкіл әлем тарихында болып көрген емес. Ленин жүздеген миллион адамның тағдырына тың бағыт сілтеді. Әрқайсымыздың өмірімізге нақты, зор қамқорлық жасады. Ленин бейнесі әрқашан көз алдымызға адам парасатының асқан биігі, мейірімділіктің мұхиты болып елестейді. Халықтың сәулелі арманының куәсі ретінде, ғасырлар бойы ертегі жырларда өмір сүрген самұрық құс есімізге түседі. Алып самұрық — адамзаттың досы еді. Ол шексіз дала, қиырсыз теңіз үстімен талмай ұшып, бейбітшілік адамын арман еткен жағалауына алып барған еді.

Советтік шығыс халықтарының бір өзінің ғана өткені мен бүгінгісін мысалға алып қарайтын болсақ, сол халықтардың, олардың ұрпақтарының тағдырын, өмірін, бүкіл тарихи болмысын, тұрмысын жаңартуға Лениннің алып парасат-жігері қаншалықты қызмет атқарғанын тарих айқын көрсетті. Бүгінгі шындық та соны күн сайын дәлелдейді.

Лениннің жаңа ілім жасаушы ұстаздық, көсемдік, мемлекетке басшылық рөлі советтік шығыс халықтары өмірінің барлық саласынан, жаңа сипатты жай-күйінен, мол мағынасынан, тың арнасынан айрықша көрініп отыр. Россия халықтарының қайта туған бақытты дәуірінің азғана жылдарының өзінде Ленин ілімінен тыныс алып, нәрленіп өскен ғажап жаңалықтардың ұшы-қиыры жоқ.

Тарих көлемінде, тарих қарқыны тұрғысында ойланатын болсақ, біздің көптеген халықтар, данышпан көсеміміз айтқандай, капитализмге, оның шатқалына соқпай, бүгінгі күніне төте тартқанын аңғарамыз.

Бұл оқиғаның ұлылығын халықтар мәдениетінің түрлі-түрлі салаларында да байқауға болады. Бұнда бір жай әсіресе есте болуы шарт. Совет Одағының көп-көп халықтары социализмге көшерде капитализмнің дамыған сатысының өзіне соқпай өткеніне шүбә жоқ. Тіпті бұрынғы Россияның белгілі дәрежеде мәдениетті, отар халықтары туралы да осыны айту керек. Бұл халықтар алдыңғы қатарлы орыс халқының, орыс қоғамының бастан кешірген капиталистік даму сатысын да көрген жоқ-ты. Қазіргі біздің қоғамның Октябрь тұсындағы 18-20 жасар мүшесі сонау керенау заманнан жүрдек жиырмасыншы ғасырдың орталық шеніне шейін, азиялық орта ғасырлықтан социализм құрылысына шейін көзбен көріп, өз замандастарының, өз халқының тарихи жорығына бастан-аяқ қатынасып отыр. Тең мәртебелі, бауырлас халықтар құрамында коммунизм орнату үшін атсалысып отыр. Социализм тұсында тың сапамен өркендеудің лениндік қағидасы мәдениеттің барлық саласында мүлтіксіз жүзеге асуда. Ленин ілімі сарқылмас бай, асқан ғибадатты ілім екенін өмір көрсетуде.

Көп ғасырлар бойына орын тепкен керенаулықтан, бөлініп қалған кенжеліктен, мардымсыздықтан батыл, шұғыл қол үзіп, дін шырмауынан, әдеттің, шариғаттың, ескі тұрмыстың кертартпа наздарынан, қауымды билеп-төстеуші дүмшелердің түрлі сұмдықтарынан құтылып шығуға Коммунистік партияның лениндік ұлт саясаты ғана мол мүмкіншілік туғызды.

Бұл халықтар Октябрьге әр түрлі дәрежеде келіп жетті. Өткенде бай мәдениеті бар халықтар болды. Ежелгі даңқты мәдениетін сол күйінде мұраланатын халықтар да бар-ды. Ондай халықтар кейін неше ғасыр бойына бір орында шыр көбелек айналып, құлазыған керенаулықтан, жансыз схоластикадан шыға алмай қойған.

Өткен ғасырлары аңырап, ешқандай із қалдырмаған, ғылым мен мәдениеттің әліппесін де қимаған халықтар да болды.

Ал социализм құрылысы жылдарында ондай халықтардың ғылымы, искусствосы, әдебиеті заңды шәкірттік сатыдан өтіп қана қоймай, бүкілодақтық, тіпті бүкіл дүниежүзілік қазыналарға іркілмей қосылатын шығармалар, биік ескерткіштер жасады.

Оқу-ағарту саласында, халықтар шабандап өсу дәуірінің бүтін ғасырлары бойында арман ете алмайтын жұмыстар істелді. Октябрьге дейін сауатты жандары екі-үш-ақ процент шамасында болған халықтар үшін сауатсыздықты жоюдың мәні қаншама еді десеңізші! Діни медреселерден басқа жөні түзу мектебі болмаған шығыс елдерінде қазір оқу жасындағы балаларды түгел қамтитын орта мектептің барлық түрлері бар. Бұған ондаған жоғары дәрежелі оқу орындарын, республикалық астаналардағы мемлекеттік университеттерді қоссақ, өзгерістердің салмағы мен көлемі айқындала түседі. Бұл республикаларда Ғылым академиялары да бүгін құрылып отырған жоқ. Ондаған ғылыми-зерттеу институты бар академияларда туысқан халықтардың ғалымдары өнер-білімнің алуан тарауларына құнарлы жаңалықтар ашып келеді.

Сол ғалымдардың творчестволық ой-қиялын, ынта-жігерін, шабытын Ленин ілімі қанаттандырып, Ленин ілімі жемісті етіп отыр. Нұр астында еңбек өнімді болмақ.

Біздің шығыс халықтары искусствосының халықтық формалары әлі этнографиялық ерекшеліктен қара үзіп кете алмаған, кенжелік, баяулық дәуірде еді. Рас, үлкен мәдениет жасарлық бай нышаны да бартұғын. Бірақ сол нышандар заман күңгірттігінен бой жаза алмаған-ды. Енді искусство теориясын терең ұғынудың, озық орыс мәдениетінен үйренудің нәтижесінде біздің халықтық искусство жан-жақты дамыған шын мәдениетті искусствоның санатына қосылды. Мәдениетті музыкамыз, театрымыз, сурет өнеріміз, архитектурамыз, скульптурамыз қаулап өсуде.

Қазіргі кезде қазақтың, өзбектің, тәжіктің, түрікменнің, қырғыздың ұлттық опералары, хореографиясы бар. Ұлттық оркестрі, ансамбльдері, филармониялары бар бұл елдердің синтетикалық музыкасы Европаның музыкалық мәдениетінің барлық формаларын меңгерді. Өзінің халықтық рухын, ұлттық дербестігін тереңдете, байыта түсті.

Біздің республикаларда драмалық театрлар туғанына да көп жыл болды. Бұның мәні өте зор еді. Есімі жұртшылыққа түгел мәлім артистер, режиссерлер ұлттық театрдың төл спектакльдерімен қатар, орыстың, дүние жүзінің классикалық драматургиясы үлгілерін игеру үстінде өсіп-жетілді.

Озат орыс искусствосының нәрлі әсерімен гүл-гүл жайнап өсіп отырған көп ұлтты искусствоны маркстік-лениндік өміршіл эстетика негізінде туған социалистік искусство, революциялық искусство деп мақтаныш ете аламыз.

Өркені өскен көркем әдебиетіміздің советтік ұрпақ үшін маңызы ерекше екенін айтпасқа болмайды.

Октябрьге дейін шығыс халықтары әдебиетінде фольклор басым еді. Бұл халықтардың қайсыбірі жазулық жағынан әлі сәбилік дәуірде болатын. Ал ежелден жазба өнері бар, тіптен бір кезде классикалық үлкен мұрасы болған кейбір халықтар феодалдық тоқырау ғасырларында алға қарай жылжи алмаған-ды. Соның салдарынан ондай әдебиеттер революция жылдарына поэзиямен сыңар келеді. Октябрьден кейін ғана әдебиет әр жанрда жан-жақты жылдам өсе бастады. Бертін келе көркемдігі жоғары шығармалар пайда болды. Прозаның, драматургияның, әдебиет тарихы мен теориясының, журналистиканың тың түрлері шықты.

Біздің туысқан әдебиеттер социалистік реализм әдісін көркем творчествоның маркстік-лениндік принциптерін меңгеру негізінде қалыптасып өсіп келеді.

Ұлттық совет жазушысы теориялық, идеялық, рухани жағынан маркстік-лениндік іліммен қаруланбаса, әр түрлі декаденттік ағымдарға, жалған жаңашыл "измдерге" ұрынбай өте алмас еді. Ал бұның өзі жас әдебиеттің өрісін тарылтып, өкпесін қысуға әкеліп соғар еді.

Идеялық-саяси айқындықтың, революциялық творчествоның мол келешегін қырағы болжап, дұрыс түсіне білудің арқасында ғана әдебиетші-художниктеріміз соцалистік реализм әдісі мен дәстүрлерін өз топырағында шебер қолданып, аса құнды шығармалар жасап отыр.

Совет мемлекетін, Коммунистік партияны құрушы данышпан Ленин барлық халықтардың көп-көп ұрпақтарының бақытында, зор жеңісінде, игі еңбегінде өмір сүріп келді және өмір сүре береді де. Коммунизмнің толық салтанаты аңсаған жеңісті сапарда бүкіл алдыңғы қатарлы адам баласы Ленинді ұдайы көңілінде, жүрегінде сақтайды. Социалистік ұлттардың күн сайынғы зор табыстарында Ленин ойының, Ленин идеясының салтанаты жатыр. Бұл — Ленин мәңгілігінің кепілі.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға