ҚР халқының Тілдер күні өзге ұлтты студенттер бас қосады
19 қыркүйекте Назарбаев Орталығында Қазақстан халқының Тілдер күніне арналған «Тіл - тәуелсіздік тұғыры» атты дөңгелек үстел өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Назарбаев Орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Дөңгелек үстел жұмысына Назарбаев Орталығының қызметкерлері мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысады.
«Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған студенттер Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев,
Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев сынды ақындардың өлеңдерін оқиды.
«Шара шеңберінде қазақ тілі туралы фильм көрсетіліп, «Тіл - тәуелсіздігіміздің тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады»,- деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Іс-шара мемлекеттік және ана тілге деген қызығушылықты ынталандыру, толеранттылық пен патриоттық сезімді оятуды көздейді.
Еске салайық, ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні болып белгіленді. Бұл күн қазақстандықтардың ортақ мерекесі ретінде аталып өтіледі. Бүгінгі таңда елімізде 85 ұлт пен ұлыс өмір сүреді.